Еліміздің ормандылық көрсеткіші 2030 жылға қарай 5%-ға дейін ұлғаяды — М. Мырзағалиев

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында орман ресурстарын қорғау және қалпына келтіру мәселесі қаралды. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев баяндады.

ҚР ЭГТРМ басшысының айтуынша, Қазақстан орман алқабы аз мемлекеттердің қатарына жатады. Орман қорына жататын жерлердің жалпы көлемі 30 млн га құрайды және республикамыздың 11%-ын алып жатыр. Ең көп орманды алқаптар - Қызылорда, Жамбыл облыстарында. Ол жерлерде негізінен сексеуіл өседі. Сонымен қатар, балқарағай, майқарағай, самырсын және шырша сияқты аса құнды ағаш түрлерінің қорлары Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарында шоғырланған. 

«Еліміздің ормандылық көрсеткіші 4,8% құрайды. Мақсатымыз — 2018 жылы қабылданған Бонн үндеуі аясында республиканың ормандылығын 2030 жылға қарай 5%-ға дейін ұлғайту», — деді министр.

Еске салайық, Қазақстан Президенті биыл қыркүйек айындағы Жолдауында елді ауқымды көлемде көгалдандыру мақсатында орман қорында 5 жыл ішінде 2 млрд ағаш отырғызуды және елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызуды тапсырды.  

Осыған байланысты министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізді және қазіргі таңда өңірлер бойынша ағаш отырғызу көлемдерін анықтады.  

Мәселен, әкімдіктердің табиғат қорғау және орман қорғау мекемелерінің күшімен 464 мың гектар аумақта 1,1 млрд ағаш отырғызылатын болады. Барынша көп мөлшерде ағаш отырғызу Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында жоспарланып отыр. Бұл ретте аталған мөлшердің негізгі үлесі сексеуіл себу арқылы жүзеге асырылады. Оның ішінде Арал теңізінің құрғап қалған бөлігінде де осы жұмыстар атқарылады. Республиканың орталық өңірлерінде  қарағай, шырша, қайың сияқты негізгі орман құраушы тұқымдарға жататын ағаштар отырғызылатын болады. 

Бұдан басқа, ұлттық парктер мен резерваттар аумағында 62,5 мың га алқапта шамамен 200 млн ағаш отырғызылады. Ал компенсация ретінде отырғызылатын ағаштар, автомобиль және темір жолдар бойындағы қорғаныш белдеулері, сондай-ақ халықаралық гранттар есебінен барлығы 182 мың га алқапқа 700 млн ағаш отырғызу жоспарлануда.
 

«Қазіргі уақытта елімізде 155 орман тұқымбағы жұмыс істейді. Олар толық жүктемеленген жағдайда жоспарланған жұмыс көлемінің орындалуын қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар уақытша тұқымбақтар құру, орман мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын нығайту қажет», — деді М. Мырзағалиев.

Ағаштар мен бұталарды заңсыз жоюға байланысты бұзушылықтар үшін жаза күшейтіледі.

Соңғы кезде елді мекендерде ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою және зақымдау фактілері орын алғаны белгілі. Осыған байланысты ЭГТРМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп осы тәртіп бұзушылықтар үшін жазаны күшейтуге бағытталған бірқатар шараларды пысықтады.

Бірінші. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Жасыл екпелерді күтіп-ұстау мен қорғаудың үлгілік қағидаларына толықтыру енгізіп отыр. 

Оған сәйкес қарастырылған: 

  • Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген ағаштарды заңсыз кесу, жою, зақымдау кезінде 30 есе мөлшерде компенсациялық ағаш отырғызу; 
  • жеке және заңды тұлғаларға тиесілі нысандардың іргелес аумағындағы жасыл желектерді жойғаны үшін 10 есе мөлшерде ағаш отырғызу; 

М. Мырзағалиев атап өткендей, бұдан бұрын бұл нормалар осы қағидаларда болмаған. 

Екінші. Орман заңнамасын бұзудан келтірілген зиянның мөлшерін есептеу үшін базалық ставкаларға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізілді. 

Үкімет қаулысының тиісті жобасы осы аптада қабылданды. Оған сәйкес Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген әрбір заңсыз кесілген ағаш үшін зиянды өтеу мөлшерін 6 айлық есептік көрсеткіштен 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды.

Сонымен қатар, базалық ставкалар ағаш түрлері мен жасына қарай елді мекендерде өсетін ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу кезіндегі залалды өтеу мөлшерлерін айқындау жөніндегі жаңа жеке қосымшамен толықтырылды. 

Үшінші. Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге өзгерістер әзірленді. Әкімшілік кодексіне дискрециялық нормаларды алып тастау және құқық бұзушыларға санкцияларды ұлғайту бөлігінде бірқатар өзгерістер енгізілетін болады.

Мысалы, құқық бұзушылықтардың қайталануына байланысты айыппұлдарды келесідей арттыру ұсынылады: 

  • жеке тұлғаға 10 айлық есептік көрсеткіштен 150 айлық  есептік көрсеткішке дейін; 
  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 30 айлық есептік көрсеткіштен 450 айлық есептік көрсеткішке дейін;
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне 40 айлық есептік көрсеткіштен 600 айлық есептік көрсеткішке дейін; 
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіштен 1500 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру. 

Бұдан басқа, ағаштарды заңсыз кескені үшін санкцияларды қатаңдату бойынша Қылмыстық кодекске де өзгерістер енгізу көзделіп отыр. 

Солай бола тұра, экология министрі нақтылағандай, өсімдіктер дүниесін сақтау мәселелері Орман кодексімен ғана және тек мемлекеттік орман қоры аумағында реттеледі.  Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, босалқы жерлер және өнеркәсіп жерлері сияқты басқа санаттардағы жерлер бойынша бұл мәселелер реттелмеген. 

Осыған байланысты министрлік Өсімдіктер дүниесі туралы заң жобасын әзірледі. Оның шеңберінде:

- өсімдіктер дүниесі ресурстарын қорғау, молықтыру және пайдалану жөніндегі барлық мәселелерді заңнамалық тұрғыдан ретке келтіру;

- өсімдіктер дүниесі ресурстарын сақтауға және молықтыруға жауапты мемлекеттік органдарды айқындау көзделуде. Бұл олардың республикадан тыс жерлерге шығарылуын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді;

- өсімдіктер дүниесінің  есебін, мемлекеттік кадастры мен   мониторингін жүргізу, сондай-ақ ботаникалық коллекциялар мен өсімдіктердің генетикалық ресурстары коллекцияларын жасау және ұстау тәртібін айқындау көзделуде.

Бұдан басқа, өсімдіктердің сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, эндемикалық және реликті түрлерін сақтау мәселелері, табиғи экожүйелерге бөтен текті түрлерді жасанды жолмен енгізуге тыйым салу мәселелері реттелетін болады.

Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы және уақтылы орындау мақсатында М. Мырзағалиев облыс әкімдіктеріне келесі ұсыныстарын білдірді: 

  • ормандарды молықтыру мен орман өсіру көлемін ұлғайту бойынша жүктелген жоспарлы көрсеткіштерді орындау;
  • құрылған орман екпелерінің  уақтылы күтіп ұсталуын қамтамасыз ету;  
  • қалалар мен басқа елді мекендердегі жасыл желектер бойынша түгендеу және паспорттандыру.

«Осы шараларды жүзеге асыру аясында қаржыландыру мәселесін  пысықтау қажет. Қаржы министрлігі республикалық бюджет шеңберінде өңірлермен және басқа да мемлекеттік органдармен ормандарды молықтыру мен орман өсіру көлемін ұлғайтуды қамтамасыз ету үшін қаржыландыру мәселелерін пысықтап алуы тиіс», — деді ведомство басшысы.

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыс аумағында мемлекеттік орман қорының көлемі 6,5 млн га құрайтынын, оның 3,1 млн га орманды алқаптар екенін айтты. Орманды алқаптардың 89%-ын негізгі орман құраушы сексеуіл ағаштары алып жатыр. 

Соңғы 5 жылда орман көлемін арттыру үшін облыстық бюджеттен орман қорына 55 мың гектарға орман молықтыру жұмыстары жүргізіліп, оның 26,3 га Арал теңізінің құрғаған ұлтанына егілген. 

«Сондай-ақ, бюджеттен тыс қаржы көздерін тарту арқылы экологиялық жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Корея Республикасының қайтарымсыз қаржысынан Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 13,3 мың га жерге 5 млн сексеуіл отырғызылды. Сонымен қатар, Дүниежүзілік Банктің қайтарымсыз қаржысы есебінен жоспарланып отырған «Қазақстанның ландшафтарын қалпына келтіру» жобасы аясында Арал теңізінің құрғаған ұлтанында фито-орман мелиоративтік жұмыстарды одан әрі жалғастыру жөнінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ұсыныс енгіздік», — деді Г. Әбдіқалықова.

Арал теңізінің құрғау салдарына байланысты, Қызылорда өңірінде экология проблемасы аса өзекті. Бүгінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанының жалпы көлемі 6 млн га құраса, оның 2,5 млн га Қазақстан аумағына тиесілі.

Теңіздің құрғаған ұлтанында тұздың ұшуын тоқтату және экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында соңғы 29 жылда теңіз ұлтанының қазақстандық бөлігінде 194 мың га сексеуіл және басқа да галафитті өсімдіктер көшеттерін егу жұмыстары жүргізілді. Бұл екпелер қазір табиғи өсіп көбеюде.

Облыс әкімінің айтуынша, Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында алдағы 5 жыл ішінде орман қорында ағаш көшетін отырғызу тапсырмасына сәйкес Қызылорда облысының ағымдағы жылы қараша айында ормандарды молықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайтудың қадамдық жоспары бекітілді.

«Осы жоспарға сәйкес келер жылдары теңіздің құрғаған ұлтанында 213,1 мың га жерге 177,5 млн ағаш егуді жоспарлап отырмыз. Бұл ретте, 265 мың га жерге іздестіру және топырақ зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, орман молықтыру жұмыстарына және елді мекендерде қажетті ағаш егу мақсатында орман тұқымбақтарының көлемі 100 га ұлғайтылды. Бұл жұмыстарға алдағы 5 жылға облыстық бюджеттен 1,1 млрд теңге қаржы қаралатын болады», — деді Г. Әбдіқалықова.

Дегенмен, қазіргі таңда аймақтағы орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасы төмен деңгейде. Сондықтан, облыс әкімдігі қажетті техника мен құрал-жабдықтар сатып алуға республикалық бюджеттен 1,8 млрд теңге қаржы бөлу үшін бюджеттік өтінім жолдады.

Облыс әкімі осы шаралардың облыстың экологиялық жағдайын жақсартуға айтарлықтай оң әсерін тигізетін айтты.

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев облыстың орман қорының көлемі 1,1 млн га құрайтынын, оның ішінде: үштен бір бөлігі – орманды алқаптар екенін баяндады.

Жергілікті атқарушы органдардың балансында 405 мың га орманды алқап бар. Сонымен қатар облыста жалпы аумағы 167,4 га болатын 11 орман питомнигі бар. Биыл өңірде көшет отырғызу 6,5 млн данаға дейін артты.

«Он жылдан астам уақыт бойы Нұр-Сұлтан-Щучинск автотрассасының бойында қорғаныс орман екпелерін құру жұмысы жүргізілуде. Екі кезеңді жүзеге асыру нәтижесінде 110  км ұзындығымен 2,5 мың га көлімінде орман екпесі құрылды. Жұмыстың 3-ші кезеңі шеңберінде 2021 жылы 2,5 мың га алқапта Нұр-Сұлтан-Щучинск трассасының бойында топырақты зерттеу жоспарланды», — деді Е. Маржықпаев.

Жалпы, облыс аумағында 2025 жылға дейін 65  млн ағаш отырғызу жоспарлануда. Жыл сайын жапырақты және қылқан жапырақты ағаш тұқымдарының қоры 1,5 тоннаны құрайды. 2021 жылдан бастап, тұқым дайындау көлемін 4 тоннаға дейін арттыру қарастырылуда.

2021 жылы жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу арқылы және ағаш отырғызу схемасымен қоса 100 мың га алқапта орман және орманды емес жерлерде топырақты зерттеу жоспарлануда. Қолданылып жатқан барлық осы шаралар егістік алқаптарды эрозиядан қорғауға оңтайлы ықпал ететін болады, флора мен фаунаның биотүрлерін арттырады, өңірде экологиялық жағдайды жақсартады. Орманды қорғау іс-шарасы, орман ресурстарын арнайы пайдалану процесінде, ағаш дайындау және орманды санитарлық кесу кезінде жүзеге асырылады.

Ағымдағы жылы ағаш кесудің бекітілген көлемі 10,8 мың га жалпы көлемінде 118,1  мың куб м құрайды. Орман ресурстарын пайдаланғаны үшін облыс бюджетіне 101 млн теңге сомасында салық түсті. 

Орман өрттеріне жол бермеу мақсатында, 2020 жылы 12 мың км жалпы ұзындығымен минералданған жолақтарға күтім жүргізіліп, 1,2 мың га алқапта 77 дала өрті жойылды.

«Орман шаруашылықтарымен 817 рейд өткізілді, олардың қорытындысы бойынша заңсыз ағаш кесудің 7 фактісі анықталды Барлық материалдар іс қозғау үшін құқық қорғау органдарына берілді. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда», — деп түйіндеді облыс басшысы.

Атырау облысының мемлекеттік орман қорының көлемі 52,4 мың га, оның ішінде орманды алқабы — 15,1 мың га. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, орман алқаптары, негізінен, Жайық өзені мен Еділ өзенінің саласы Қиғаштың бойында орналасқан. Орман қорын күзету, қору, өсіру және молықтырумен 4 орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме айналысады. 

«ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесе жасақталған Ормандарды молықтыру және орман өсіру көлемдерін молайтудың қадамдық жоспары бойынша облыста 2800 га орман алқабында 2021-2025 жылдар аралығында барлығы 7 млн астам ағаш көшеттерін отырғызу жоспарлануда. Жайық өзені бойындағы тоғайларды қалпына келтіру, жайылма алқаптарды жасыл желекпен көмкеру Атырау өңірінің экологиялық ахуалын жақсатуға оң әсерін тигізетіні сөзсіз», — деді М. Досмұхамбетов.

Атырау облысында Қадамдық жоспарда межеленген жұмыс көлеміне сәйкес, әрбір орман шаруашылығы мекемесі үшін егілетін учаскелер мен ағаш түрлері бойынша анықталып, нақты жоспар жасалған. Әрине, мұндай кең көлемде ауқымды жұмыстарды атқару орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейіне байланысты екендігі сөзсіз. Сондықтан, соңғы 3 жыл ішінде жергілікті бюджеттен 427 млн теңгеге 3 орман мекемесіне құрамында машина-трактор паркі, өрт сөндіру стансалары, жұмыс кеңсесі бар кешендер,  2 өрт-бақылау мұнарасы салынып, пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, осы кезеңде орман мекемелерін техникалық жарақтандыруға жергілікті бюджеттен 206 млн теңге бөлінді.

«Ал 2021-2025 жылдарға арналған Қадамдық жоспар көрсеткіштерін орындауға қажетті қаржы көлемі 769 млн теңгені құрайды, оның ішінде техника алу үшін   311 млн, стандартты отырғызылатын материалдар көлемін өсіру, тұқымбақтарды ұлғайту үшін 101 млн теңгені, егілетін орман алқаптарын қоршап, оларда ағаш көшеттерін отырғызу үшін 357 млн теңге қажет», — деді Атырау облысының әкімі.

Осы орайда, өңірдегі ірі мұнай-газ кәсіпорындарын, «Ластаушы қалпына келтіреді» ұстанымына сәйкес, олардың қоршаған ортаға келтіріп отырған залалдың орнын толтыру үшін көгалдандыру жұмыстарына тарту көзделуде. Қала аймағынан орман қоры жерлері мен елді мекендер жерлерін қоса алғанда, жалпы көлемі 6 мыңға жуық га жер учаскелерінің тізбесі жасақталды. Өз кезегінде, бұл кәсіпорындар өздерінің санитарлық-қорғау аймағында ағаш отырғызу жұмыстарына бөлінген қаражатын әкімдікпен белгіленген участкелерде жүргізілетін көгалдандыру жұмыстарына пайдалану жөнінде ұсыныспен шығып отыр.

Облыс басшысы әкімдіктің елімізде орман қорын молайту туралы Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, белгілеген межелер үрдісінен шығу үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу