29 Қыркүйек 2026, 12:11
Күзгі дала жұмыстарына дайындық шеңберінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылғы шілдеде Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері бірлесіп осы жылғы 1 шілде мен 30 қараша аралығына арналған «2026 жылғы күзгі дала жұмыстарына 401,1 мың тонна дизель отынын жеткізу графигін» бекітті. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев баяндады.
Вице-министрдің сөзінше қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жеңілдетілген дизель отынын жеткізу мемлекет ұсынған жеңілдетілген баға бойынша жүзеге асырылуда.
«Жыл сайын 800 мың тонна дизель отыны бөлінген кезде, соңғы 3 жылдағы нақты игерілу көрсеткіші 80–86%-ды құрайды. Тұтастай алғанда, 2026 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін 844,7 мың тонна дизель отыны бөлінді, нақты игеру көлемі – 606 мың тонна немесе 72%. Бұл ретте 2026 жылғы 3 қыркүйекте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажеттіліктері үшін астық пен майлы дақылдарды кептіруге қосымша дизель отынын бөлу мәселесіне қатысты өткен кеңес қорытындысы бойынша Энергетика министрлігі 41,3 мың тонна дизель отынын бөлді. Қыркүйекте – 10,7 мың тонна, қазанда – 17,5 мың тонна, қарашада – 13 мың тонна», — деді Қайырхан Тұтқышбаев.
Дизель отыны қозғалысының ашықтығын және оны бақылауды қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы мынадай шаралар қабылданды:
жеке ПИН-кодтар алынды (цифрлық таңбалау);
дизель отынын сары, көк және қызыл түстерге бояу (түсті таңбалау);
электрондық шот-фактуралар жүйесінде дизель отыны үшін жеке виртуалды қойма құрылды.
2024 жылы мұнай өнімдерінің қозғалысын цифрландыру бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде 2023 жылмен салыстырғанда бөлінген көлемдер шеңберінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің нақты тұтынуы 729 мың тоннадан 602 мың тоннаға дейін, яғни 127 мың тоннаға немесе 21%-ға төмендеді.
«Бұдан бөлек, қазіргі уақытта Министрлік Шымкент мұнай өңдеу зауытында өндірілетін ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне арналған дизель отынын (агродизельді) таңбалау жөніндегі пилоттық жобасын жүзеге асыруда. Пилоттық жобаны жүзеге асыру мерзімі – 2026 жылғы 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін, оператор функцияларын “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ және “Цифрлық экономиканы дамыту орталығы” ЖШС атқарады. Аталған шаралар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қажеттіліктеріне бөлінген жеңілдетілген дизель отыны көлемдерінің мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында қабылданғанын атап өткен жөн. Шілде – қараша кезеңінде 2026 жылғы күзгі дала жұмыстарының бүкіл кезеңіне көзделген 401,1 мың тоннаның 268 мың тоннасы немесе 67%-ы тиеп-жөнелтілді. Мұнай өңдеу зауыттарынан тиеп-жөнелту ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өтінімдеріне, төлемнің жүргізілуіне және вагондардың берілуіне байланысты», — деді вице-министр.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынын жөнелту мәселесі Министрліктің тұрақты бақылауында.
#АӨК #Жанар-жағармай материалдары #Энергетика #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу