28 Шілде 2026, 11:15

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысы қаралды.
Жиында ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрболат Айдапкелов, сондай-ақ инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша Алматы облысының әкімдері Марат Сұлтанғазиев, Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков және Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов баяндама жасады.
Ұлттық экономика министрлігі деректеріне сәйкес, Ұлттық жоба аясында 2026-2029 жылдары инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға 13 трлн теңге инвестиция тарту, биыл 12 мың шақырым инженерлік желілерді жөндеуге 1,1 трлн теңге бөлу жоспарланған.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев 2029 жылға дейін кәріз-тазарту құрылыстарын салу мен реконструкциялау бойынша 45 жобасын жүзеге асыру көзделгенін баяндады. Оның айтуынша, Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін толтыру және SMART Turmys ТКШ цифрлық платформасын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Энергетика саласында 2029 жылға дейін 77,5 мың шақырым электр және 1,6 мың шақырым жылу желілерін жаңғырту жоспарлануда. Министр Ерлан Ақкенженов бұл электрмен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін 67%-дан 45%-ға дейін, жылумен жабдықтау желілерінің тозуын 50%-дан 42%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік беретінін айтты.
Бүгінгі таңда «Бәйтерек» холдингі арқылы жалпы құны 625 млрд теңге болатын 318 жоба қаржыландырылды. Премьер-министр республикалық бюджетке қосымша жүктеме түсірмей, ұзақмерзімді әрі қолжетімді қаржыландыруды тартуға мүмкіндік беретін ұлттық жоба тетіктерін барынша тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.
Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша Атырау, Павлодар, Қарағанды және Жетісу облыстарында оң серпін байқалады. Артта қалған өңірлерге Ұлттық жобада көзделген іс-шаралардың уақтылы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.
«Ұлттық жобаны жүзеге асыру мәселесі Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Қажетті нормативтік құқықтық база толықтай қабылданды, инвестициялық жобаларды қаржыландыру тетіктері айқындалды. Өңірлерде ауқымды жөндеу жұмыстары басталды. Белгіленген нысаналы көрсеткіштерге уақтылы қол жеткізу үшін инфрақұрылымды жаңғырту қарқынын сақтап қана қоймай, одан әрі арттыра түсу қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов
Премьер-министр Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Ұлттық жобаны жүзеге асыруға бағытталған инвестициялық қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Облыстардың әкімдіктеріне екі апта ішінде осы жылы жүзеге асырылатын жобалар бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырылды. Өнеркәсіп және құрылыс, Энергетика, Ұлттық экономика министрліктерімен бірге жыл соңына дейін барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарының аяқталуын қамтамасыз ету қажет. Олжас Бектенов Бұл үшін облыс әкімдері тікелей жауапты болатынын атап өтті. Барлық өңір әкімдіктері биылғы 1 қыркүйекке дейін 2027 жылға жоспарланған жобалар бойынша Ұлттық жобаның электрондық платформасына тиісті өтінім жіберіп, оларды мүдделі тараптармен келісуді қамтамасыз етіп, барлық конкурстық рәсімдер биылғы 1 желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне инфрақұрылымдық жобалардың жобалау-сметалық құжаттамасына мемлекеттік сараптама жүргізуді жеделдету, сондай-ақ Тауар өндірушілер тізілімін Ұлттық жоба аясында сұранысқа ие Сәулет-қала құрылысы және құрылыс каталогінің кодтарымен толықтыруды қамтамасыз ету тапсырылды. Сонымен қатар биылғы 1 қыркүйекке дейін мүдделі мемлекеттік органдармен бірге жаңа өндірістер құру және қолданыстағы кәсіпорындарды кеңейту бойынша әлеуетті офтейк-келісім-шарттарды бекіту жұмыстарын жеделдетуі тиіс. Өнеркәсіп министрлігіне аталған мәселелер бойынша бақылау мен үйлестіруді күшейту тапсырылды.
Өнеркәсіп және Энергетика министрліктері Smart Turmys бірыңғай цифрлық платформасын енгізу жұмыстарын жеделдету жөнінде тапсырма берілді. Сондай-ақ биылғы 1 қыркүйекке дейін тұтынушылар топтары бойынша сараланған коммуналдық ресурстарды есепке алу құралдары мен бағдарламалық қамтамасыз етуге арналған бірыңғай стандарттарды қабылдау міндеті қойылды.
«Бәйтерек» холдингі осы жылдың соңына дейін мәлімделген барлық жобаны биылғы 1 қыркүйекке дейін дереу қаржыландыруды қамтамасыз етуі қажет.
«Әрбір басшы Ұлттық жобаның нақты мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізуге және барлық іс-шараның уақтылы жүзеге асырылуына тікелей жауапты. Қолдағы бар мүмкіндіктерді жұмылдыру қажет», — деп тапсырды Премьер-министр.
Тапсырмалардың орындалуын жалпы бақылау және үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.
#Олжас Бектенов #Инфрақұрылымдық даму #ТКШ #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу