Ералы Тоғжанов Алматы мектептерінде орын тапшылығын азайту жөніндегі жұмыс барысымен танысты 

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов мегаполистегі әлеуметтік-мәдени даму және эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мәселелері бойынша Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асырудың барысымен танысу мақсатында жұмыс сапарымен Алматы қаласына келді. 

Вице-премьер келген бойда Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровпен бірге Алатау ауданында салынып жатқан жаңа мектепке барды. 

Айта кетерлігі, бұл 1800 орындық  алғашқы мектеп (бұрын нысандардың максималды қуаты 1200 оқушы орнынан аспаған). Құрылыс Саялы шағын ауданда жүргізілуде, мұнда ішкі көші-қонның және бірқатар тұрғын үй кешендерінің салынуы бұрыннан бар орта білім беру мекемелерінің жүктемесін арттыратыны ескерілді. Сондықтан, жаңа мектептің құрылысы үш ауысымды білім беруге жол бермеуге бағытталған.

Бүгінде құрылыс жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде, нысанды пайдалануға беру биылғы жылдың соңына дейін жоспарланған. Тиімді білім беру үдерісін ұйымдастыру үшін жайлы кабинет қоры, спорт және акт залдары және т.б. қарастырылған. Барлық оқу аудиториясы заманауи құрылғылармен жабдықталатын болады.

Алматыда барлығы 12 600 орындық 8 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде  5 100 орындық үшеуі (Саялы шағын ауданында – 1800 орындық; Томирис шағын ауданында – 1500 орындық; Қалқаман-2 шағын ауданында – 1800 орындық) биылғы желтоқсан айында тапсырылады. Қалған 5 мектепті 2022 жылы аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, қазіргі орта білім беру мекемелеріне қосымша 17 корпус пен 13 жекеменшік мектептің құрылысы аяқталуда. Осылайша, биыл жыл соңына дейін мегаполисте 16 мың оқушы орны іске қосылады, бұл қазіргі тапшылықты 47%-ға қысқартады. 

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов халық өсімінің жоғары көрсеткіштері жағдайында 1800 және одан да көп орынға арналған ауқымды мектептер салу практикасын жалғастыруды тапсырды. 

Вице-премьердің жұмыс сапары барысында санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, креативті индустрияларды дамыту, «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы бойынша бірқатар жұмыс кеңесін өткізу жоспарланған.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу