Ералы Тоғжанов балалар тауарларының «Kids EXPO. Балалар әлемі» жәрмеңкесіне қатысты

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов балалар тауарларының алғашқы «Kids EXPO. Балалар әлемі» көрме-жәрмеңкесіне барды. 

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың тапсырмасы бойынша ҚР Сауда және интеграция министрлігі «Атамекен» ҰКП және өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, ірі сауда орталықтары және базарлармен кеңсе тауарларына, сөмкелерге, аяқ киімге және басқа да мектеп керек-жарақтары бағасын ұстап тұру мәселелерін шешуі тиіс. Ол үшін облыс және аудан орталықтарында, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында төмендетілген бағамен мектеп жәрмеңкелері, сондай-ақ мектеп автодүкендерінің шалғай ауылдарға шығуы ұйымдастырылады. Олардың біріншісі EXPO халықаралық көрме орталығының алаңында өтіп жатыр. Сапар барысында Е. Тоғжанов көрме-жәрмеңкеде ұсынылған тауарлардың ассортиментімен және құнымен танысты.

«Kids EXPO. Балалар әлемі» – бұл кітап, кеңсе, тоқыма, білім беру және ойын-сауық индустриясы өкілдерін, балалар мен ата-аналарға арналған тауарлар мен қызметтерді бір алаңда біріктіруге мүмкіндік берген алғашқы ірі жоба. Мұнда 5 күннің ішінде отандық тауар өндірушілер, компаниялар мен ірі брендтер, барлығы 100-ге жуық қатысушы өз тауарларын сатады.

Вице-премьер мұндай көрме-жәрмеңкелер ата-аналарға балаларын алдағы оқу жылына дайындау үшін өте ыңғайлы екенін, ұсынылған ассортимент қолжетімді бағамен сатылып жатқанын атап өтті.

30-ға жуық компания өз өнімдерін 30%-ға дейін төмен бағамен ұсынуда. Олардың стендтеріне арнайы белгі қойылған.

Жәрмеңкеде мектеп керек-жарақтары мен балалар тауарларын сатып алып қана қоймай, уақытты қызықты өткізуге болады – бұл үшін балалар үшін арнайы аймақтар мен ойын-сауық ұйымдастырылған. Мұнда 18 ақпараттық, 22 мәдени және 22 спорттық іс-шара, сондай-ақ 20 ART шеберлік сабағын өткізу жоспарланған. Жалпы 80-нен астам іс-шара өткізіледі.

Екі күнде балалар тауарларының «KIDS EXPO. Балалар әлемі» жәрмеңкесіне келушілер саны 20 мыңнан асты. Ұйымдастырушылар жәрмеңкені жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр. 

Ералы Тоғжанов көрмемен танысу барысында мемлекеттік органдарға барлық өңірлерде осындай форматта жәрмеңкелер ұйымдастыруды тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу