Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры кіріс деңгейі төмен елдерге көмектеседі - ҚР Қаржы министрлігі

Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының табысы кірісі төмен елдердегi әлеуметтiк бағдарламаларға жұмсалады, деп мәлімдеді Қаржы және бюджет жөнiндегi комитетiнiң кеңейтiлген отырысында ҚР Қаржы министрiнiң орынбасары Руслан Бекетаев.

«Кез келген әлемдiк қауымдастықтарда дағдарыс кезiнде көмек көрсететiн осы тектес қорлар бар. Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының табысы кірісі төмен елдерге грант түрінде берілетін болады. Бұл жан басына шаққандағы табыс деңгейi 4 125 доллардан төмен елдер», - деді Р.Бекетаев.

Министрдiң орынбасары мәлiм еткендей, қор табысы шамамен 94 млн долларды құрайды және бұл табыс әзiрге ешбiр мемлекетке грант ретiнде берiлген жоқ. Оның айтуынша, Қазақстан әзiрге алдағы жылдары аталған қордан қаражат тартуды жоспарлап отырған жоқ.

Дағдарысқа қарсы қор құру туралы шартқа және қор қаражатын басқару туралы келiсiмге редакциялық және функционалдық түзетулер енгiзуге 2014 жылдың 10 қазанындағы Еуразиялық экономикалық қауымдастық қызметiнiң тоқтатылуы туралы шарт негiз болып отыр. Осылайша, дағдарысқа қарсы қордың атауы Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры деп өзгертiлiп, депозитарий функциялары Ресей Федерациясының Сыртқы iстер министрлiгiне жүктелдi. Қорға қатысушы елдер – Беларусь, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Тәжiкстан және Армения. 

«Дағдарысқа қарсы қордың таза табысы әлеуметтiк саладағы бағдарламаларды қаржыландыруға, осы елдерге бiлiм берудiң және денсаулық сақтаудың сапасын арттыру мақсатында пайдаланылады деп жоспарлануда. Ол өзгерiстер мен толықтыруларды қор кеңесi 2015 жылы қабылдады», - дедi ол.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу