Еуразиялық үкіметаралық кеңес ЕАЭО елдеріндегі басым инфрақұрылымдық көлік жобаларының тізбесін мақұлдады

25-26 тамызда Шолпан-Ата қаласында (Қырғызстан) өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында ЕАЭО-дағы өнеркәсіптік кооперацияны қаржыландыру мәселесі талқыланды. Қатысушы елдердің Премьер-Министрлері өнеркәсіптік кооперацияны одан әрі дамыту қажеттігі туралы уағдаласты. Еуразиялық экономикалық комиссияға ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үкіметтерімен бірлесіп, Еуразиялық үкіметаралық кеңестің қарауына 2022 жылғы IV тоқсанда қаржыландыру тетіктері мен көздері бойынша ұсыныстар дайындау және ұсыну тапсырылды.

«Өнеркәсіптік кооперация – негізгі міндеттердің бірі, оны шешуге біз жіті назар аударуымыз керек. Біздің елдеріміздің мемлекет басшылары өтімді өнімдер шығару жөніндегі бірлескен жобаларды дамыту үшін жағдай жасау қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Мұндай объектілерді жеңілдікпен қаржыландырудың ықтимал көздері мәселелерін пысықтау маңызды», — деді ҚР Премьер-Министрі орынбасарының – сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Серік Жұманғарин.

ЕАЭО-ға қатысушы елдердің үкімет басшыларының кездесуі барысында Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі басым инфрақұрылымдық көлік жобаларының тізбесі мақұлданды.

Тізбеге еуразиялық көлік дәліздері мен бағыттарын дамытуға және ЕАЭО шеңберінде транзиттік әлеуетті нығайтуға бағытталған мемлекеттердің 7 жобасы кірді.

Қазақстан тізбеге «Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік бағдарына жататын М-32 автомобиль жолының қазақстандық учаскелерін реконструкциялау жобасын енгізді.

«Талқылау кезінде тізім түзетілді. Бүкіл Одақтың транзиттік әлеуетін дамытуға оң әсер ететін жобалар сақталды», — деді Серік Жұманғарин.

Анықтама: ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің көлік саласындағы басым интеграциялық инфрақұрылымдық жобалардың тізбесі:

РА: «Солтүстік-Оңтүстік» жол дәлізінің инвестициялық бағдарламасы, төртінші кезек (4-Транш);

ҚР: «Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік бағдарына жататын М-32 автомобиль жолының қазақстандық учаскелерін қайта жаңарту;

РБ: М-1/Е30 Брест (Козловичи) – Минск – Ресей Федерациясының (Редьки) шекарасы автомобиль жолын қайта жаңарту;

РБ: Ресей Федерациясының шекарасы (Селище) – Гомель – Кобрин М-10 автомобиль жолын қайта жаңарту;

ҚР: «Луговая Балықшы» теміржол учаскесін электрлендіру;

РФ: «Еуропа – Батыс Қытай»  халықаралық көлік бағдарына жататын автомобиль жолдарының ресейлік учаскелерін салу және жаңғырту.

РФ: «Меридиан»  жеке автомагистралінің ресейлік учаскесінің құрылысы.

Шолпан-Атадағы кездесуде ЕАЭО елдерінің үкімет басшылары сондай-ақ жеке тұлғалармен өткізілетін тауарлардың электрондық саудасы кезінде салық салу шарттарын талқылады.

Үкіметаралық кеңестің келесі отырысы 20-21 қазанда Ереван қаласында (Армения) өтеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу