Фермерлерді субсидиялау, МИБ-ті цифрландыру және экологиялық бақылау: Үкіметте жаңа электрондық платформалар талқыланды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкіметте Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жыл басынан бері республикада Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі (СБМАЖ) іске қосылғанын, ол бұған дейін егіншілердің сынына ұшыраған осыған ұқсас жекеменшік платформаның орнына енгізіліп отырғанын баяндады.

Бүгінгі таңда СБМАЖ 1 млрд теңгеден астам соманы үнемдей отырып, барлық фермерлер үшін мемлекеттік субсидияларды тегін бөлуді қамтамасыз етуде. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін кезек беріліп, өтінімдердің бірыңғай тізілімі (күту парағы) енгізілді, сондай-ақ облыстар мен субсидиялар бойынша «жария бюджет» функциясы іске қосылды. Сонымен қатар платформада арзандатылған дизель отынын алуға өтінімдер қабылданады. Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін кері байланыс арналары жолға қойылған: мемлекеттік қолдау алу туралы сұрақтарды мессенджер арқылы жіберуге немесе call-орталыққа хабарласуға болады. Жалпы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша СБМАЖ-ға 50 мыңнан астам адам тіркеліп, жүйе арқылы 88 мыңнан астам өтінім берілді және 112 млрд теңгеден астам қаражат төленді.

Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігі платформаның функционалына қатысты «Атамекен» ҰКП-ның барлық ескертуін назарға алу керектігін, ал облыс әкімдіктері уақытылы субсидиялар төлеп, фермерлермен бірге жыл соңына дейін «Қазақстан Ғарыш Сапары» порталында егіс алқаптарын цифрландыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар жаңадан құрылған облыстардың әкімдіктеріне СБМАЖ жүйесінде фермерлер алдындағы міндеттемелерді қабылдау жөніндегі жұмысты шілде айының соңына дейін аяқтау тапсырылды.

Отырыста цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің биылғы маусым айынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында әзірленген «minerals.gov.kz» Жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасын пайдалануға беру туралы есебі тыңдалды. 

Платформа мемлекеттік функцияларды автоматтандыру арқылы пайдалы қазбаларды барлауды немесе өндіруді жүзеге асыруға лицензия беру процесін жеңілдетуге және жеделдетуге арналған. Платформа арқылы болашақ жер қойнауын пайдаланушылар (инвесторлар) оның инфрақұрылымы, қаншалықты зерттелгені және қолданыстағы келісім-шарттардан бастап, геологиялық және геофизикалық деректерге дейін толық ақпарат ала алады.

Осылайша, жер қойнауын пайдаланушылар жүйеде жеке кабинет ашып, пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге өтініш бере алады, сондай-ақ мемлекеттік органдардан түрлі хабарламалар алып отырады. Платформа бойынша жұмыс жалғасуда, жақын арада геологиялық деректер мен есептерді цифрландыру және жүктеу, сондай-ақ бірқатар басқа да мәліметті өзектендіру көзделген.

Отырыс аясында Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкін құру мәселесі де қаралды. Экология министрлігінің басшысы Зүлфия Сүлейменова бүгінде пилоттық режимде қоршаған ортаға бөлінетін эмиссия мониторингінің автоматтандырылған жүйелерінен алынған деректерді, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау полигондары мен бекеттері туралы мәліметтерді, атмосферадағы ауаның жай-күйін және т.б. жинақтайтын интерактивті карта іске қосылғанын баяндады.

Платформа тиісті шешімдер мен шараларды жедел қабылдау үшін нақты уақыт режимінде әртүрлі экологиялық ақпаратты жинауды және талдауды қамтамасыз етеді деп күтілуде. Оны 2023 жылғы желтоқсанда тәжірибелік пайдалануға, ал 2024 жылдың бірінші жартыжылдығына өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарланған.

Әлихан Смайылов жүйені әзірлеу кезінде заңсыз полигондарға қарсы күресті күшейтуге ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.

Сонымен қатар отырысқа қатысушылар әділет министрі Азамат Есқараевтың баяндамасын тыңдады. Атап айтқанда, ол сәуір айында республиканың барлық өңірінде іске қосылған Мүлік иелері бірлестігін цифрландыру жобасы туралы айтып берді. Бүгінгі таңда оған 100-ге жуық үй қатысуда. Бұл бастама дауыс беру процесін автоматтандыру және электрондық хаттаманы қалыптастыру есебінен жалпы жиналыс хаттамаларында бұрмалаушылықты болдырмауға арналған. Бұл бағыттағы жұмыс қарқынды жалғасуда.

Сондай-ақ министр «Цифрлық әділет» жобасы аясында басқа да бірқатар бастаманың іске асырылуы туралы хабардар етті. Олардың ішінде сот-сараптама қызметін цифрландыру бойынша «Е-saraptama», электрондық сенімхаттарды беру және онлайн-консультациялар өткізу бойынша «Цифрлық нотариат», НҚА келісу процесін автоматтандыру бойынша «Е-заңнама» және т.б. бар.

#Әлихан Смайылов #ҚР Премьер-Министрі #Ауыл шаруашылығы #Цифрландыру #Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия #Экология #ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу