ФОТОРЕПОРТАЖ: Әскери парадтың дайындығы қалай жүріп жатыр

Жексенбі күні, 7 мамырда еліміздің басты алаңы - «Қазақ елінде» жылдың ең ауқымды әскери шарасы – Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің құрылғанына 25 жыл толуына арналған парад өтеді. Рrimeminister.kz тілшілері алдағы күндері өтетін парадқа дайындық жүргізіліп жатқан әскери қалашыққа барды.

Сағат – 16.50. Парад қатысушылары түзу саппен қалашықтың орталығына жиналуда.

Біреу әскери киімін дұрыстап тұр...

...Ал біреу қолайлы сәтті пайдаланып, күлімдеп тұр.

«Оңтүстік» Өңірлік қолбасшылығының №21450 әскери бөлімінің әскери қызметкері Ерболат Шәріпов еліміздің басты алаңындағы әскери парадқа алғаш рет қатысуда. Сарбаз Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің құрылғанына 25 жыл толуына орайластырылған әскери парадқа қатысу мүмкіндігіне ие болғанын мақтан етеді.

«Бұл барлығымыз үшін үлкен абырой. Бөлімде екі ай, Астанада бір ай дайындалдық. Бастапқыда қиын болды, ал қазір үйреніп кеттік», - деп өз ойымен бөлісті Е. Шәріпов.

Сағат - 16.55. «Алаңға жиналамыз!» деген бұйрық келіп түсті.

Жаттығулар басталмас бұрын, қолбасшы өзіне бірнеше әскери қызметкерді шақырды. Туған күн иелерін құттықтауға шақырған екен.

Бұл жолы әскери қызметкерлер 29 жасқа толған Қарағанды қ. №31775 әскери бөлімінің толымдаудың жауапты атқарушысы Индира Түсіпованы құттықтады.

«Көңіл-күйім бірден көтерілді. Бұл туған күн мәңгі есімде қалады, өйткені 5 мың сарбаз күнде құттықтай бермейді», – деп өз әсерімен бөлісті И. Түсіпова.

Ұшқыш-штурманның музыкалық құттықтауынан асқан не болуы мүмкін?! Жасұлан Бақбергенов дайындық барысында әскери істегі шеберлігін көрсетіп қана қоймай, сондай-ақ күйлер орындайды – бұл жігіт кәсіби домбырашы. Әскери қызметкер болмас бұрын ол Оқушылар сарайының оркестрінде өнер көрсеткен. 

«Мерейтойлық парадқа қатысатынымды мақтан етемін. Дайындық – жүз пайыз», – деді музыкалық композиция орындаған Ж. Бақбергенов.

Жаяу саптың дайындығы өтіп жатыр. Міндет – адымдаудан жаңылмау және бір де бір миллиметрге қалмау. 

5000 адам минутына 120 қадамды нық басып, бір адамдай сап түзеп келеді. Қимыл синхронды болу үшін табандылық пен шынтақты сезіне білу қажет.

Саппен жүріп келе жатқан әйелдер парадтың сәнін келтірері сөзсіз. Нәзік жандылардың қимылдары да ерлердікіндей ширақ.

Әр қадам сайын шыңдала түседі. Әр жаңа дайындық сайын әскери қызметкерлердің шеберлігі артады. Онсыз болмайды, себебі басты алаңға шығатын күн таяп қалды.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу