08 Мамыр 2017, 01:47
Қазақстанда жыл сайын 7 мамырда Отан қорғаушылар күні аталып өтеді, биыл республикамыздың Қарулы күштеріне 25 жыл толады. Осы жылдар аралығында Қазақстан Әскері қалыптасу мен дамудың күрделі жолынан өтті. Осы жылдар ішінде қазақстандық Қарулы күштердің жаңа бейнесі қалыптасты. Жоғары кәсіби, мобильді, заманауи қару-жарақпен және техникамен жарақтандырылған Әскер құрылды.

Алаңға Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінің тобы алып келе жатыр.

Қорғаныс министрінің автокөлігі парад қолбасшысымен бірге саптың оң жақ қапталына ел Президенті – ҚР Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысын қарсы алуға бағытталып барады.

Әскери парадты еліміздің Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдауда. Мемлекет басшысы барлық қазақстандықтар мен парад қатысушыларын Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 25 жылдығымен құттықтап, бүгінгідей бейбіт өмір сыйлап, тәуелсіз әрі мықты мемлекет құруға жол ашқаны үшін Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне алғыс айтты.
Қазақстан Президенті әскери қызметшілердің қасиетті парызын еске салып, оларды кәсіби деңгейін арттыруға, әскери ынтымақ пен бірлікті нығайтуға шақырды.

Қазақстан Қарулы күштерінің мерейтойына орай тікұшақтар әуеде 25 санын көрсетті.




Ең ірі әскери шараның құрметті қонақтары.

Сапта – Қорғаныс министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Қазақстан Республикасының мемлекеттік күзет қызметінің парадтық есептоптары.

Парадты «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілері – барабаншылардың құрама ротасы ашты.


Бүгін барабаншылар сапында – Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Семей қалаларындағы «Жас ұлан» республикалық мектептерінің үздік тәрбиеленушілері болды. Олар – 21 ғасырдағы тәуелсіз Қазақстан Әскерінің болашағы.

Алаң орталығына ҚР Қорғаныс министрлігінің офицерлер сапы жақындап келеді.

Офицер – бұл көптеген адамдардың тағдыры сеніп тапсырылған, әскер абыройы. Бұл әскердің орталық басқарушысы, әскерлердің барлық іс-әрекетін ұйымдастырушы және жеңіс бастамашысы.

ҚР Президенті мінберінің алдынан Әуе қорғанысы күштерінің парадтық есептобы өтіп бара жатыр.
Бүгінде Әуе қорғанысы күштері заманауи қару-жарақпен жарақтандырылған әрі дайындалған әскери қызметшілермен жасақталған. Бұл – тәжірибелік сабақтар мен тактикалық оқу-жаттығуларда жоғарғы шеберліктерін үнемі дәлелдеп жүрген Қарулы күштердің бір түрі.

Алаң орталығында – Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери теңіз күштерінің парадтық сапы.
Теңіз әскерлері еліміздің теңіз шекарасын берік күзетіп, өздерінің әскери және кәсіби шеберліктерін ұдайы жетілдіреді.




Алаңнан «Оңтүстік», «Шығыс», «Батыс», «Астана» өңірлік қолбасшылықтарының әскери қызметкерлері жүріп өтті.

«Көгілдір береттер». Десанттық шабуыл әскері Жоғарғы бас қолбасшының резерві болып табылады. Жауынгер – десантшылар заманауи ұрыста барынша күрделі міндеттерді орындауға әзір.

Десантшылардың әскери ұраны: «Тек қана біз!», «қанатты жаяу әскердің» ерекшелігі мен қыр-сырын бейнелейді.

Мінберге барлау бөлімшелерінің құрама парадтық есептобы жақындап келеді.
Барлаушылар заманауи бақылау құралдарымен, соның ішінде Қазақстанда шығарылған түнде көретін көзілдіріктер мен нысаналармен жабдықталған.

Алаңда әскери жабдықталған Арнайы операциялар күштері бөлімшесі өтіп бара жатыр.

Алаңда – әскери қызметкер әйелдердің парадтық есептобы.

Қазақ халқының даңқты қыздары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың батырлық дәстүрін бүгінде олардың сіңілілері әскери борыштарын ерлермен тең дәрежеде атқарып, үлкен абыроймен жалғастыруда.


Әр адам көзімен көргендерін смартфондарына түсіріп алуға тырысты

Мінбер алдынан салтанатты маршпен Ұлттық қорғаныс университеті офицерлері, Құрлық әскерлерінің әскери институтының, Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтының, Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтының, Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусының, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери институтының, Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардиясы әскери институты курсанттарының роталары жүріп өтті.

Парадты механикаландырылған лек жалғастырды, алдыңғы жақта – Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің: Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштерінің және Әскери теңіз күштерінің тулары бекітілген «Лэнд Ровер» жол талғамайтын көліктері жүріп өтті.



Алаңда – Құрлық әскерлерінің әскери бөлімі. Мінбер алдынан БМП-2 жаяу әскердің әскери машиналарымен роталық танкілік тактикалық топ, роталық мотоатқыштар тактикалық тобы, танкіге қарсы зымыран кешені «Штурм-С», БТР-80А сауытты көлігімен Десанттық шабуыл әскерінің роталық тактикалық тобы, БТР-82А сауытты көлігімен теңіз жаяу әскерінің роталық тактикалық тобы жүріп өтті.

Парадты Зымыран әскерлері мен артиллериясының қару-жарақ және әскери техника легі жалғастырды. Олардың арасында: Құрлық әскерлерінің артиллериялық бригадалары қолданатын ұңғысы 122 миллиметр болатын Д-30 сүйретпелі зеңбірегі, зеңбірегінің ұңғысы 152 миллиметр болатын «МСТА-Б» барынша күшті зеңбірек батареясы, «Гиацинт» зеңбіректер батареясы бар.

Мінбер алдынан «Тюльпан» өздігінен жүретін минаатқышы - әлемдегі ең қуатты миномет жүріп өтті. Оның калибрі 240 мм-ді құрайды.



Парадты «Прима» дүркіндетіп ату реактивті жүйелерінің әскери машиналары, «Қаз Град», «Смерч» дүркіндетіп ату реактивті жүйесі, «Точка-У» тактикалық ракеталар кешені, сондай-ақ Арнайы операциялар күштерінің әскери техникасы жалғастырды.


Мінбер алдынан «Лэнд Ровер» базасындағы заманауи үлгідегі Арнайы операциялар күштерінің командалық-штабтық машиналары – әскери «Багги» - өтімділігі жоғары жеңіл автокөліктері, квадроциклдердегі арнайы мақсаттағы жасақ жүріп өтті.











Механикаландырылған лек қозғалысын «Скайларк», «Бусел» және «Вин Лонг» ұшқышсыз ұшу аппараттары, «Цикада», «Аметист», «Рубин» радиоэлектронды әскери көліктері және «Натиск» радиоэлектронды барлау жүйесінің машиналары жалғастырды.


Авиациялық техника әуеде өз мүмкіндіктерін көрсетті. Солардың ішінде – көпмақсатты соққы беруге арналған тікұшақтар тобы, Әскери әуе күштерінің әскери көлік авиациясының ұшақтары, МиГ-29 майдан жойғыштары, МиГ-31 тосқауылшы-жойғыш ұшақтары, Су-30СМ көп салалы жойғыш ұшақтары бар.
Парадтың соңында ұшқыштар елордамыздың басты көрікті нысандарының бірі – «Бәйтерек» монументінің бейнесін келтіріп жоғары ұшқыштық шеберлігін паш етті.

Осылайша әскерлердің мерекелік парады аяқталды. Қазақстанның әскери қызметкерлері әскери дайындықты, екпінді күшті және оқ ату қуатын, жұмылғыштық пен тәртіптілікті, жауынгерлік шеберлік пен жарақтандырылудың жоғары деңгейін көрсетті! Біздің басты құндылықтарымыз: қауіпсіздік, тұрақтылық, бейбітшілік, бірлік пен келісім – сенімді қолда екеніне сенімдіміз!
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу