Г. Атамқұлова: Қазақстандық инновациялық агрожобалар «Экспо-2017» көрмесінде үздіктер қатарында болды

«Экспо-2017» көрмесінде ұсынылған жаңа технологияларды пайдалану туралы баспасөз конференциясында «ҚазАгро» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Гүлназ Атамқұлова «жасыл» технологияларды ауыл шаруашылығында қолданудың тиімділігін және Қазақстанның органикалық өнімдер өндірісіндегі әлеуетін көрсеткен «ҚазАгро» холдингінің экспозициясы туралы айтып берді.

Келушілер отандық АӨК дамуының заманауи кезеңімен және Қазақстанда органикалық ауыл шаруашылығы перспективаларымен танысты, ресурс үнемдейтін технологиялар қолданылатын «ҚазАгро» жобаларына виртуалды саяхат жасау мүмкіндігіне ие болды.

Мысалға, Экспо қонақтары құрғақ бие сүті өндірісімен танысу және күркетауық еті өндірісі мен қайта өңдеудің толық циклін көру, Қазақстандағы ең ірі өнеркәсіптік жылыжайды, сондай-ақ емдәмдік сүт өнімдері өндірісін аралау мүмкіндігіне ие болды.

«Экспо-2017» көрмесін өткізу кезеңінде холдингтің экспозициясын әлемнің әртүрлі елдерінен 10 мыңнан астам адам аралады», — деп атап өтті Г. Атамқұлова.

«ҚазАгро» өкілінің айтуынша, көрме аясында 2017 жылғы 25 тамызда «АгроИнвестФорум 2017» ұйымдастырылды. Форумға әлемнің 18 елінен 200-ден астам қатысушы, оның ішінде ірі шетелдік инвестициялық қорлар мен қаржы ұйымдарының 40 жуық өкілі, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік агробизнес өкілдері қатысты.  

Форумның қорытындысы бойынша Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторына инвестициялар тарту, оны экономикалық әртараптандыруға қолдау көрсету бойынша бірқатар маңызды келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.  

Олардың ішінде, Еуропа инвестициялық банкі мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арасындағы Қазақстан АӨК шағын және орта кәсіпорындарды несиелеу үшін 100 млн еуро сомаға қаржы келісімшарты; FoodVentures (Голландия), ADM Capital (Мажарстан) және «Green Capital Kazakhstan» ЖШС (ҚР) компаниялары арасындағы Ақтөбе облысында ауданы 20 га заманауи жылыжай кешенін салу бойынша жобаны іске асыру туралы Келісім; «ҚазАгро» холдингі» АҚ мен Da Vinci Capital компаниясы арасындағы тікелей инвестициялардың аграрлық қорын құру бойынша Келісім бар. 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу