16 Наурыз 2018, 06:46
Бұл туралы бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында Мемлекет басшысының «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» атты бесінші әлеуметтік бастамасын іске асыруға арналған баспасөз конференциясында ҚР энергетика вице-министрі М. Мырзағалиев мәлімдеді.
Аталған жобаны жүзеге асырудың тиімділігіне тоқталған вице-министр магистральді газ құбыры бойындағы инфрақұрылымды және табиғи газды пайдалана отырып, жаңа өндірістер дамитынын, ауаға тасталатын зиянды қалдықтар едәуір азаятынын, сондай-ақ құрылыс барысында шамамен 800 жұмыс орны, пайдалану кезеңінде 225 жұмыс орны ашылатынын жеткізді.
«Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша, осы жылғы шілденің басында құрылысты бастау және дәнекерлеудің салтанатты рәсімін өткізу жоспарланып отыр. Өз тарапымыздан мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тапсырмаларды уақытылы іске асыру үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз», — деді ол.
Бұдан өзге, вице-министр өңірлерде газ тарату желілерін жобалау мен салу мәселелері жөнінде айтты.
«Қазірде Қызылорда, Қарағанды, Ақмола облыстары және Астана қаласы әкімдіктерімен бірлесіп, газ тарату желілерін жобалау мен салу мәселелері пысықталып жатыр. Осылайша тарату желілерінің бірінші кезеңі Сарыарқа газ құбырының құрылысы аяқталысымен 2019 жылдың аяғында қосылуға дайын болуы тиіс», — деді ол.
Сонымен қатар, вице-министр осы жылдың мамырына дейін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және шілдеге дейін мемлекеттік сараптамадан өткізу керектігін айтты.
Жалпы алғанда, тәуелсіздік жылдары газды ішкі тұтыну 1,5 есеге артқанын, газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін стратегиялық мәні аса зор екенін жеткізді.
Энергетика вице-министрі өз сөзін газ ресурстарының энергетикалық әлеуетін тиімді пайдаланып, халық игіліне жарата білу керек деп қорытындылады.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу