Кешенді жекешелендіру қазіргі күрделі экономикалық ахуалға бейімделе жүргізілуі керек, деп есептейді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының (ҰКП) төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев.
«Кешенді жекешелендіру, соның ішінде энергетика саласындағы жекешелендіру шарасы қазіргі күрделі экономикалық ахуалға бейімделе жүргізілуі керек», - деп мәлімдеді Т.Құлыбаев Энергетика және жаңа технологиялар комитетінің отырысында.
Төрағаның айтуынша, жекешелендіру бағдарламасын жүзеге асыру барысында негізгі мәселе бюджеттің бүйірін толтыру туралы болып отырған жоқ. Ондағы басты мақсат - нақты жұмыс істейтін, нысанның өнімділігін арттыратын отандық бизнесті қалыптастыру.
«Сол үшін де кәсіпорындарды жекешелендіру барысында басымдықтың негізгі бөлігі жергілікті кәсіпкерлерге беріліп отыр. Сондықтан да, біз жекешелендірудің икемді жүйесін енгізу мәселесін көтеріп жүрміз. Мәселен, қазақстандық компанияларда жекешелендіруге жататын нысанды сатып алу үшін қаражаты жетіспесе, онда оның бастапқы жарнасын - 25 пайызын төлеп, оған беру жолдарын қарастырған ләзім. Бұдан қорқудың да қажеті жоқ. Ондай нысандар бәрібір Үкіметтің бақылауында болады, жекешеленген барлық компанияларда арнайы комиссиялар жұмыс істейді», - деді Ұлттық палата төралқасының басшысы.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз