Мемлекет басшысы «ЛУКОЙЛ» мұнай компаниясының президенті Вагит Алекперовті қабылдады

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа мұнай компаниясының 2019 жылы Қазақстанда атқарған жұмыстарының есебі берілді. Сондай-ақ Вагит Алекперов «Жеңіс» және «I-P-2» теңіз жобаларын жүзеге асырудың қазіргі ахуалы мен перспективалары туралы баяндады.

Ресей бизнесмені Қазақстан Президентіне Алматы облысында биыл қыркүйек айында ашылған «ЛУКОЙЛ» жағармай өнімдерін шығаратын зауыт жұмысының алғашқы нәтижелері жайында мәлімет берді.

Мемлекет басшысы осындай зауыт салғаны үшін Вагит Алекперовке ризашылығын білдірді.

«Бұл – сіздің компанияның Қазақстан экономикасына қосқан елеулі үлесі. Мұндай бағыттағы инвестицияларға жан-жақты қолдау көрсетеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Вагит Алекперов аталған өндіріс нысаны компанияның мақтанышына айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпорын 700-ге жуық өнім түрін шығарады және бір жарым айдың ішінде өзінің жобалық қуатына толық жетеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу