08 Маусым 2017, 10:55
Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин Қытай Халық Республикасының көрме павильонын аралап көру барысында «Қазақстан мен Қытай – Еуразияның транзиттік көпірі» атты телекөпірге қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Іс-шараға қатысушыларға арналған сөзінде Қазақстан Президенті «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысқаны үшін Қытай жағына ризашылығын білдірді.
"Қытайдың «Болашақтың энергиясы, Жасыл жібек жолы» атты экспозициясы – ЭКСПО көрмесіндегі ең үлкен экспозицияның бірі. Қытай Халық Республикасы – қалпына келтірілетін энергия көздері саласында әлемдік көшбасшы. Еліңіздің «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуы технологияларды және мәдени байланыстарды дамытуға зор үлес қосатынына сенімдімін", – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев «Қорғас – Ляньюньган» жаңа көлік жолының іске қосылуының маңыздылығын атап өтіп, бұл жобаны «Жібек жолының экономикалық белдеуі» және «Нұрлы жол» бағдарламаларын ұштастырудағы екі елдің тиімді ынтымақтастығының жарқын мысалы деп атады.
"Бүгін маңызды екі жобаны іске асыру басталды. Ляньюньган портынан Орталық Азия мен Түркияға теңіз контейнерлерін тиеген бірінші пойыздар жолға шықты. «Қорғас Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының құрғақ портынан Қытайдың Чэнду қаласына контейнерлік қатынас іске қосылды. Жоспарда – 2020 жылға қарай 2 миллион контейнер көрсеткішіне қол жеткізу бар. Бұл елдеріміздің экономикалық өсіп-өркендеуіне септігін тигізеді", – деді Қазақстан Президенті.
Іс-шара соңында мемлекеттер басшылары Еуразия кеңістігіндегі жаңа контейнерлік қызмет – Ляньюньган Қазақстан-Қытай терминалы және «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы құрғақ порты жұмысының басталуын мақұлдады.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу