Қазақстан Президенті мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды табыстауға арналған салтанатты рәсімге қатысты

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды

Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсімге қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Егемендік еліміздің баға жетпес байлығы екенін айтты.

«Біздің буын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында халқымыздың асқақ арманын ақиқатқа айналдырды. Байрақты бабаларымыз бізге ұлан-байтақ жерді мұра етіп қалдырды. Олардың аманатына адал болу – баршамыздың киелі парызымыз. Азаттық үшін алысып, ел үшін жанын пида еткен батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы 2019 жылдың еліміз үшін ерекше маңызды болғанын атап өтті.

«Біз мемлекеттілігіміздің мызғымастығын және демократиялық жолмен дамитынын, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағытын сабақтастық дәстүрімен жалғайтынымызды дәлелдедік. Тұңғыш Президент – Елбасының баға жетпес тәжірибесі мен білімі халқымыз үшін аса қажет және ел игілігі үшін пайдаланылады. Аса көрнекті мемлекет қайраткері, тарихи масштабтағы тұлға және мемлекетіміздің негізін қалаған Елбасының ерен еңбегін құрметтеу – біздің парызымыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңін жүзеге асыру туралы атап өтті. Бұл мақсатқа 3,5 триллион теңге қаржы бөлінгенін, аталған қаражаттың 530 миллиард теңгеден астамы балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға жұмсалатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті халық экономикасын құрудың маңыздылығына назар аударып, оны дамыту нәтижесінде еліміздің әрбір азаматы пайда табуы тиіс екенін жеткізді.

«Біздің басты міндетіміз – әр азаматтың тұрмыс сапасын арттыру. Сондықтан мемлекет әлеуметтік міндеттемелерді орындауға баса мән беріп отыр», – деді Президент.

Мемлекет басшысы әлеуметтік саясатты іске асыру жөнінде айта келіп, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру үшін орындалатын міндеттерге тоқталды.

«Мемлекеттік құрылыстың заманауи үлгісі қазірдің өзінде элитарлық, өзгешелік тұжырымдардан алыс. Әр шенеунік өзін халықтың бір бөлшегі ретінде сезініп, халық үшін және халық арасында жұмыс істеуі тиіс екенін ұмытпауы қажет. Халық үніне құлақ асатын мемлекет дегеніміз бюрократиядан мүлде ада болып, цифрландыру негізінде жүзеге асырылатын барлық рәсімнің ашықтығы», – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз бүкіл халықтың мықты күш-жігерінің арқасында биік белестерді бағындырғанын атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, ел тарихындағы барлық жетістіктер – әр азаматтың ерен еңбегінің нәтижесі.

Қазақстан Президенті салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде мемлекеттік награда алған азаматтардың сіңірген еңбегін жоғары бағалады.  

Қасым-Жомарт Тоқаевтың салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінің толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу