Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы Корольдігінің ішкі істер министрімен кездесті

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясы Корольдігінің Ішкі істер министрі Әбдел Әзиз бен Сауд бен Наифпен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасында орныққан мемлекетаралық ынтымақтастықтың маңыздылығы ерекше екенін атап өтті.

«Биыл біз тәуелсіздігіміздің 26 жылдығын атап өтудеміз. Осы кезең ішінде Сауд Арабиясымен бауырластық қарым-қатынастар орнату үшін барлық шараларды атқарып келеміз. Елордамыз Астананы салуға қолдау көрсеткендеріңіз үшін сіздерге ризашылық білдіреміз», – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық терроризм мен экстремизм қауіп төндіріп тұрған кезде екі елдің құқық қорғау органдары арасында байланыстар орнатудың маңызды екенін атап өтті.

Сауд Арабиясы Корольдігінің ішкі істер министрі Мемлекет басшысына Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Саудтың сәлемін жеткізіп, елдерінің екіжақты табысты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және дамытуға ниетті екенін айтты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу