Үкімет басшысы Қазақстанның ЕО-мен инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі диалогының екінші отырысын өткізді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі Диалог алаңы аясында Қазақстанда тіркелген Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының басшыларымен кезекті кездесуін өткізді.

Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша бірінші кездесуден кейін үш ай ішінде атқарылған жұмыстардың нәтижелерін, соның ішінде қазақстандық өнімдердің ЕО-ға экспортын ілгерілету, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік, кеден, қоршаған орта және климаттың өзгеруі салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін, ҚР-дағы инвестициялық ахуалды жетілдіру жөніндегі заңнамалық шараларды, сондай-ақ осы жылдың 30 қыркүйегінде өткен сауда конфигурациясындағы «Қазақстан – ЕО» ынтымақтастық комитетінің 3-отырысының нәтижелерін талқылады.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР-ның маңызды сауда-экономикалық серіктестерінің бірі саналатын Еуропалық Одақ елдерімен ынтымақтастыққа үлкен көңіл бөлетінін атап өтті.

Еуропалық Одақ елдеріне Қазақстанға салынған тікелей шетелдік инвестициялардың жартысынан көбі тиесілі. 2005 жылдан бастап 2019 жылдың бірінші жарты жылдығына дейін ЕО шамамен  $150 млрд инвестиция салды. ЕО сонымен бірге Қазақстан Республикасының ең ірі сауда серіктесі болып табылады – 2019 жылдың шілдесіндегі жағдай бойынша тауарлар мен қызметтердің екіжақты айналымы шамамен $20 млрд жетті.

«Еуропалық Одақ сарапшыларының қосқан үлестері басқару, жекешелендіру, цифрландыру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, тұрақты даму салаларындағы кейбір негізгі стратегияларымыз бен құжаттарымызды әзірлеу және іске асыру үшін маңызды болды, олар Қазақстан экономикасының өсуіне және ел халқының әл-ауқатын жақсартуда үлкен рөл атқарады», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр тікелей шетелдік инвестициялар мен сауда көлемінің өсуін қамтамасыз ету Қазақстан Үкіметінің жұмысының басымдықты бағыттарының бірі екенін атап айтты. Асқар Мамин Еуропалық Одақ елшілерін Қазақстанның ЕО-мен экономикалық ынтымақтастығына ықпалдасу бойынша бұдан әрі ашық әрі белсенді диалогқа шақырды. 

«Біздің болашақтағы күн тәртібін жаңа беталыстарға икемдірек етіп, туындаған сын-тегеруіндер мен мүмкіндіктерге жақсырақ үн қатуға жол ашатын ұсынымдармен жұмыс істеуіміз керек», — деді Үкімет басшысы.

Өз кезегінде дипломатиялық миссиялардың басшылары Қазақстанда бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар тудыру бойынша жұмыстардың оң динамикасын атап өтті. ҚР-дағы ЕО Өкілдігінің басшысы Свен-Олов Карлссон ҚР Үкіметінің инвестициялық ахуалды жетілдіру бойынша жасап жатқан белсенді ұмтылыстары Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдерінің сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының дамуына қосымша серпін беретініне сенім білдірді.

Талқылауға ЕО сауда-саттық жөніндегі Бас Директоратының Орталық Азия, Ресей, ТМД, Украина, Батыс Балқан мен Түркия бойынша бөлім басшысы Петрос Сурмелис, Германия, Франция, Нидерланды, Польша, Австрия, Испания, Эстония, Италия, Латвия, Грекия, Испания, Хорватия, Румыния, Словакия, Венгрия елшілері, Литва, Португалия, Болгария, Финляндия, Бельгия, Чехия өкілдері, әлемдік ірі компаниялардың басшылары, өкілдері қатысты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу