ҚР Үкіметі басшысы ЭЫДҰ Бас хатшысы Анхель Гурриамен кездесу өткізді

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Францияға жұмыс сапары барысында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Бас хатшысы Анхель Гурриамен кездесті.

Әңгіме барысында Серік Ахметов Қазақстан комитеттер жұмысына және Ұйымның түрлі бағдарламаларына белсенді қатысып, соңғы жылдары Қазақстанның ЭЫДҰ-мен ынтымақтастығы жоспарлы түрде нығайып келе жатқанын атап өтті.

Серік Ахметов А.Гуррианы «Қазақстан-2050» Стратегиясының негізгі ережелерімен таныстырып, «Қазақстанның 30 дамыған мемлекеттер құрамына ену межесін жүзеге асыру барысында ЭЫДҰ-ға мүше елдермен өзара белсенді іс-қимыл жасап отырғанын»,-атап көрсетті.

«Бұл жеңіл емес, бірақ қол жеткізуге әбден болатын міндет, бұл орайда біз үшін ЭЫДҰ-ның тәжірибесі өте маңызды»,-деп атап өтті С.Ахметов.

«Тәуелсіздіктің 20 жылында мемлекет Президентінің басшылығымен біз үлкен жолдан өттік, қазір жаңа әлеуметтік-экономикалық өсу кезеңінде тұрмыз»,-деді С.Ахметов.

Өз кезегінде, А.Гурриа Қазақстанға ЭЫДҰ Даму орталығына қосылуды ұсынды, бұл оның ойынша, «Ұйым қызметінің негізгі бағыттары бойынша өзара іс-қимылды нығайтуға мүмкіндік береді».

Сондай-ақ ЭЫДҰ басшысы «жасыл экономиканы» дамытудың маңыздылығына тоқталды.

«Біз үшін экология, қоршаған ортаны қорғау - жоғарғы басымдықты мәселелер болып табылады. Біз, Қазақстанның аймақтағы «жасыл» стратегия көшбасшысы болуы үшін зор әлеуеті бар деп есептейміз»,-деп атап көрсетті А.Гурриа.

АНЫҚТАМА

ЭЫДҰ - байсалды демократия және еркін нарық экономикасы принциптерін мойындайтын, дамыған елдердің халықаралық экономикалық ұйымы. Ұйымда 30-ға жуық комитет пен жұмысшы орган бар.

Бұл беделді ұйымға мүшелік мемлекеттік басқарудың үздік тәжірибесіне қолжетімдікке және озық стандарттарды енгізуге, елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді және шет елдерден қаржылық ресурстарды арзанырақ бағамен тартуға мүмкіндік береді.

Қазіргі кезде 34 мемлекет ЭЫДҰ-ға мүше.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу