ҚР Үкіметі басшысы ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен кездесті

Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Бейжіңде Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен кездесу өткізді.


Кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында Кәрім Мәсімов қытай тарапына жылы қарсы алғандығы үшін және Қазақстанның тәуелсіздігінің 24-жылдығымен құттықтағаны үшін алғыс білдірді.

«Үстіміздегі жыл жоғары және жоғарғы деңгейдегі өзара сапарларға толы болды, соның арқасында екі жақты қарым-қатынас стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңіне шықты. Біз мемлекеттеріміздің арасындағы сенім мен өзара түсіністіктің жоғары деңгейін бағалаймыз», - деді Қазақстан Премьер-Министрі.

Кәрім Мәсімов Қазақстан Қытайдың бастамаларын – «Бір белдеу, бір жол», оның ішінде «Жібек жолының Экономикалық белдеуі» бағдарламасын жүзеге асыруды жан-жақты қолдайтынын тағы да айтып өтті.

Оның пікірінше, аталған идея әлем экономикасының тұрақсыздығы жағдайында Қазақстанның «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясатымен үндес болып отыр. Осыған байланысты қос бағдарламаның мүмкін түйіндесуі бойынша Бірлескен жұмыс тобы құрылды.

Өз кезегінде, Ли Кэцян қытай тарапының мемлекетаралық қатынастардың барлық спектрі бойынша өзара тиімді серіктестікті одан әрі тереңдетуге мүдделілігін білдірді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға, оның ішінде Үкімет басшыларының бірлескен мәлімдемесіне; 2015-2020 жылдарға ҚР мен ҚХР шекара ынтымақтастығы бағдарламасына; индустрияландыру және инвестиция саласындағы ынтымақтастық аясында іскерлік мақсаттардағы визалар рәсімдеу туралы ҚР және ҚХР Үкіметтері арасындағы Келісім жобасына; Қазақстан-Қытай шекарасында «Сенім» жобасын жүзеге асыру туралы ҚР ҚМ МКК мен ҚХР БКБ арасындағы Хаттамаға және басқа да құжаттарға қол қойылды.
 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу