Үкімет Басшысы С.Ахметов машина жасау саласын жетілдіру қажеттігін атап көрсетті

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов осы күндері Астана қаласында өтіп жатқан Машина жасаушылар форумының жұмысына қатысты.

Пленарлық отырысты ашқан С.Ахметов ел Президентінің Форум қатысушыларына арнаған құттықтауын оқып берді.

«Қазақстанның машина жасау кешені таяу болашақта ел экономикасының негізгі саласының біріне айналуы тиіс. Бұл үшін мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Институционалдық және нормативтік-құқықтық база қалыптастырылды, инвестициялық ахуал жақсаруда, мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік тетіктері жетілдірілуде», - делінген құттықтау хатында.

Отырыста ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев, машина жасаушылар Одағы басқармасының төрағасы М.Пішембаев, General Electric Transportation компаниясының ТМД, Еуропа елдері бойынша бас менеджері Г.Байхан, «Белкамит» БК» АҚ бас директоры П.Беклемишев машина жасауды дамыту перспективалары туралы баяндады.

С.Ахметов саланың алдында тұрған міндеттерге қатысты оны одан әрі дамыту қажеттігін айтты. «Біз 10 жыл ішінде өндірілген өнім көлемін 45 млрд. теңгеден 680 млрд. теңгеге дейін арттырдық. Зауыттар мен кәсіпорындарды жаңғыртып, қайта құрусыз алға қойған межеден шығу қиындық туғызар еді. Жаңа технологиялар, жаңа құрал-жабдықтар керек. Оларсыз бәсекеге қабылетті өнім өндіру мүмкін емес», - деп атап көрсетті Үкімет басшысы.

Сөзінің соңында Премьер-Министр машина жасау қандай экономиканың болса да негізгі саласының бірі болып табылатынын атап көрсетті.

Форумның басты тақырыбы - қазақстандық машина жасау өндірісін дамыту перспективалары болды. Бұл іс-шараға Достастық елдері мен алыс шетелден 700-ден астам делегат қатысуда. Форум Қазақстан үшін басымдықты болып табылатын, машина жасау саласы бойынша инновациялық шешімдер қабылдау мақсатындағы мемлекеттер, бизнес пен ғылым өкілдерінің өзара тиімді іс-қимылдарын іске асыратын халықаралық алаң міндетін атқармақ.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу