Қазақстанда квазимемлекеттік секторды ескергенде мемлекеттік борыш Үкімет бақылауында, деп мәлімдеді қаржы министрі Болат Жәмішев Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
«Жалпы, үкімет квазимемлекеттік секторды ескергеннің өзінде мемлекеттік борыш бақылауда деп санайды. Мұндай бақылау тетіктерін жетілдіру бойынша шаралар әзірленуде», - деді Б.Жәмішев.
Сонымен қатар, ол заңнамалық актілерден туындайтын мемлекет міндеттемелерін есепке алу жөніндегі мәселелерді айтып кетті, мәселен, тұрғын үй құрылыс жинақтары бойынша сыйақылар төлеу, мемлекеттік-жеке әріптестік бойынша міндеттемелер, мемлекеттік білім берудің жинақтаушы жүйесі бойынша міндеттемелер, жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы жинақтарының нақты кірістілігін қамтамасыз ету бойынша мемлекет кепілдігін орындау.
Осы міндеттемелер мемлекеттік борыштың құраушы бөлігі болып табылмайды, олар мемлекеттің кейінге қалдырылған міндеттемелеріне жатады.
Осыған байланысты, Қаржы министрінің мәлімдеуінше, оларды есепте көрсету бойынша жұмыс жүргізілетін болады.
Осылайша, биылғы жылы біз Қоғамдық сектордың Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес есептеу әдісіне көшкеніміз барлығыңызға мәлім. Нәтижесінде, 2016 жылы барлық міндеттемелерді есепке ала отырып, мемлекеттің жиынтық балансы қалыптастырылатын болады.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз