Қала құрылысы кадастры сәулет және құрылыс жұмыстарының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді — Ж. Қасымбек

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мемлекеттік қала құрылысы кадастрының қызметі мен оны енгізу туралы баяндады.

Қазақстанда мемлекеттік қала құрылысы кадастры құрылыс саласын цифрландырудың маңызды элементі ретінде қалыптасуда. Қала құрылысы кадастры жер бетінде және жер астында орналасқан барлық жылжымайтын мүлік пен инфрақұрылым нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай жүйесі болып табылады.

«Қала құрылысы кадастры сәулет-құрылыс жұмыстарының ашықтығын, халық пен бизнес үшін қажетті инфрақұрылымның болуын, инженерлік коммуникацияға қосылу мүмкіндігін қамтамасыз етеді», — деді Жеңіс Қасымбек.

Әкімдіктер ұсынған мәліметтер бойынша қала құрылысы кадастрының деректерін цифрландыру деңгейі республика бойынша орташа есеппен 20%-ті құрайды.

Экономиканың негізгі бағыттары бойынша 35 мыңнан астам нысан қамтылған тоғыз тақырыптық базадан тұратын қала құрылысы кадастрының республикалық деңгейі құрылып, жүргізілуде.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, өңірлерде мемлекеттік қала құрылысы кадастрын бірлесіп енгізу және оның жұмыс істеуі үшін әкімдіктер қолда бар ақпараттық модельдер мен деректер қорын қала құрылысы кадастрына ұсынып, инженерлік желілер мен құрылыстарды түгендеу жұмыстарын жылдамдатып, қала құрылысы кадастрының қосымшасын енгізу керек және т.б.

Өңірлер қала құрылысы кадастрының қолда бар ақпараттық ресурстарын ұсыну, сондай-ақ инженерлік желілер мен коммуникацияларды түгендеуге қаражат бөлу жұмыстарын бастады. Бүгінде Ақмола облысы (Көкшетау), Ақтөбе облысы (Ақтөбе), Алматы (Талдықорған және 8 аудан орталығы) және Атырау (Атырау қаласы) облыстары бойынша деректер берілді.

Даурен Абаев

Өз кезегінде ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында бірқатар ақпараттық жүйелерді біріктіру арқылы «Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры» ақпараттық жүйесін құру туралы баяндады.

БМЖК аясында 19 қосымша жүйе мен модульдер болады. Олар қосымша жүйелердегі функционалды бағыт, ортақ жүйедегі бағыт пен ақпараттық-анықтамалық бағыттар бойынша жұмыс істейді. Жоба 2018 жыл мен 2021 жылдар аралығында жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта жобаның тұжырымдамасын құру, техникалық тапсырмасын жасақтау мен қажетті бағдарламалық құжаттарын дайындау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (АШМ) мен «Жылжымайтын мүлік регистрі» мемлекеттік дерекқорын (ӘМ) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына сенімді басқаруға өткізу мәселесі жан-жақты қарастырылып жатыр.

Аталған мәселе бойынша Қызылорда облысының әкімі Қ. Қөшербаев, Атырау облысының әкімі Н. Ноғаев, Алматы қаласының әкімі Б. Байбек, сондай-ақ Астана қаласы әкімінің орынбасары С. Хорошун баяндама жасады.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев әкімдерге Инвестициялар және даму министрлігіне қолда бар дерекқорлар мен қала құрылысы кадастрын жүргізудің ақпараттық жүйелерін ұсынуды тапсырды.

Сондай-ақ өңірлерде инженерлік желілерді инвентаризациялауды жүргізіп, Инвестициялар және даму министрлігіне деректерді беру қажет.

Инвестициялар және даму министрлігіне Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесіп, өңірлер ұсынған деректерді ескере отырып, Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін қалыптастыруды бастау тапсырылды.

Бақылау жұмыстары ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиевке жүктелді.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу