Халықаралық сарапшылар Президенттің бес әлеуметтік бастамасы туралы: Қазақстан дұрыс бағыт ұстанған

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы барысында қазақстандықтарға арнаған «Бес жаңа әлеуметтік бастама» атты үндеуі елімізде ғана емес, сондай-ақ, бүкіл әлемде үлкен резонанс тудырды. Түрлі әлемдік сарапшылар жарияланған бастамалардың келешегі туралы өз пікірлерін білдіруде.

Елбасының жария еткен бастамаларына түрлі елдердің: АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Германия, Нидерланды, Иордания, Швейцария, Түркия, Франция, Хорватия, Әзербайжан және т.б сарапшылары оң баға берді.

Бес әлеуметтік бастама Қазақстанның экономикалық дамуының жалпы деңгейінің артуын көрсетеді

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік бастамаларына АҚШ-та пікір білдіріліп жатыр. Америкалық саясаттанушы, сыртқы саясат, қауіпсіздік және халықаралық қатынастар саласындағы жетекші сарапшы Ариэль Коэн әлеуметтік жаңғыртуға бағытталған жаңа бастамаларды Қазақстанның ілгеру дамуының нәтижесі деп есептейді.

«Қазіргі құжаттық реформалар пакеті – бұл Қазақстандағы әлеуметтік даму және әлеуметтік саланы тұрақтандыру жолындағы үлкен қадам. Халықтың табысы төмен бөлігінің мемлекет тарапынан кең ауқымды қолдау алуы, оның ішінде пәтерақы жеңілдіктері, салықтарды қысқарту, білім беру және шағын несие алу шарттарының жеңілдеуі үлкен маңызға ие. Бұл, сондай-ақ, Қазақстанның экономикалық дамуының жалпы деңгейінің өскенін көрсетеді. Бұл Қазақстанның, халықтың және Президенттің елеулі жетістіктерінің дәлелі», — деді Ариэль Коэн.

 

Қытай Қазақстан Президентінің 5 әлеуметтік бастамасын қолдайды

Бұл ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Лу Канның сөзі.

«Қытай тарапы Қазақстан Президентінің әлеуметтік бастамаларын қолдайды. Бұл ұсыныстардың халықтың әл-ауқатын жақсаруға жол ашатынына сенімдіміз»,— деді Л. Кан.

Қазақстандық телеарналардың біріне берген сұхбатында Қытай ұлттық университетінің профессоры Ван Сяньцзюй Бес әлеуметтік бастама туралы өз пікірімен бөлісті.

«Қытай халқында «Жоғары білімді адам – көреген» деген мақал бар. Бұл тұрғыда Қазақстан дұрыс бағыт ұстанған. Президент Нұрсұлтан Назарбаев жастарға көп көңіл бөледі. Қосымша гранттар бөлу, сапалы білімді қолжетімді ету, жастарға қолдау көрсету – сіздердің елге жоғары білікті мамандар буынын әкелуге мүмкіндік береді. Бұл мемлекеттің болашағына салынатын ең тиімді инвестиция», — деді Ван Сяньцзюй.

Өз кезегінде Қытай Халық университетінің жанындағы «Бір белдеу, бір жол» экономикалық зерттеулер институтының директоры Гуань Сюелин төмен жалақы ататын жұмысшыларға салық жүктемесін төмендету және шағын несие беру көлемін ұлғайту ҚР-дағы жалпы іскерлік ахуалды жақсартып, шағын және орта бизнес кәсіпорындарының санын арттырып, елдің инвестициялық тартымдылығын арттырады деп есептейді.

Президенттің бес әлеуметтік бастамаларының экономикалық тиімділігі таяу жылдары байқала бастайды

Президенттің әлеуметтік бастамаларын талқылауға ресейліктер де қатысты. Ресейлік экономистер Президенттің бес әлеуметтік бастамаларының экономикалық тиімділігі таяу жылдары байқала бастайды деген сенімде. Атап айтқанда, салықтық жүктемені төмендету және шағын несие беруді кеңейту елдің экономикалық өсуін жеделдетуге мүмкіндік береді және «Қазақстан–2050» стратегиясында көзделген мақсаттарға қол жеткізуге — елдің ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесін 50%-ке дейін жеткізуге жол ашады. Жоғары экономика мектебінің профессоры Александр Абрамов осындай пікір айтты.

«Бір жағынан, адамдар білім алуға, тұрғын үй жағдайын жақсартуға белсендірек ұмтылуының арқасында бастамалардың тиімді нәтижесі айтарлықтай жылдам көрінуі де мүмкін, бұл тұрғыдан адам капиталы жақсарады, адамдар тиімдірек жұмыс істей бастайды, өзгерістерге ұмтылыс жоғары болады. Егер ипотека, білім беру, шағын бизнесті қаржыландыру туралы айтар болсақ, онда олардан түсетін нәтижелерді ұзақмерзімді деуге болады. 2-3 жыл – бұл экономикалық тиімділікті сезінудің ең минималды мерзімі», — деді Александр Абрамов.

Еуразиялық даму банкінің бас экономисті Ярослав Лисоволиктің айтуынша, Қазақстан Президентінің ұсынған бес бастамасы, атап айтқанда, төмен жалақы алатын қазақстандықтарға салық жүктемесін төмендету, тиісті білім алуға жағдай жасау, шағын және орта бизнесті несиелендіру — қалың көпшілікті экономикалық даму стратегиясымен қамтуға мүмкіндік береді.

«Қазақстан – халық кірісінің теңсіздігін төмендету тұрғысынан алғанда еуразиялық кеңістікте табысты экономикасы бар елдердің бірі. Мұндай шара теңгерімсіздікті азайтуға қосымша қадам жасайды. Бұл Қазақстанның экономикалық даму стратегиясына халықтың басым көпшілігін тарту стратегиясы. Ең алдымен, халықтың аз қамтылған топтары үшін салық ауыртпалығын төмендету – Қазақстан бұл шараларды орындаудың алдыңғы қатарында тұр деуге болады, мұндай үрдістерді экономикалық саясат тұрғысынан бірқатар еуропалық елдерден көріп жүрміз», — деді Ярослав Лисоволик.

 

Қазақстан өз мақсаттарына қарай батыл қадам басуда

ГФР Бундестагының депутаттары Қазақстанда жүргізіліп жатқан әлеуметтік реформалардың маңызы зор екенін айтады.

«Президент жария еткен әлеуметтік бастамалар газдандырудан бастап салықтарды қысқарту мәселелеріне дейін өте өзекті. Қазақстанда білім беру гранттарының саны артады. Бұл тамаша жаңалық. Қазақстанға елді одан әрі дамытатын жоғары білімді мамандар қажет. Елдің айқын стратегиясы бар. Қазақстанның өз мақсаттарына қарай батыл қадам жасап жатқаны қуантады. Қазақстан – дұрыс жолда», — деді депутат Аксель Фишер.

Неміс саясаткері Танкред Шипанскидің айтуынша, Астана мен Берлин ұқсас әлеуметтік саясат жүргізуде.

«Менің ойымша, Президент Н. Назарбаев әлеуметтік бірлікті нығайтуға тиісті 5 ауқымды бастаманы ұсынды. Екі бастаманы ерекше атап өткім келеді. Біріншісі –тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты. Германия да осындай қадамдар жасап жатыр. Біз жас отбасыларға олардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға мүмкіндік бергіміз келеді. Сол себепті де Қазақстан секілді ұқсас стратегияны ұстанамыз. Президенттің екінші маңызды бастамасы – білім сапасын жақсарту және гранттар санын көбейту. Президент ғылымға, инженерлер мен басқа да сұранысқа ие мамандарды даярлауға басымдық беруде. Біз аталған бастамаларды қолдаймыз және Қазақстан халқы мен Президентіне оларды іске асыруда табыс тілейміз», — деді Танкред Шипански.

Потсдам университетінің Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдері бойынша сарапшысы Матиас Дорнфельд Бес әлеуметтік бастама ауылдық жерлердің экономикасының дамуына ықпал етеді, сондай-ақ халықтың аз қамтылған топтарына үлкен қолдау болады деп есептейді. Бұл барлық қазақстандықтарға пайда әкелуі тиісті теңгерімді бағдарлама.

Президенттің бұл бастамалары қазақстандық қоғамды одан да күштірек етеді

Nunner Logistics компаниясының ТМД елдері бойынша жобаларының директоры Тонни Штрауб (Нидерланды) «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» туралы түсініктеме берді. 

«Қазақстан билігі әлеуметтік бастамаларға аса жоғары басымдық беруді жалғастырып жатыр. Бұл дұрыс позиция және дұрыс бағыт. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен ел халқының игілігі үшін жұмыс жасауды жалғастыруда», — деді Т. Штрауб.

Оның пікірінше, Президенттің бұл бастамалары қазақстандық қоғамды одан да күштірек етеді. Олардың көпшілігі өздерінің арманындағы мемлекетті құруы тиісті жас буынға бағытталған.

«Президент басымдықтарды дұрыс қоя біледі, олардың бірі — білім беру. Елдің негізгі құндылығы – адамдар. Студенттерге қосымша гранттар беру ел экономикасына, әсіресе төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында оң әсер етеді», — деп түйіндеді сарапшы.

 

Қазақстан Президентінің бес әлеуметтік бастамасы — елді әлеуметтік жаңғыртудағы үлкен жетістік

Иорданиялық сарапшы әрі журналист Машхур Абу Эйд өз елін мысалға ала отырып, әлеуметтік реформалардың пайдасы туралы айтып берді.

«Қазақстан Президентінің бес әлеуметтік бастамасы – елді әлеуметтік жаңғыртудағы және қарапайым азаматтардың әл-ауқатын жақсарту жолындағы үлкен жетістік. Иорданияда жақында 20-25 жылға 7%-бен азаматтарға қолжетімді тұрғын үй алуға байланысты ұқсас бағдарлама енгізілді. Кейінірек тұрғындардан алынған сауалнама нәтижесі азаматтардың жаңа бағдарламаға оң баға бергенін көрсетті. Олар пәтерді жалдау ақысын төлегеннен гөрі, өздерінің жекеменшік мүлкіне ақы төлеуге дайын. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары білім беру, шағын және орта бизнеске шағын несие беру, газдандыру және басқа да салаларды қамтиды», — деді Иорданиялық сарапшы-журналист Машхур Абу Эйд.

Иорданияның Атом энергетикасы жөніндегі агенттігінің қызметкері Халед Надер Абдель-Джалиль Қазақстанға көшіп келуге ниетті екенін айтты: «Президент Н. Ә. Назарбаевтың бастамалары шынайы әрі міндетті түрде орындалады, ең бастысы, жастар мен қарапайым азаматтарға лайықты өмір сүруге мүмкіндік береді. Сондықтан біз Қазақстанға көшуді ойлаймыз. Балалар осындай перспективаға таңқалуда, ал маған қазақтардың менталитеті мен мәдениеті жақын әрі түсінікті».

Президенттің ойлары мен жүрегі — өз отандастарының әл-ауқатын жақсартуға қамқорлық жасауда

Профессор, Вербье Швейцария экономика мектебінің деканы, MIM (Master's on International Management) халықаралық бағдарламасының жетекшісі Доминик Джордан ҚР Президентінің Қазақстан халқына арнаған Бес әлеуметтік бастамасы туралы үндеуінен алған әсері туралы айтып берді. 

«Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халқына арнаған Үндеуін мұқият оқып шықтым. Бұл – үміт жолдауы, Мемлекет басшысының болашақта өз халқын үйлесімді әрі өркендеген елде өмір сүруін көруі деп айта аламын. Президенттің ойлары мен жүрегі қаншалықты өз отандастарының әл-ауқатына қамқорлық жасаудан тұратынын осыдан көруге болады», — деді Доминик Джордан.

Оның пікірінше, Қазақстан — қоғамның бейбітшілік пен келісімде өмір сүруінің үлгісі. Сарапшының айтуынша, барлық бес бастама бүкіл қоғам үшін пайдалы болады.

Ел болашағы — жастарда

Қазақстан Президентінің әлеуметтік бастамалары туралы Түркияның ғылыми ортасында да пікірлер айтылуда. Мимар Синан атындағы бейнелеу өнері университетінің профессоры, тарихшы Абдиуакап Кара жария етілген ұсыныстарды жоғары бағалайды және олар азаматтардың әлеуметтік мәртебесін көтеруге сапалы әсер етеді деп санайды.

«Жарияланған бастамалар Қазақстан халқының негізгі топтарының өмір сүру деңгейін, әлеуметтік мәртебесін арттыру үшін шешуші рөлге ие. Елдің болашағы — жастар. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жастардың жақсы білім алуына, жатақханада тұруын қамтамасыз етуге жағдай жасап жатыр», — деді Абдиуакап Кара.

Қазақстанды одан әрі газдандыру жөніндегі бастама елдегі энергиямен қамтамасыз етудің аумақтық теңгерімін күшейтеді

Шуазель институтының президенті, Экспо-2017 көрмесіндегі Франция павильонының бұрынғы комиссары Паскаль Лороның айтуынша, Қазақстанды одан әрі газдандыру жөніндегі бастама Жезқазған, Қарағанды, Теміртау және Астана қалаларын (еліміздің орталығында және солтүстік-шығыс бөлігінде) газбен қамтамасыз етуге арналған Қызылорда облысындағы Қараөзектен басталған (Қазақстанның оңтүстік-батысы) газ құбырының арқасында газға қолжетімділікті кеңейту арқылы елдегі энергиямен қамтамасыз етудің аумақтық теңгерімін күшейтеді.

«Бұл жоба елеулі әлеуметтік-экономикалық ұмтылыстарға ие. Ол 2,7 млн адамды газбен қамтамасыз етеді, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартады және экономика субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырады, өйткені энергия шығыны өндірістік шығындардың едәуір үлесін құрайды», — деді ол. Бұл инфрақұрылымдық жоба, әсіресе халықаралық қаржы институттарынан, инвестициялар тартады.

Хорватия Президенттің бірінші бастамасын іске асыруға көмектесуге дайын

Хорватия Республикасының сыртқы және еуропалық істер министрінің орынбасары Амир Мухареми Елбасының жаңа бастамалары туралы пікірін білдірді. Оның айтуынша, ауқымды әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру екі ел арасындағы іскерлік ынтымақтастыққа қолайлы жағдай туғызады. Атап айтқанда, Хорватия тарапы озық технологияларды қолдана отырып, халық үшін қолжетімді баспана салу бойынша Президенттің бірінші бастамасын жүзеге асыруға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.

Жалпы алғанда, А. Мухаремидің айтуынша, «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әрбір қазақстандықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған әлеуметтік саясатты жаңғырту жолында және көлемді реформалар жүргізуде кезекті рет дана шешім қабылдап, көрегендік танытты».

Студент жатақханалары — ЖОО студенттері арасындағы әлеуметтік біріктіруші

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру гранттарын көбейту және студенттік жатақханаларды салу бастамасы елге ҚР-ның қарқынды дамып келе жатқан экономика салалары үшін жоғары білікті мамандар санын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бұл пікірді Сингапурдің Мұғалімдер кәсіподағының бас хатшысы, Educare International Consultancy компаниясының президенті Майк Тируман айтты.

Майк Тируман Қазақстанның 75 мың орынға арналған жаңа студенттік жатақханаларды салу туралы жоспарларына құрметпен қарайтынын айтты, бұл студенттік тұрғын үй тапшылығы мәселесін шешеді, университеттің оқу тәжірибесін кеңейтуге, студенттердің ой-өрісін арттыруға, олардың білімдері мен дағдыларын тереңдетуге ықпал етеді.

«Жатақханадағы студенттердің бір-бірімен өзара әрекеттесуіне көп уақыты болады, соның арқасында олар білім алу үдерісін жақсарта алады. Студенттер жатақханалары – бұл әлеуметтік, тұлғааралық және коммуникативтік дағдыларды дамытуға болатын, сыни және шығармашылық ойлауды шыңдайтын орын», — деді Сингапурдің Мұғалімдер кәсіподағының бас хатшысы.

Дамудың себебі — біліміне инвестициялар салынған адамдарда

Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти «мемлекетті одан әрі дамытып, осы үдерісті жеделдету үшін сапалы білімге ие болу өте маңызды» деп атап өтті.

Жаңалықтардың айрықша ерекшелігі – ауқымдылық пен тиімділік. Бұл пікірді Оксфорд университетінің зерттеушісі Трой Штернберг ұстанады. Оның айтуынша, адам капиталы — жаңғыртудың негізі, ал білімге салынған инвестициялар — болашаққа салынған ең тиімді инвестициялар.

«Егер Оңтүстік Корея мен Жапонияға қарасаңыз, олардың дамуының себебі – біліміне инвестициялар салынған адамдарда. Қазақстан табиғи ресурстарға өте бай, сонымен бірге мұнда адам капиталы мол. Сіздер тек университеттеріңізге ғана аса мән беріп қоймай, сонымен қатар студенттерді шетелде оқуға жібересіздер. Бір сөзбен айтқанда, қазақстандықтарды халықаралық білім алуға тарту және оларды жігерлендіру болашақта пайдалы жемістерін беретіні сөзсіз», — деді Трой Штернберг.

Мемлекет өз азаматтарына қамқорлық көрсету арқылы қоғамның бірлігіне қол жеткізе алады

Елбасымыздың бастамалары туралы айта отырып, Әзербайжан сарапшылары осылайша мемлекет Қазақстан халқына және олардың әлеуметтік қамсыздандырылуына баса назар аударатынын атап өтті. Парламент депутаты Эльман Насыровтың айтуынша, тұрғын үй мәселесін шешуге арналған тетіктер өзге елдерге үлгі бола алады.

«Мемлекет басшысының бес бастамасын тарихи шешім деп санауға болады. Себебі, елдің қазіргі әлеуеті, мүмкіндіктері осы жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл бастамалардың маңыздылығы — адамдардың өз болашағына, балаларының жарқын болашағына сенуіне, мемлекеттің қамқорлығын сезінуіне байланысты. Осының арқасында халықтың мемлекетке деген сенімі артады. Мемлекет өз азаматтарына қамқорлық жасау арқылы қоғам бірлігіне қол жеткізе алады, бұның бәрі Қазақстан мемлекетінің барлық әлеуметтік бағытталған бастамаларында көрініс тапқан», — деді Эльман Насыров.

Әлемдік БАҚ контекстіндегі Президент бастамалары

Әлемдік БАҚ Қазақстан Президентінің жаңа әлеуметтік бастамаларын белсенді түрде жариялауда.

mno.hu порталының тілшісі Габор Штир «Астана Рузвельттің «Жаңа бағытын» үлгі деп санайды» мақаласында Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың үндеуіне терең әрі егжей-тегжейлі талдау жасайды және оның ойынша негізгі сұраққа жауап табуға тырысады: «Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия мемлекетін әлеуметтік жұмаққа айналдыруға ниетті, бірақ бұл қаншалықты орындалуы мүмкін?»

«Реформалардың нәтижелері туралы айтуға әлі ерте. Өз кезегінде, қазақстандық БАҚ бұл өзгерістерді 1933–1939 жылдар аралығында жүзеге асырылған, АҚШ президенті Франклин Рузвельттің «Жаңа бағытымен» салыстырады ... Бұл туралы не айтуға болады? Астанада ауқымдырақ ойлауға болады», — деген мақаланың авторы.

politforumi.com порталы былай деп жазады, бұрынғы Кеңес Одағының кеңістігінде әлі де шексіз проблемалар, артта қалушылық мысалдарымен қатар, табысқа жету мысалдары да бар. Қазақстан — экономикада және мемлекеттің құрылысында тамаша жетістіктерге қол жеткізген мемлекет. 

Портал тілшісі Гулбаат Рцхиладзе «Мемлекет назарында — адам» деген мақаласында Қазақстан көптеген посткеңестік елдермен және басқа да елдермен салыстырғанда, адамды бірінші құндылық ретінде санайтынын жазған.

«Бұл жай ғана әдемі сөздер емес, Президент Назарбаев бес бөлімнен тұратын жаңа әлеуметтік бастамасында осыны дәлелдейді. Президенттің бес әлеуметтік бастамасы ел азаматтарының жартысынан астамының өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған және оларды 2022 жылға дейін жүзеге асыру көзделген», — делінген мақалада.

«Новые известия» ресейлік баспасының беттерінде Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік бастамаларына белгілі ресейлік сарапшы және саясаттанушы, «Саяси зерттеулер институтының» бас директоры Сергей Марков та пікір білдірген.

«Қазақстан Президентінің кезекті реформалық бастамаларына тағы да қолдау көрсетеміз. Жалпы алғанда, посткеңестік кеңістікте тек екі мемлекет – Қазақстан мен Әзербайжан ғана сенімді дамып келе жатқан экономиканы құрып, халықтың әл-ауқатын тұрақты арттыра алатын деңгейге жетті деп айта аламын», — деді С. Марков.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу