14 Сәуір 2026, 11:30
Қазақстан Респубикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2026 жылғы қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды.
Онда қаржы министрі Мәди Такиев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин, Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев, сондай-ақ Атырау және Ақмола облыстарының әкімдері баяндама жасады.
«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында сапалы әрі орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл міндет өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестициялық белсенділікті арттыру, өндіріс орындарын технологиялық жаңғырту арқылы жүзеге асырылуда. Аталған кезеңде жалпы ішкі өнім нақты 3%-ға өсті. Бұл көрсеткіш шикізаттық емес секторда, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі, көлік, құрылыс, сауда салаларындағы орнықты өсу есебінен қамтамасыз етілгенін айта кету керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Күрделі сыртқы экономикалық ахуалға қарамастан, шикізаттық емес сектор өзінің тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін көрсетіп отырғаны атап өтілді. Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша құрылыста – 14,8%, көлікте – 12,8% және өңдеу өнеркәсібінде – 8,5% деңгейінде ең жоғары өсім тіркелген.
Бірқатар облыста макроэкономикалық көрсеткіштердің жалпы өсуімен жекелеген бағыттар бойынша төмендеу тіркелді. Жоспарлы өсімді қамтамасыз ете алмаған Атырау және Ақмола облыстарының әкімдеріне қалыптасқан жағдайға талдау жүргізіп, қажетті шаралар қабылдай отырып, бақылауды күшейту тапсырылды.
Премьер-министр жыл соңына дейін 5%-дан жоғары деңгейде орнықты экономикалық өсімге қол жеткізу үшін бар күш-жігерді жұмылдырудың және шикізаттық емес салалардағы қолдағы бар резервтерді толық пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.
Цифрлық шешімдер мен ЖИ енгізуді қоса алғанда, нақты өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру қажеттігіне баса назар аударылды.
«Бәсекелестік күннен күнге күшейіп келеді. Бос әңгімені доғаратын уақыт келді. Нақты іспен айналысу керек. Ірі өнеркәсіп және инфрақұрылым жобаларын жүзеге асырып, барлық салаға жасанды интеллектіні енгізу керек. Қаржылық тәртіпті қатаң сақтап, әлеуметтік қамсыздандырудың әділетті жүйесін қалыптастыру қажет. Қазіргідей бәріне бірдей емес, мемлекет шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана қолдау көрсетуі тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Отырыс барысында Премьер-министр бірқатар тапсырма берді.
Атап айтқанда, инфляциялық қысымды төмендету – маңызды міндет. Наурыз айында инфляция 11%-ға дейін төмендеді. Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенінің сапалы орындалуын, сондай-ақ макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру барысын бақылауда ұстау қажеттігі атап өтілді. Сондай-ақ ең бастысы, маңызды бағыттарда, соның ішінде азық-түлік өнімдерін шығаратын қолданыстағы өндірістерді локализациялау деңгейін арттырып, кеңейту қажет.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне мал шаруашылығында өнімділікті ұлғайтып, жылыжай, көкөніс және сүт өндірісін кеңейту, сондай-ақ қайта өңдеу деңгейін тереңдету бағытында қосымша шаралар қабылдау тапсырылды. Сауда министрлігі көтерме-тарату инфрақұрылымын дамыту, заманауи сақтау және логистика қуаттарын құру жұмыстарын жандандыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуін тежеуге тұрақты мониторинг жүргізіп, тиісті шаралар қабылдауды жалғастыру қажет.
Сондай-ақ Сауда министрлігі өңірлермен бірлесіп, ішкі нарықты отандық өнімдермен толықтыру, делдалдық схемаларды анықтау және цифрландыру арқылы жеткізу тізбектерін қадағалау жұмыстарын күшейтуі керек.
«Арман Абайұлы, өткен аптада сізге ірі көтерме базарларда тәртіп орнатуды тапсырған болатынмын. Жасыратыны жоқ, ол жерлерде ел айтып жүргендей, «ұйымдасқан топтар» заңсыз әрекет етеді. Көкөніс, жеміс-жидек, ет және басқа да өнімдердің бағасы ешқандай негізсіз, қолдан көтеріледі. Міне, осыны нағыз делдалдық схемалар деп айтуға болады. Ішкі істер министрлігімен, Мемлекеттік кірістер комитетімен және Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірге осы мәселемен нақты әрі жүйелі түрде айналысыңыз», — деп атап өтті Премьер-министр.
Бұл ретте үйлестірілген тарифтік саясат болжамды әрі инфляцияның мақсатты көрсеткіштеріне сәйкес келуі тиіс. Ұлттық экономика, Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктері тарифтер мен бензин бағасына мораторийдің аяқталуына байланысты олардың инфляция деңгейіне үлесін жоғарылатпау үшін шаралар қабылдауы қажет. Нарықтарды жүйелі түрде демонополизациялап, азық-түлік, отын, көлік және коммуналдық қызмет нарықтарында монополияға қарсы бақылауды күшейту керек. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және салалық мемлекеттік органдармен бірге аталған бағытта бірлескен жұмысты жалғастыруы қажет.
Экономика құрылымында екінші жыл қатарынан кен өндіру саласынан алда келе жатқан өңдеу өнеркәсібіне де назар аударылды. Бұл ретте нақты секторды ынталандыру үшін қосымша шаралар қабылдау қажет.
Өнеркәсіп министрлігіне бір ай ішінде металлургия мен химия өнеркәсібін қолдау, өнім номенклатурасын кеңейту және өндірістік қуаттардың әлеуетін ынталандыру шараларын әзірлеу тапсырылды.
«Самұрық-Қазына» қорына Сыртқы істер, Өнеркәсіп, Сауда министрліктерімен бірлесіп, отандық металлургия кәсіпорындарының өндірістік әлеуетін арттыру үшін құрамында алтыны бар импорттық және полиметалл шикізатын іздестіру және тарту жүктелді.
Энергетика министрлігіне Атырау облысындағы полипропилен компаниясының жобалық қуатына шығуын қамтамасыз ету міндеттелді. Сондай-ақ Өнеркәсіп министрлігі өсудің қосымша резервтерін қамтамасыз ету шеңберінде 2026 жылға жоспарланған химия өнеркәсібінің кемінде 4 басым жобасын уақтылы іске қосуы тиіс.
Құрылыс саласында биыл тұрақты динамиканы қамтамасыз етуге баса назар аударылуда. Бұл ретте құрылыс маусымы ендігісі басталып кетсе де бірқатар жүйелі мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай отырғаны аталып өтті. Нақты айтқанда, жалға берілетін тұрғын үйді қаржыландыру арқылы құрылыс жұмыстарын бірінші кезекте ынталандыру және жаңа құрылыс алаңдарына инженерлік инфрақұрылымды уақтылы тарту мәселесінде сұрақтар бар. Шын мәнінде бұған әкімдіктер тарапынан жете мән берілмей келеді, әрі жобаларды іске қосу бағытында да қарқынды жұмыс байқалмайды. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысына 516 млрд теңге қажет деп ақпарат түскенімен, өңірлер 249 млрд теңгенің өтінімін ғана растаған. Бұл қажетті көлемнен шамамен екі есе төмен. Егер әкімдіктер тез арада тиісті шешім қабылдамаса, тұрғын үй құрылысының қарқыны бойынша артта қалу қаупі туындап тұр. Осыған байланысты Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне бір апта ішінде жергілікті бюджеттерге пайыздық мөлшерлемені өтеп, облигациялар бойынша негізгі борышты жабуға мүмкіндік беретін нақты тетіктерді әзірлеу, сондай-ақ аталған құралдарға өңірлердің қатысуы үшін ашық жағдай жасау тапсырылды. Түйіндей айтқанда, нақты параметрлері мен қаржыландыру көздері айқындалған дайын шешімдер қажет.
Мұнай өндірудің жоспарлы деңгейін қамтамасыз ету үшін Энергетика министрлігіне ірі жер қойнауын пайдаланушылармен өндіріс көлемін ұлғайту шаралары бойынша келіссөздер жүргізуді тапсырылды. Елдің энергия ресурстарына деген сұранысын қанағаттандыру үшін газ өндіру қуатын арттыру қажет. Энергетика министрлігіне QazaqGaz және ҚазМұнайГаз компанияларымен бірлесіп, биыл Қашағанда көлемі 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысын аяқтау, ал келесі жылдын басында Жаңаөзендегі зауытты пайдалануға беру жүктелді. Одан бөлек газ тасымалдау жүйесіне ерекше назар аударылды. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісін табысты жүзеге асыру – стратегиялық міндет, бұл қолжетімді газ көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Энергетика министрлігі осы орайда тиісті үйлестіру мен қатаң бақылауды қамтамасыз етуі тиіс.
Көлік саласында теміржол желісінің өткізу қабілетін жүйелі түрде арттыру, Ақтау мен Құрық порттарының инфрақұрылымын жаңғыртуды жеделдету және 11 мың шақырым автомобиль жолын құрылыс және жөндеу жұмыстарымен қамту тапсырылды.
АӨК бойынша Қаржы және Ауыл шаруашылығы министрліктері астық тасымалдауға байланысты шығыстарды қосымша қаржыландыру мәселесін шешуі қажет, сондай-ақ, мал және егін шаруашылығы салалары бойынша қарыздарға кепілдік беру құралын жүзеге асыру үшін өзге де мемлекеттік органлдармен және «Бәйтерек» холдингімен қажетті қаражат көздерін қарастыруы тиіс. Қаржы ресурстарының қолжетімділігін кеңейту тұрғысында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға инвестициялық мақсаттар мен айналым қаражатын сатып алу үшін агроөнеркәсіп кешен субъектілерін қаржыландыруға мүмкіндік беру керек. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктері бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, екі апта ішінде Үкімет қаулысына тиісті өзгерістер енгізу тапсырылды.
Сөзін қорытындылай келе Премьер-министр биыл наурыз айында 2026 жылы кономикалық өсуді қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі кеңесте экономиканың өсу резервтерін ынталандыруға бағытталған тиісті шаралардың мақұлданғанын атап өтті, алайда кейбір мәселелер созылып кеткен. Бұл «Бәйтерек» холдингін капиталдандыруға және тұрғын үйге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту үшін әкімдіктердің мемлекеттік бағалы қағаздарды шығаруы жөніндегі шараларға қатысты. Сондай-ақ мемлекеттік кепілдік есебінен қаржыландыру жоспарланған автожол жобалары бойынша құжаттаманы сүйемелдеу процесі баяу жүріп жатыр. Экономиканың басым салаларында қосылған құнды арттыратын инвестициялық жобаларды анықтау жұмысының да тиімділігі төмен.
«Осы сұрақтардың бәрін жедел шешу керек. Әрбір басшыға салалар бойынша өсудің жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін тікелей жауапкершілік жүктелген. осыны тағы да естеріңізге саламын. Конституцияның қабылдануымен еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басады. Бұл орайда, мемлекеттік аппаратқа, бірінші кезекте басшыларға жаңа талаптар қойылады. Әрбір басшы өзінің жұмыс тәсіліне де, өзіне де түбегейлі жаңаша көзқараспен қарауға тиіс. Ол Мемлекет басшысы айқындаған жаңа талаптарға, жаңғырудың жаңа жалпыұлттық күн тәртібіне сәйкес келе ме? Әрбір басшыдан нақты нәтиже болуға тиіс. Бұны естен шығармаңыздар», — деп атап өтті Олжас Бектенов.








Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу