I тоқсанда мемлекеттік бюджеттің кірісі 17%-ға өсті

Қазақстан Респубикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2026 жылғы қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды.

Онда қаржы министрі Мәди Такиев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин, Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев, сондай-ақ Атырау және Ақмола облыстарының әкімдері баяндама жасады. Өз кезегінде қаржы министрі Мәди Такиев 2026 жылдың I тоқсанындағы мемлекеттік қаржы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар қорытындысы туралы айтып берді.

«Есепті кезеңде, мемлекеттік қаржының орнықтылығы, барлық әлеуметтік міндеттемелерді, дер кезінде қаржыландыру, өңірлерді қолдау, сондай-ақ кірістер мен шығыстарды цифрлық, басқарылатын моделге көшу қамтамасыз етілді. Шикізат пен валюта нарығының сыртқы құбылуына қарамастан, бюджеттің жалпы негізгі параметрлері орындалды. Бюджет кірістері бойынша, трансферттерді есептемегенде, мемлекеттік бюджеттің кірістері 6,4 трлн теңгені немесе жоспарға қатысты 104,3%-ды құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, түсімдер 931 млрд теңгеге немесе шамамен 17%-ға өсті.

Республикалық бюджет кірістері 4,2 трлн теңгеге жетіп, 102%-ға орындалды. Жергілікті бюджет жоспардан 193 млрд теңгеге асыра толып, 2,3 трлн теңге көлемінде түсім алып келді. 2025 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда салық түсімдерінің өсуі 20%-ды немесе 1 трлн. теңгеден аса түсім қамтамасыз етілді.

Импортталатын тауарларға салынатын қосылған құн салығы бойынша түсімдер, 165 млрд. теңгеге ұлғайды. Оның ішінде, алдын ала берілетін деректерге сәйкес, қосылған құн салығы мөлшерлемесінің ұлғаюы есебінен, өсім шамамен 80 млрд теңгені құрайды», — деді ол.

Министр сыртқы факторлардың әсеріне де тоқталды. Айтуынша, есепті кезеңде бюджеттің кіріс бөлігіне сыртқы макроэкономикалық факторлар айтарлықтай әсер еткен, оның ішінде, әлемдік мұнай нарығының құбылмалы болуы. Бірінші тоқсандағы мұнайдың орташа бағасы барреліне $80,6 деңгейінде қалыптасты.

Бұл ретте, қолданыстағы бюджет архитектурасында мұнай бағамының өсімі тікелей Ұлттық қордың түсіміне әсер ететінін атап өту керек7 Cебебі заңнамаға сәйкес, мұнай түсімдерінің негізгі бөлігі Ұлттық қорға жіберіледі.

Ал, республикалық бюджет үшін оң әсер еткені, бұл – мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы салығы, ол қосымша 40,5 млрд. теңгемен қамтамасыз етті.

Сонымен қатар, теңге бағамының орнықтылығы республикалық бюджет кірістеріне тежеуші фактор ретінде әсер етті. Есепті тоқсандағы бір доллардың орташа бағамы, болжамды 540 теңгеден 497,7 теңге деңгейінде орын алуы, түсімдердің шамамен 146 млрд. теңгеге дейін азаюына алып келді.

«Осылайша, сыртқы баға конъюктурасы, оның ішінде валюта бағамының айырмашылығы, республикалық бюджет үшін теріс әсер етті. Бұған қарамастан, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру есебінен, 137,6 млрд теңгеге қосымша түсім қамтамасыз етілді.

Министрлік бизнесті қолдаудың басым бақылау моделінен, сервистік моделіне көшуді жалғастыруда. Жыл басынан бері, кәсіби қауымдастықпен бірлесе отырып, салық төлеушілерде туындаған мәселелерге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. 47 мыңнан астам салық төлеуші «Халық бухгалтері» акциясы аясында қамтылды. Сонымен қатар, «Жаңадан баста» бастамасы іске асырылуда, оның шеңберінде бизнес, қазірдің өзінде 11 млрд. теңгеге негізгі берешегін өтеді. Бұл ретте, 17 мың шағын және микробизнес субъектілері үшін, 7,7 млрд. теңгеге айыппұлдар мен өсімпұлдар есептен шығарылды. Cалық реформасы бұрын тіркеу есебінде тұрмаған, өзін-өзі жұмыспен қамтыған 348 мыңға жуық азаматтың тіркелуін қамтамасыз етті. Жалпы жұмыспен қамтығандарды қоса алғанда, бизнес субъектілерінің саны, жыл басынан бері 200 мыңға артып, 2,7 млн-ға жетті. Бұл экономикалық базаның сапалы жоғарылауының маңызды көрсеткіші», — деді Мәди Такиев.

Бюджет шығыстарына келер болсақ, Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 94,3%-ға, республикалық бюджет шығыстары 95%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары – 96%-ға орындалды. Негізгі басымдықтар сақтала отырып, бюджеттің шығыстары толық көлемде келесі салаларға бағытталды:

– мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерге – 1,8 трлн. теңге;

– өңірлерге бағытталған трансферт – 1,3 трлн. теңгені құрады.

Негізгі басымдылық, ол – қаражатты қарапайым игеру процессінен нақты нәтижелерді қаржыландыру процессіне көшу болып табылады.

«Сонымен қатар, бюджеттің ағымдағы параметрлерін жүзеге асырумен қатар, мемлекеттік қаржының ұзақ мерзімді тиімділігін арттыратын жүйелі шешімдерді қабылдау да жалғасуда. Біріншіден, 9 өткізу пунктін жаңғырту кедендік төлемдердің өсуіне тікелей әсер етті. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ол 922 млрд. теңгеге жетіп, 65 млрд. теңгеге өсті. Сондай-ақ, салыстырмалы түрде өткізу қабілеті шамамен 400 мың автокөлік құралына жетіп, 18%-ға өсті. Жаңартылған "Қапланбек", "Б. Қоныспаев" өткізу пункттерінде жеке тұлғалардың саны 53%-ға өсіп, 2,4 млн-ға жетті. Екіншіден, әлеуметтік саладағы бюджет шығыстарын бақылауды цифрландыру аясында, Денсаулық сақтау саласында Қазынашылық жүйесімен интеграцияланған Qalqan бірыңғай қаржыландыру порталы іске қосылды. Бүгінгі таңда, бұл жүйеге 1,6 мыңнан астам медициналық ұйым қосылған. Бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі шығыстардың орындалуының жаңа деңгейін қамтамасыз етеді. Бұл саладағы ("МӘМС 2.0") реформаны жүзеге асырудан күтілетін экономикалық тиімділік 255,2 млрд теңгені құрайтын болады», — деді ол.

Министрдің айтуынша, білім беру саласында 3 895 мектеп цифрландырылған. 

– 4 400 балабақша,

– 1 337 қосымша білім беру ұйымы,

– 96 жоғары оқу орны,

– стипендиялар бойынша 230 мыңнан астам студент қаржыландырылған.

Білім беру саласында біріңғай Data Hub құрылмақ. Ол қаржыландыру мен шешім қабылдауды сенімді деректер негізінде жүзеге асыруға және бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.

#Бюджет #Экономика #ҚР Қаржы министрлігі #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу