ІІМ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын әзірлеп жатыр

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Қазақстандағы жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы баяндама жасады. Сонымен қатар Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов пен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірлердегі жол қауіпсіздігі мәселесі бойынша баяндады.

Ішкі істер министрінің айтуынша, Қазақстанда жыл сайын 13 мың жол-көлік оқиғасы орын алуда. 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 18 мың адам жарақат алады.

«Жалпы соңғы 4 жылда, әсіресе пандемия кезінде жол апаты динамикасы төмендеді. Бірақ шектеулер мен блокпосттар алынғаннан кейін бұл көрсеткіштер өсіп жатыр. Мысалы, биыл жол көлік оқиғасы 14%-ға, қаза тапқандар 18%-ға, жарақат алғандар 13%-ға өсті», — деді министр.

Әсіресе, Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында жол апаты деңгейі жоғары. Қазақстан бойынша барлық көлік оқиғасының 56%-ы, жарақат алғандардың 55%-ы және қаза тапқандардың 41%-ы дәл осы өңірлерде орын алған.

Ішкі істер министрінің айтуынша, бұл жағдайдың негізгі себептерінің бірі – көлік жүргізу тәртібін сақтамау. Биыл полиция 4,5 млн жол ережесін бұзу фактілерін тіркеді. 17,5 мың мас жүргізуші ұсталды. 20 мың жүргізуші басқару құқығынан айрылды. 16 мың адам әкімшілік қамауға алынды. 180 мың жаяу кісіге айыппұл салынды. Жалпы 49 млрд-қа айыппұл салынды.

Көбіне мұның себебі – автомектептерге қойылатын талаптар мен жүргізуші даярлау сапасының әлсіреуі. Қазір 747 оқу орталығы бар. 2018 жылдан бастап оларға лицензиялаумен рұқсат беру алып тасталды. 2020 жылдан бері – олардың қызметіне мемлекеттік бақылау да жоқ.

Дайындықтың төмен сапасы үшін әкімшілік жауапкершілік жойылды. Осының кесірінен – оқу процесі формализмге айналды. Көп мектептерде керекті материалдық база жоқ. Талдау көрсеткендей, жүргізушілер арасында адам өліміне әкеп соқтырған апаттардың 50%-ы «өздері жүргізіп үйренгендердің» қатысуыимен болады.

«Мойындау керек, мемлекет бұл салада бақылауды әлсіретіп алды. Сондықтан қазіргі уақытта министрлік тиісті ұсыныстарды әзірлеп жатыр», — деді ішкі істер министрі Марат Ахметжанов. 

Министрдің айтуынша, екінші себеп – елдегі автопарктің өсуі. 2019 жылдан бастап автокөлік саны 3,9 млн-нан 5 млн-ға дейін өсті. Оның ішінде шетелдік тіркеудегі көліктер де бар. Бұл ретте автопарк ескіріп жатыр. Еліміздегі көліктердің 50%-дан астамының пайдалану мерзімі 20 жылдан асып кеткен. Яғни, тозығы жеткен.

«Бұған қоса, автокөліктердің техникалық жағдайына тиісті бақылау жүргізілмейді. Өздеріңіз білесіздер, техникалық байқау орталықтарын ашуға қойылатын талаптар төмендетілді. Атап айтқанда, 2016 жылы оларды ашу тәртібі лицензиялаудан хабарлама түріне өзгерді. 2018 жылы бұл қызметке хабарлама беру кезінде рұқсат беру бақылауы жойылды. Осы жағдай көлікті техникалық байқаудан өткізбей, жалған талондар беру практикасына әкеп соқтырды», — деді М. Ахметжанов.

Оның мәлімдеуінше, былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осындай 350 мың жалған құжат жасап, 600 млн теңге заңсыз табыс тапқан ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады. Оған қоса, соңғы 4 жылда техникалық жайдайға байланысты байқаудан өтпей қалған көліктердің саны екі есеге азайған. Ішкі істер министрі бұл жағдай күмән тудырады деп ойлайды.

Өйткені көліктердің техникалық регламент талаптарына сай келмеуіне байланысты 106 мың жүргізуші жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ техникалық байқаудан өтпеген 80 мың жүргізушіге айыппұл салынды. Кезінде бұл функция кәсіпкерлік саласына берілген болатын.

«Бірақ процедураны жеңілдетеміз деп көптеген теріс салдарға жол бердік. Жол апаттары көбейді. Ал жемқорлық болса, артты», — деді Марат Ахметжанов.

Министр Осыған байланысты Индустрия министрлігіне автокөлікті жалған тексеру фактілері үшін техникалық байқау операторларының жауапкершілігін күшейтуді ұсынды.

Оның айтуынша, келесі үшінші және ең негізгі себеп – ол жолдардың жағдайы және инфрақұрылымы.

«Жол көлік оқиғасының 75%-ы және жаяу адамдарды қағып кету салдарынан болған өлімнің 28%-ы елді мекендерде орын алған. Жалпы жаяу кісілермен болған апаттардың ең көп үлесі – Алматы, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау облыстарында, Шымкент және Алматы қалаларында», — деді ішкі істер министрі.

Оның айтуынша, бұл, көбінесе, тротуардың, жаяу жүруге арналған жолдардың, жарықтың жоқтығына байланысты. Мысалы, 19 қыркүйекте Алматы облысының Талғар ауданында кешкі уақытта 10 жасар баланы қағып кетіп, ол сол жерде қаза болды. Бұл оқиға сол ауылдағы алғашқы жағдай емес.

«Әкімдер тарапынан бұл мәселе тез арада шешілмесе, жағдай қиын болмақ», — деді М. Ахметжанов.

Министрдің мәлімдеуінше, жол қоршаулары бойынша да жағдай мәз емес. Жалпы республика бойынша қажеттілік – 2 млн пагондық метр. Оларды орнату жұмыстары Алматы, Жетісу облыстарында және Шымкент қаласында нашар жүріп жатыр.

Жалпы ел бойынша қиылыстарда 1 200 бағдаршам, 1 600 «кері санақ» таблосы, 25 мың жол белгісі және 1 млн километрге жол таңбасын орнату қажет.

Бүгінгі таңда жол ережесін бұзу фактілерін тіркейтін 17 мыңнан аса автоматты камера жұмыс істейді. Олар өз тиімділігін көрсетуде. Жол ережесін бұзудың 50%-ын осы камералар анықтап жатыр. Ал Астана мен Шымкентте бұл көрсеткіш – 70%-ға дейін жетуде.

«Дегенмен ел көлемінде олардың саны әлі де жетіспейді. Мысалы, Солтүстік Қазақстанда бар-жоғы 43 камера ғана бар. Павлодар облысында 58, Қызылорда облысында 65, Маңғыстау облысында 70, Ақмола облысында 82, Батыс Қазақстан облысында 94 және Түркістан облысында 100 камера бар – олардың саны 100-ден аспайды», — деді М. Ахметжанов.

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда ерекше қауіп төндіретіндер – ережені өрескел бұзушылар. 71 мың осындай жүргізуші жол ережесін 6-дан 150 ретке дейін бұзған. Қазір министрліктің бастамасымен шілде айынан бастап 6 қалада «Қорғау» қосымшасы іске қосылды. Олар: Астана, Алматы, Шымкент, Өскемен, Атырау және Түркістан қалалары. Ол, өз кезегінде, жалған нөмірлері бар, сақтандыру полисі жоқ, іздеуде жүрген, немесе жол ережесін жүйелі түрде бұзатын және айыппұл төлемей жүрген жүргішулерді анықтайды. Бұған дейін мұндай фактілер барлық көліктерді тоқтатып, олардың құжаттарын жеке тексеру барысында ғана анықталатын.

Ал қазір «Қорғау» қосымшасы көшедегі камералардың деректерін талдап, полицейдің планшетіне «қауіпті» жүргізуші келе жатқанын автоматты түрде хабарлайды. Тез арада өрескел бұзушының жолы кесіледі.

Оның көмегімен жалған нөмірмен жүрудің 604 фактісі анықталды. Жүргізуші куәлігінен айырылған 1 609 жүргізуші ұсталды. 2 400 мемлекеттік нөмір тәркіленді. Айыппұл тұрағына 8 мың автокөлік қамалды.

«Өңірлердің әкімдеріне барлық ірі елді мекендерде осы жүйені енгізу жұмысын қолға алу керек. Бірақ біз осымен ғана шектелмейміз. Бұл пробелманы анықтауға ғана көмектеседі. Ал енді осы проблеманы шешу үшін бірқатар шаралар қабылданды», — деді министр. 

Атап айтқанда, жалған нөмірлер үшін 1 жылға жүргізу құқығынан айыру және 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алыну енгізілді. Министрдің айтуынша, заңнамаға тағы да басқа өзгерістер ұсынылып отыр. Бұл жолдағы мәдениетті арттыруға және жазаның бұлтартпастық принципін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Бұдан басқа, арнайы айып тұрақтарын ашу мәселесін шешу қажет. Еліміздің көптеген аймақтарында айып тұрақтары жеткіліксіз. Мысалы, елордада 2-ақ коммуналдық тұрақ бар. Оның екеуі де толып кеткен», — деді М. Ахметжанов.

Ал Ақтөбе мен Атырауда 1 ғана тұрақтан. Қарағандыда мүлдем жоқ. Нәтижесінде тәркіленген автокөліктер заң талаптарына қайшы полиция бөлімдерінде сақталады.

Ішкі істер министрінің айтуынша, ерекше мәселе – қала сыртындағы трассалар. Ең ауыр апаттар осы трассаларда орын алуып жатыр. Онда қаза болу фактілері 70%-ды құрайды. Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Жетісу, Алматы, Атырау, Ақмола, Түркістан, Павлодар, Қызылорда облыстарында бұл көрсеткіш одан да жоғары.

Жамбыл облысынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Алматы-Ташкент», Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан өтетін «Орал-Атырау» автожолдарындағы жалпы жағдай қиын. Осы облыстардағы қаза болу фактілерінің 64%-ы дәл осы учаскілерде орын алған. Негізгі себептер – қарсы жүріс бағытына шығу және жылдамдықты арттыру.

Мысалы, «Алматы-Екатеринбург» автожолының Жамбыл мен Қарағанды шекарасындағы учаскіде жаз мезгілінде апаттан 21 адам қаза тапты,

Тек өткен демалыс күндері 70-тен астам оқиға орын алып, 21 адам қаза тауып, 84 адам жарақат алды.

Тағы бір себеп – жол сипаттамалары. Бүгінде бірінші санатқа сәйкес жалпы 3 мың километр жол ғана бар. Яғни, олардың 4 және одан да көп жолағы бар. Бұл ел көлемінде тек 2%-ды құрайды.

Жолдардың көбісі ескі стандартпен салынған. Оларда 2-ақ жолақ көзделген. Ал ені болса 7 метрден аспайды. 

«Әкімдер жергілікті маңызы бар жолдарға ерекше назар аударуы тиіс. Бүгінгі таңда 6 мың шақырымнан астам жолды бірінші санатқа ауыстыру қажет», — деді ішкі істер министрі.

Оның айтуынша, қала сыртындағы жолдардың қауіпсіздігіне жол бойындағы инфрақұрылым әсер етеді. Өкінішке орай, жол бойында кэмпингтер, демалыс орындары, тамақтану пункттері көбінесе жоқ. Осыған байланысты жүргізушілер көлікті ұйқысыз және демалыссыз басқаруға мәжбүр. Осылайша, олар өзін де, өзгені де қауіпке тігеді.

Ендігі мәселе – заңсыз тасымалдаушылар. Олар жолаушыларды тасымалдау ережесін бұзып, аймақтар арасында тоқтаусыз жүреді. Ал көліктері қауіпсіздік талаптарына сай келмейді. Көбісі тозған, қайта жабдықталған немесе рульдері оң жақта.

Жалпы жыл басынан бері 800 көлік аударылған, 1 195-і ілесе қақтығысып, 1 250-і бетпе-бет соқтығысқан. Басты себеп – көлік басқару кезінде ұйықтап кету және көліктердің техникалық ақаулығы.

«Индустрия министрлігі мен әкімдіктер бұл бағыттағы жұмысты бірлесіп атқаруы тиіс», — деді М. Ахметжанов.

Жолдағы қараусыз малдың жайылымы да қауіп төндірді. Биыл жануарлармен соқтығысу апаттарының саны 13%-ға өсті. 26 жүргізуші мен жолаушы қаза тапты, 135 адам жарақат алды.

Маңғыстау облысында түйелерді қағумен байланысты 8 жол апаты орын алды. 5 адам қаза тауып, 13 адам жарақат алды. Нәтижесінде полиция мал иесін іздеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болады.

Тек соңғы 10 күн ішінде 200-ден астам қараусыз қалған түйе мен жылқы анықталып, олар арнайы қораларға жабылды. Осыған байланысты малды бақылаусыз қалдырғаны үшін олардың иесінің жауапкершілігін қатаңдату ұсынылады. Сонымен қатар қараусыз жайылып жүрген малды қамайтын арнайы қоралар қажет.

Бұдан басқа, 2 млн погон метрге жуық жол қоршаулары қажет. Олардың салынуын да қолға алу керек. Жылдамдық режиміне келетін болсақ, қазір жолдардың ақылы учаскелерінде 106 камера орнатылған. Олардың тек 6-уы ғана жылдамдық режимін тіркейді (Астана-Бурабай). Бұл өте аз. Мұнда – жүріс жылдамдығын бақылаудың тиімді тетігі жоқ.

«Сондықтан мұны шешудің бір жолы – ол республикалық трассада “орташа жылдамдықты” асырғаны үшін жауапкершілік енгізу. Бұл ұсыныс мүдделі мемлекеттік органдармен бірге талқылануда», — деді Марат Ахметжанов.

Оның айтуынша, апатты азайтудың тиімді шешімі – ол заманауи талаптарға сай автоматты радар мен камералары бар патрульдік көліктерді пайдалану. Қазір мұндай көліктердің тек 60-ы ғана бар. 

«Тек бір ғана полицияның күшімен жолдағы апат мәселесін шешу мүмкін емес. Мұнда мүдделі мемлекеттік органдар мен жалпы қоғамның белсенді қатысуы қажет», — деді ішкі істер министрі. 

М. Ахметжанов Ішкі істер министрлігінің Қоғаммен серіктестік арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз ету концепциясын әзірлеуге кіріскені туралы айтты. Онда барлық уәкілетті органдардың жауаптылық шекарасы бекітіледі. Алайда, оның айтуынша, қазірдің өзінде жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру бойынша шараларды қабылдау қажет.

Әрі қарай Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов өңірдегі ахуал бойынша баяндама жасады.

Жалпы облыс аумағында 10 мыңға жуық шақырым жол болса, оның 1 198 шақырымы – республикалық маңыздағы автожол.

Өңір басшысының айтуынша, жол-көлік оқиғаларында қаза тапқандардың басым бөлігі (64,5%-ы) республикалық маңызы бар жолдарда орын алып отыр.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жергілікті бюджеттен 633 млн теңге қаражат бөлініп, 5 «АвтоскаНар» автоматты бағдарламалық кешені, 10 «Автоураган» жылжымалы кешені орнатылып, оларды техникалық сүйемелдеу жүргізілуде.

Бүгінде республикалық маңызы бар автожолдарда 12 «Автоураган» орнатылып, 10 «Арқан» мобильді кешені іске қосылған.

«Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 183 нысанда 520 дана бейнебақылау камерасы және 15 “Сергек” аппараттық бағдарламасы орнатылып, биылғы желтоқсан айында іске қосылады», — деді Нұржан Нұржігітов.

Жалпы 2022-2027 жылдар аралығында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 5,2 млрд теңгеге 450 нысанға 1 250 бейнебақылау камералары мен 35 «Сергек» аппараттық-бағдарламасы орнатылатын болады.

Одан бөлек, Тараз қаласындағы экипаждардың тығыздығы 50-ден 62-ге дейін және қала сыртындағы автожолдарда 54-тен 64-ке дейін ұлғайтылып, патрульдеу маршруттардың ұзақтығы 80 шақырымнан 40 шақырымға дейін қысқарды.

Жамбыл облысы әкімінің мәлімдеуінше, апатты учаскелер туралы 36 билборд және 59 панно орнатылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында 922 материал жарияланып, еңбек ұжымдары мен оқу орындарында 2 556 дәріс өткізілді. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жолда жол қозғалысы ережесін сақтау туралы 42 мыңнан астам жадынамалар таратылды.

Жыл басынан бері 247 мыңнан астам жол қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактілері анықталып, 2,5 млрд теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының көбеюіне байланысты жүргізілген қызметтік тексеру нәтижелерінде өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін патрульдік полицияның 89 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 4 қызметкер қызметінен босатылды.

Жол қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету және апаттылықтың алдын алу мақсатында Полиция департаментімен осы жылдың басынан бері 16 жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілді.

«Бұл бағыттағы жұмыстар бақылауда және жалғасатын болады», — деді Н. Нұржігітов.

Түркістан облысындағы жол қауіпсіздігі бойынша өңір басшысы Дархан Сатыбалды баяндады

Түркістан облысы әкімінің мәлімдеуінше, биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша облыс көлемінде орын алған жол-көлік оқиғалары 5%-ға, қаза болғандар 4%-ға, жарақат алғандар 10%-ға өскен.

Оның айтуынша, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – «адами» факторлар, яғни жылдамдықты асыру, қарсы бағытқа шығу және жол белгілері талаптарын сақтамау салдары.

Облыстық маңызы бар жолдарында жол апаттарының 59%-ға өсуі тіркелді. Керісінше, республикалық маңызы бар автожолдард 24%-ға төмендеуі байқалуда.

Өңір басшысының айтуынша, апатқа әсер ететін себептердің бірі – жолдардың жағдайы мен оның инфрақұрылымы. Облыстық маңызы бар жолдарының қанағатты жағдайдағы үлесі 2022 жылдың басына 87%-ды құраса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 95%-ға жеткізу жоспарлануда.

«Жолдардың инфрақұрылымы бойынша әлеуметтік нысандардың жанына биыл 234 жерге жасанды жол кедергілері қойылып, 2 820 жаяу жүргіншілер жолағы сызылған. Камералардың жеткіліксіздігі де жолдағы жағдайға әсер етуде», — деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Өткен жылы «Сергек» бейнебақылау жүйесі іске қосылып, Түркістан қаласында 26 қиылысқа 200 камера, республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда 10 камера орнатылды.

Бұдан басқа, құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтайтын бейнебақылау камераларының саны 100 данаға дейін жеткізілді.

«Қазіргі таңда облыс жолдарында ең қауіпті жол учаскелері анықталып, 39 камераны орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Шымкент, Түркістан және Сарыағаш қалаларының айналма автожолдарын салу мәселесі өңіріміз үшін маңызды болып тұр», — деді Д. Сатыбалды.

Өңір басшысының айтуынша, бұл «транзиттік» көлік ағындарын жергілікті көліктерден бөлуге және апатты жағдайлардың туындау қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу