Білім беру волонтерлігі: ауыл мектептерінің балаларын ҰБТ мен олимпиадаларға дайындайды

Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Әлия Ғалымова PrimeMinister.kz-ке берген сұхбатында айтып берді. 

Оның айтуынша, волонтерлікті дамытудың білім беру бағыты аясында еріктілер ауыл оқушыларына ағылшын тілін немесе компьютерлік сауаттылықты игеруге, сондай-ақ ҰБТ-ға дайындалуға көмектеседі.

«Біз білім беру волонтерлігі аясында барлық өңірлерден еріктілер ауылдық жерлерге шығып, ауыл мектептерінің балаларына пәндер бойынша олимпиадаларға дайындалуға, ҰБТ-ны сәтті тапсыруға және межелік бақылауларда жақсы көрсеткіш көрсетуге көмектесетін болады деп болжаймыз. Волонтерлер компьютерлік технологиялар, роботты техника және басқа да инновациялық бағыттар бойынша жаңа дағдыларды үйрете алады», — деді Комитет төрайымы.  

Әрбір өңірде ауыл мектептерінің 1000 оқушысынан — барлығы 14 мың оқушы еріктілер тарапынан волонтерлік көмекпен қамтылатын болады, олар білім деңгейін арттыруға көмектеседі.

Жалпы, Ә. Ғалымованың айтуынша, Қазақстанда волонтерлік жеті негізгі бағытта дамып келеді. Бұл – білім беру, медициналық, экологиялық волонтерлік, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға тәлімгерлік, техногендік апаттарды, төтенше жағдайларды жою кезіндегі еріктілік, қарт адамдарға, арнайы күтім көрсетілетін мекемелерде жүрген адамдарға, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға көмек көрсету, сондай-ақ рухани-мәдени және тарихи құндылықтарды сақтау бойынша волонтерлік.

Медициналық волонтерлер аясында еріктілер хоспистерде де, онкологиялық орталықтарда да жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ техногендік апаттар, төтенше жағджағдайлар орын алса, азаматтарымыз, волонтерларымыз табиғи апат немесе техногенді апатқа жұмылдырылып, қарсы тұруға дайын болады.

«Қамқор» бағыты аясында еріктілер қарт адамдарға, арнайы күтім жасалатын мекемелерде жатқан адамдарға, ерекше қажеттіліктері бар жандарға көмектесетін болады.

Ә. Ғалымованың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда экологиялық волонтерлік, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға тәлімгерлік — «Біргеміз. Сабақтастық» жобасы белсенді дамып келеді. Сондай-ақ рухани-мәдени және тарихи құндылықтарды сақтау жөніндегі «Асыл мұра» бағыты қарқынды дамитын болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу