Аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакет: қандай өнімдер және қай жастағы балалар қамтылады

2020 жылы көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету мақсатында оларға атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау жалғасатын болады. Яғни, мұндай отбасылар жәрдемақымен қоса атаулы әлеуметтік көмекті де ала алады.  Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаменті директорының орынбасары Аяжан Жанғабылова айтып берді. 

«Көпбалалы отбасылардың табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен болса, отбасы арнайы жәрдемақымен қоса, атаулы әлеуметтік көмекті алуға құқылы», — деді ол. 

А. Жанғабылованың айтуынша, отбасының осы тоқсандағы алатын мемлекеттік жәрдемақысы кіріс ретінде қарастырылмайды. Өйткені, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде өткен тоқсанның табысы есептеледі, яғни көпбалалы отбасылардың мемлекеттік жәрдемақысы кіріс ретінде келесі тоқсанда  ғана ескеріледі. 

Сонымен қатар ол 2019 жылы АӘК тек тұрмысы төмен отбасыларға ғана төленген болса, 2020 жылдан бастап көпбалалы отбасыларға төленетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы бекітілгенін айтты. 

«Бұл жәрдемақы отбасылық табысына қарамастан, барлық көпбалалы, яғни 4 және одан да көп, кәмелеттік жасқа толмаған, орта арнаулы немесе жоғары оқу орындарында білім алып жатқан, жасы 23-ке толмаған балалары бар аналарға беріледі: төрт балаға - 42 496 теңге, бес балаға - 53 127 теңге, жеті және  одан көп болса - 74 388 теңге. Әрі, отбасының табысы қаралмайды, отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылуы шарт емес», — деді департамент директорының орынбасары. 

Ал табысы төмен отбасылардың балаларына көмек ретінде енгізілген кепілдендірілген әлеуметтік пакет баланың жасына қарай беріледі. 

Оның екі түрі бар: бірі 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған болса, екіншісі 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды қамтиды.

«6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін ыстық тамақ, мектеп киімдері мен оқу құралдарын сатып алу, жол жүру шығындарын өтеу, сондай-ақ тегін медициналық қызмет көрсету қарастырылған», — деді ол.

Мектеп жасындағы балаларға әлеуметтік пакет оқу жылының соңына дейін оқу мекемесі тарапынан беріледі. Ал азық-түлік жиынтығы мен химиялық тауарлар жергілікті атқарушы органдар арқылы үлестіріледі. 

«Бүгінгі күні тауар сатып алынатын мекемелер Үкіметтің қаулысымен бекітілген», — деп нақтылады А. Жанғабылова. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу