Жастарға тұрғын үй беру ережелері туралы сұхбат: қайда жүгіну керек және кімдерге артықшылықтар беріледі

Жастар жылының салтанатты ашылуында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жас қазақстандықтарға қолжетімді бағалармен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жалдамалы тұрғын үй құрылысын қамтамасыз етуді тапсырды. Биылғы қараша айында кейбір өңірлерде өтінімдерді қабылдау басталады. PrimeMinister.kz-ке берген сұхбатында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет жас қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы толығырақ айтып берді. 

— Мадияр Дүйсенбайұлы, өтінімдерді қабылдау қалай жүргізіледі? Жастарымыз қайда жүгінуі тиіс? Тұрғын үйді алу үшін олар қандай құжаттарды тапсыруы керек?

— Ел басшылығының шешімі бойынша жұмыс істейтін жастарды қолдау мақсатында алдағы 3 жылда Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 3 мың пәтерден беріледі. Бұл баспананы берудегі басты мақсат — жұмыс істейтін жастарға жеке баспана алуға қаражат үнемдеуге мүмкіндік беру. Бұл шара әлеуметтік жағынан осал топтарға қолдау білдіруді көздемейді. Негізгі міндет — жұмыс істейтін жастарды қолдау. Мұнда бес негізгі қағидаға сүйене отырып іріктеледі: жасы 29 жастан аспаған, жұмыс істейтін, өз меншігінде баспанасы жоқ, жинақ жасау үшін депозиттік шоты болуы керек, сонымен қатар 100 мың немесе одан жоғары кірісі бар болуы керек. Мұндағы есептеу тұрғын үй 5 жыл мерзімге беріледі деген негізде жасалған. 5 жыл ішінде баспана бағасы 10 мың теңге шамасында болады және коммуналдық қызметтер үшін – 20 мың тг. Жастар өз қажеттіліктеріне 60 мың теңге шамасында жұмсайды деп болжадық. Қалған 20-30 мың теңгесін ол ай сайын жинап отырады. Сонда 5 жыл ішінде мемлекеттік сыйақы, депозит пайызын есептемегенде 1,8 млн теңгеге жуық қаражат жинайды. Бұл сома жеке тұрғын үйін сатып алуға жетуі тиіс. 2 млн теңге — бұл «7-20-25» бағдарламасы бойынша да алғашқы жеке баспананы сатып алуға жеткілікті сома. Осы логикаға сәйкес осындай талап қойылды. Адамдар құжаттарын тапсырғаннан кейін, қараша айынан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында баллдық жүйе бойынша баспана бөліне бастайды. Баспана саны шектеулі, үміткерлер саны одан әлдеқайда көп болуы ықтимал. Іріктеу критерийлерін белгілеу үшін, түсініспеушіліктер орын алмауы үшін біз баллдық жүйені енгіздік. Егер жас қыз тұрмыста болса, онда оған қосымша балл қосылады. Балалардың болуы – тағы қосымша балл. Жұмыс өтілі жоғары болған сайын, мүмкіндік арта түседі. Депозиттегі ақшаның да басқалардан ертерек салына бастауы да артықшылық болып саналады. Жұмыста қандай да бір жетістіктерінің болуы — баспана алудағы артықшылықтардың бірі. 

 

— Кәсіби мамандығы әсер ете ме? Әлеуметтік қызметкерлерге басымдық беріле ме, әлде барлық мамандық иелері үміткер бола ала ма?

— Барлық жастарымыз үміткер бола алады, дегенмен, бұл жұмыс істейтін жастарды қолдау бағдарламасы болған соң, біз ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, басымдыққа ие 100 мамандықты анықтадық, олар балл есептеу тұрғысынан белгілі-бір артықшылыққа ие болады. Кез-келген мамандық иесі қатыса алады, алайда сіздің мамандығыңыз қазіргі таңда өте өзекті, маңызды әрі сол салада кадр тапшылығы бар болса, онда қосымша балл қосылады. 

 

— Баспана 5 жыл мерзімге беріледі дедіңіз, ол баспананы алған кездегі адам жасына қарамастан беріле береді ме?

— Өтінімді берген уақытта оның жасы 29 жастан аспауы тиіс, аталған баспанада жастарымыз 34 жасқа дейін тұра алады. 

 

— Ал бұл отбасы болса?

— Бұндай жағдайда өтінімді отбасы ретінде емес, жекелей береді. Әйелі немесе ері отбасының қосымша мүшесі ретінде қаралады. Өтінімді кім берсе, соған қарай беріледі. Егер күйеуі 30 жастан асқан болса, ал әйелінің жасы кішірек болса, құжатты әйелі тапсырады, біз қабылдаймыз және сәйкесінше, керісінше болса да, қабылданады. Барлығы құжат берушінің жасына байланысты. Отбасылық табысы да 100 мың теңге кіріс сомасына кіреді. 

 

— Мемлекеттік қызметкерлерге қатысты қандай да бір жеңілдіктер бола ма?

— Мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік қызметкерлер және осы салада жұмыс істейтіндердің барлығы қосымша бір баллға ие болады. 

 

— Баллдық жүйе балл жинауды қарастыра ма, әлде баллдар тек құжат беру кезеңіне қарала ма? Резервтік тізім бола ма? 

— Резервтік тізім болмайды. Өтінім берген кезінде конкурстан өтті, құжаттарын тапсырды, нақтыланды. Келмей қалғандардың барлығы келесі жылы тағы өтінім бере алады. Өтсе де, күту деген болмайды. Кезектілік жасалмайды. Комиссия жыл сайынғы тізімді анықтау үшін тек бір рет қана жиналады. 

 

— Әзірге біз тек үш ірі қала туралы айтып отырмыз. Бұл тәжірибені еліміздің басқа өңірлеріне тарату перспективалары бар ма? 

— Біз пилоттық жоба өзінің оң нәтижелерін береді деп үміттенеміз. Егер бұл мехжанизм ақталса, жақсы әлеуметтік тиімділігін көрсетсе, онда менің ойымша, біз тізімін кеңейту туралы бастама көтеретін боламыз. Әзірше шешім тек осы қалалардың шегінде қабылданды. Тұрғын үй 40 ш.м. көлемінде жоспарланған. Бұл жергілікті атқарушы органдардың олардың қалай сатып алуына байланысты 1 немесе 2 бөлмелі пәтерлер болады. Биыл мерзімдерінің аз қалуына байланысты тұрғын үйлердің бір бөлігі нарықтан, яғни дайын үйлер сатып алынады. Тұрғын үйлердің бір бөлігі қазыр салынып жатыр: құрылысы, мемлекеттік сатып алулар процесі т.б. жүріп жатыр. Келесі жылы олар тек жаңадан салынған үйлер болады деп жоспарланып отыр. 

 

— Сонда тұрғын үйдің шаршы метрі барлық 3 мың пәтерге стандартты бола ма? 

— Өңір экономикасына байланысты 40 ш.м. шегінде болады. Бұл пәтерлердің орташа құны, мысалы, Шымкентте көбірек, Нұр-Сұлтанда азырақ болуы мүмкін. Бюджет қаражаты осы есептен бөлінді. Базалық есептеу 40 ш.м. басталады. 

 

— Осы үш қалада жалға алу құны бірдей бола ма?

— Жоқ, әр өңірдің жалға берілетін тұрғын үйді ұсыну үшін белгіленген өзінің стандарттары, мөлшерлемесі бар. Айырмашылығы 10 мың теңгеден аспайтын болады. 

 

— Өтінім беру мерзіміне байланысты, үміткерлерге артықшылықтар беріле ме? Әлде бәрі баллдарына байланысты бола ма?

— Кім бұрын өтініш берсе, сол көбірек үміткер болады деген мәселе туындаған, бірақ біздің ойымызша, бұл жерде қандай да бір әділетсіздік бар. Бұлайша пәтерді аса мұқтаж емес немесе сай келмейтін адам алуы мүмкін. Бұл тәсіл дұрыс емес. Біз мемлекеттік органдармен бірге осы бұйрықты талқылауға салып, бірінші кезекте баллдық жүйеге басымдық беруге шешім шығардық. 

 

— Қандай да бір тұру пункттерін бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған ба, отбасы мұндайда пәтерден шығарыла ма? 

— жалға берілетін тұрғын үйді пайдалану туралы типтік келісімшарт бар. Онда базалық стандарттардан басқа (мүлікті сақтау, сапасы т.б.) келесі нормалар қарастыралатын болады: 5 жыл бойы бұл адам міндетті түрде жұмыс істеуі керек. Ол жыл сайны өзінің жұмыс істейтінін растап отыруы тиіс. Егер қандай да бір себептерге байланысты жұмыстан шығып қалса және қайта еңбекке орналасуға тырыспайтын болса, біз оны пәтерден шығару туралы мәселені көтеруге мәжбүр боламыз. Жалпы, кез келген қателік орын алса, пәтерден шығару туралы қатып қалған ережені біз қарастырмаймыз. Бірақ егер жұмыс істемейтін, жұмыс іздемейтін болса, онда біз пәтерден шығару туралы мәселені көтереміз. Өйткені 5 жылдан соң біз өзіне баспана сатып ала алатын адамды шығаруымыз керек, одан соң бұл пәтерге басқа жастар келіп тұратын болады. 

 

— Критерийлердің ішінде біз білімінің болуын көрмедік. Біздің елімізде жоғары білімнен басқа кәсіптік-технкиалық оқыту қарқынды дамып жатыр. Бұл ескеріле ме? Жоғары немесе орта білімі бар адамдарға басымдық берілетін бола ма? 

— Заңға сәйкес жұмыс істейтін жастар деп мектеп, колледж, жоғары оқу орнын аяқтаған соң жұмыс істеп жүргендерінің бәрі саналады. Бұл тұрғыда қандай да бір біліміне байланысты арнайы шектеулер немесе артықшылықтар болмайды. Яғни, 18 жастан бастап өтінім беруге болады, бұл ретте жас адамның толық жұмыс күнін қарастыратын тұрақты жұмысы болуы тиіс. 

 

— Жалға берілетін тұрғын үйге келсе, тұрғын үйдің стандарттарға қаншалықты сай екенін кім тексереді? 

— Бұл жерде стандартты тексеру механизмдері бар. Әкімдік - осы тұрғын үйді салушы, тапсырыс беруші және сатып алушы. Ол тұрғын үйдің сапалы әрі тиімді ұсынылуының сақталуына тиісті бақылау жасайтын болады. Қоғамдық кеңестер, Nur Otan партиясының мүшелері, кез келген жастар белсенділері осындай тұрғын үйлердің сапасына және критерийлерге сай келмейтін кездейсоқ біреулердің пәтерге ие болмауы үшін келісімшарттық міндеттемелердің орындалуына қоғамдық мониторинг жүргізу құқығына ие. 

 

— Бұл процестің транспаренттілігі, ашықтығы қалай қамтамасыз етіледі? Біздің түсінгеніміз, өтінімдерді әкімдіктер қабылдайтын болады. Сіздер өз тарапыңыздан осы процестің ашықтығын қамтамасыз етуге қатысасыздар ма?

— Біз қазір бұл мәселені бұйрық деңгейінде пысықтадық, сондықтан комиссиялар жұртшылықтың тартылуымен барынша ашық болуы тисі. Жастар, қоғамдық ұйымдар, депутаттық корпус өкілдері комиссия құрамында болуы үшін және бұл өтінімдерді қарастыру кезінде барлық тапсырылған құжаттар негізінде шешімдер қабылдаудың толықтығын қамтамасыз ету үшін және сыбайлас жемқорлық оқиғаларына жол бермеу үшін мұны мұқият қадағалайтын боламыз. 

 

— Үш қалада өтінімдер қабылдау механизмі бірдей болатын шығар. Онлайн-өтінім беру керек пе? 

— Жалпы, үш қалада да өтінімдер қабылданатын платформалар бар. Олардың тұрғындардың басқа топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй беруде тәжірибесі бар. Осы механизм бойынша, осы порталдар іске қосылады. Бұл кезектілікті, өтінімдер беру санын т.б. қысқарту үшін жасалған. 

 

— Жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасына қатысуға өтінім беруге ниетті азаматтар қайда жүгінулері тиіс? Тізімге енбей қалғандар және бас тарту себептерін білгісі келетіндер қайда жүгіне алады? 

— Қыркүйек айының басында біз байланыс деректерін берумен шағын брифинг өткіздік. Біз бұл байланыс деректерін көрсетеміз, осы нөмірлер бойынша хабарласуға болады. 

Жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін тұрғын үй мәселелері бойынша өкілетті органдарға жүгінуге болады: Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ, тел. 8 (7172) 79-34-50, 79-34-62(63), Алматы қ. Қоғамдық даму басқармасы, тел. 8 (7272) 62-27-08, Шымкент қ. Отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқармасы, тел. 8 (7252) 24-74-37.

 

— Сұхбатыңызға рахмет!

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу