2022 жылға қарай туризм саласында 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады — Kazakh Tourism

Бүгінде қазақстандық бизнесмендер туризм саласында 100 жобаны дамытып отыр. Олар — түрлі кемпингтер, орналасу орындары, парктер. Бұл жобалардың енгізілуі 2 жыл ішінде қосымша 6-7 мың тұрақты жұмыс орнын ашқызады. Бұл туралы «Kazakh Tourism» ҰК АҚ төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов айтып берді. 

«Қазір біз 100 жобаның дамуын қадағалап отырмыз, оның жартысы келесі жылдың соңына қарай аяқталатын болады. Егер жалпы сала бойынша айтатын болсақ, бүгінде тікелей жұмыспен қамтуда 120 мың адам қамтылған, қонақ үйлерді, турфирмалар мен орналастыру саласын алсақ. Егер біз көлік, мәдениет, орналастыру саласын қарастыратын кеңейтілген тізімді алсақ, онда біз 300 мыңға жуық адам жұмыс істейтінін айтамыз. Мемлекеттік бағдарлама аяқталған соң біз 70 мыңға жуық жаңа тұрақты жұмыс орнын қосуды жоспарлап отырмыз, сөз 2025 жыл туралы. Жаңа инвестициялардың келуі есебінен жаңа нысандар салынып, жаңа жұмыс орындары құрылатын болады», — деді Қ. Сәдуақасов.

Сонымен қатар, туризм саласында кадрлар бірнеше ЖОО-да оқытылады. Биыл туризм және қонақжайлылық жөніндегі халықаралық ЖОО тіркелді және жақын арада өз жұмысын бастайды.  

«Жастар үшін перспективалар зор. Егер бұрын адамдар туризмге қандай да бір пайдасы немесе емтихандарын тапсыру жеңіл болғандықтан түссе, қазір біз саналы түрде таңдауды көріп отырмыз. Жастар келіп, саланың динамикалы дамып жатқанын, шетелдіктер ағымын, халықаралық іс-шараларды көреді. Адамдар көбірек келіп, саланың маманы болуды қалайды», — деді спикер.

«Kazakh Tourism» ҰК АҚ төрағасының орынбасарының айтуынша, мемлекет туризм саласындағы шағын және орта бизнестің құрауыштарын ұлғайтуға барынша ниетті. 

Шағын, орта және ірі бизнестің бірқатар артықшылықтары бар. Мәселен, ірі бизнесте тау шаңғысы курорттарын салу, жол бойы сервисі желілерін, қонақүйлер ашу және т. б. үшін 10 жылға дейін салықтан, кеден бажынан босатылу, жер телімі түрінде грант алу секілді артықшылықтар алуға болады.

«Туризм саласына бизнестің қатысуы шағын және орта бизнес деңгейінде. Ірі бизнес бірлі-жарым, үлкен инвестициялар келетін жағдайлар көп емес. Сондай-ақ, «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бар. Онда шағын және орта бизнес кемпингтер, қонақ үйлер, тақырыптық парктер, тау шаңғысы курорттарын ашуға жеңілдікті пайыздық мөлшерлемемен қаржыландыруға ие бола алады. Туристификация картасына кірген аумақтарға, мемлекеттік бағдарлама аясында біз таңдаған топ-10 аумаққа басымдық беріледі», — деп қосты Қ. Сәдуақасов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу