Қайрат Келімбетов: АХҚО жұмысының бастауы мен Мемлекет басшысының АҚШ-қа ресми сапарының қорытындысы

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығындағы брифингте АХҚО басқарушысы Қ.Келімбетов, «АХҚО әкімшілігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары М.Әйтенов, АХҚО биржа басқармасы төрағасының орынбасары Ә.Тұрғұлова, «АХҚО әкімшілігі» АҚ цифрлық технологиялар директоры Ә.Жиенбаева Жолдаудың «Қаржы секторын «қайта жаңғырту» 6-бағытындағы міндеттерді іске асыру туралы айтты.

Қайрат Келімбетовтың айтуынша, қазіргі таңда АХҚО-ның барлық бағыттарын заңмен реттеу процесі жүргізіліп жатыр және дамушы нарықтарға инвестиция салуға мүдделі халықаралық іскер топтарды тартуға қабілетті өңірлік хабты құрудың негізгі серіктестері анықталды.

Қор нарығының дамуына «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ ұлттық компаниялар акцияларын IPO-ға сәтті өткізу де ықпал етеді. IPO-ны тиімді өткізу тетігі әзірленуде, халықаралық ойыншыларды тарту үрдісі басталды.

«Президент бастамасымен АХҚО қаржы технологияларын, инновацияларды тарту, жасыл технологияларды дамыту және инвестицияларды тарту үшін көптеген мүмкіндіктер алды. Біз сондай-ақ 2018 жылдың шілде айында өтетін АХҚО-ның халықаралық таныстырылымы биыл 20 жыл толатын Астананың дамуына өзінің елеулі үлесін қосады деген сенімдеміз», — деді Қайрат Келімбетов.

Биыл 1 қаңтарда АХҚО заңды түрде іске қосылды, 2019 жылдың 1 қаңтарына қарай толық жобалық қуатқа жету мақсатында қаржы орталығының құрылымдарын белсенді түрде өрістету жұмыстары басталды.

АХҚО жанынан компанияларды тіркейтін және қызметтердің кең спектрін лицензиялайтын Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (АФСА) жұмысын бастады. АХҚО-ның коммерциялық және азаматтық дауларды қарайтын, ағылшын жалпы құқығының негізінде әрекет ететін тәуелсіз соты, сондай-ақ Халықаралық арбитражды орталық құрылды.

Сонымен қатар АХҚО базасында Шанхай қор биржасы мен NASDAQ стратегиялық серіктестеріне айналған жоғары технологиялық биржа іске қосылды. Астанаға халықаралық сарапшыларды тарту жұмыстарын жеңілдету үшін бір терезе жүйесін, визаларды берудің, тіркеудің, жұмысқа рұқсаттарды алудың және басқа да рәсімдердің оңайлатылған режимін қамтамасыз ететін Экспат-орталықтың жұмысы шақырылды.

Қайрат Келімбетов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа жасаған ресми сапары кезінде бизнес капитандарын АХҚО алаңына шақырғанын атап өтті. АХҚО, Bloomberg және ABC TV отандық бизнес арнасы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұған қоса, сапар барысында ҚР Қаржы министрлігі, «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасы (AIX) және Euroclear банкі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар Қазақстандағы халықаралық клиринг жүйесін дамытуға келісті. Меморандум нарықтық ортаны құруды қолдау мақсатында серіктестікте жұмыс істеу ниетін білдіреді, онда шетелдік инвесторларға жергілікті қазақстандық бағалы қағаздар Euroclear жүйесі арқылы қолжетімді болады.

Жақында Давоста өткен Бүкіләлемдік экономикалық форумның негізгі тақырыптарының бірі адам капиталын дамыту мәселесі болды. БЭФ алаңының әлеуеті мен іскерлік ортаның бас қосуын пайдалана отырып, АХҚО Thomson Reuters-пен серіктестікте панельдік сессия өткізді. Аталған іс-шарада АХҚО делегациясы мүдделі топтарды Қазақстанның басымдықтары мен елде жасалып жатқан жағдайлар туралы хабардар етті.

«Сонымен қатар Waves блокчейн-платформасымен меморандумға қол қойылды. Waves-пен жұмыс істеу арқылы АХҚО қазақстандық стартаптарға жобаларды жаңа технологиялық деңгейде дамытудың бірегей мүмкіндігін береді, осылайша бұл бастама Қазақстанда блокчейн-технологияларды танытуға ықпал етеді», — деп қорытындылады Қайрат Келімбетов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу