24 Наурыз 2017, 06:45
Қазақстандықтар үш күн бойы Наурыз мейрамын тойлады. Мерекелік шаралар мазмұнды, көрнекі әрі ауқымды деңгейде өткізілді. Рrimeminister.kz республикамыздың түрлі қалаларында өткен мерекелік шараларға шолу жасады.
Астана

Көктем мерекесі Наурызды тойлау аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елорданың басты салтанатты шарасы өткен «Сарыарқа» велотрегіне барды. Өз сөзінде Мемлекет басшысы барлық қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтап, отандастардың бұл мерекені жақындары мен достарының ортасында қарсы алуды дәстүрге айналдырғанын атап өтті.

Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев «Хан Шатыр» СОСО маңыңда орналасқан этноауылға барды.

Онда 19 киіз үй, алтыбақандар, сауда шатырлары орнатылып, шығыс базары ұйымдастырылған. Базар аумағында сату жәрмеңкесі ұйымдастырылған, қолөнер шеберлері сәндік қолданбалы өнер бұйымдарын дайындау шеберліктерімен бөлісті.

Бірнеше күн қатарынан елорда әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарына мазмұнды мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастырып, өткізді. Қала тұрғындарына қолайлық тудыру мақсатында қаланың барлық аудандарында және тұрғын алаптарында түрлі деңгейдегі мерекелік бағдарламалар өткізілді.
Алматы

Алматыда алғаш рет Наурыз мейрамы бірден екі алаңда: «Астана» алаңы мен Алатау ауданындағы Атлетикалық ауылда өткізілді. Шараларға 700-ден астам әртіс қатысты, олардың ішінде шығармашылық ұжымдар, би топтары, танымал орындаушылар, көшпелі цирк әртістері және т.б. бар. Екі алаңда да музыкалық аспаптар, аушы құстар және қазақ «тазыларының» көрмелері өтті.

Атлетикалық ауылдағы мерекелік көрініс қазақ ауылының жаңа қоныс мекенін еске салды. Алаңға кіретін жер екі жағынан дөңгелекті киіз үйлері бар, бұрынғы үлгідегі қақпа түрінде болды. Мұнда қазақ халқының дәстүрлі қолөнер бұйымдарының кең спектрін ұсынған «Алатау» қолөнершілер орталығы жұмыс істеді. Қаланың атақты шеберлері зергерлік бұйымдар, кесте, көзеші ұршығындағы қыш бұйымдар, ағашта өрнек жасау, металды көркемдеп өңдеу, дәстүрлі тоқымашылық, қамшы өру секілді өз өнерлері мен бұйымдарын ұсынды.

22 наурызда кешке «Астана» алаңында мерекелік отшашу болды. Оңтүстік астананың аспаны мыңдаған жарқылдаған оттармен әсемделе түсті, ал қала қонақтары үшін қазақстан эстрадасының ең үздік ұжымдары өнер көрсетті. Сахнада Ayumi, КешYou топтары, әнші Кентал және т.б. өнер көрсетті.

Наурызда мыңдаған алматылықтар көптен күткен пәтерлеріне ие болды. Алматы әкімі Бауыржан Байбек пен «Бәйтерек» Ұлттық басқарма холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарходжаев салтанатты түрде сахна төрінен Атлетикалық ауылдағы жаңа пәтерлердің иегерлеріне үйдің кілттері мен сертификаттарды табыстады.
Алматы облысы

22 наурызда Талдықорған қаласының «Жастар» саябағында «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні» атты мерекелік шара қаланың жүздеген тұрғындары мен қонақтарының басын қосты. Киіз үй түріндегі қалашықта түрлі халық дәстүрлерінің, қолданбалы өнер және «Шебер ауылы» қала қолөнершілерінің көрмелері, «Қазақстанда жасалған» ШОБ саласының және өнеркәсіптік кәсіпорындар жетістіктерінің көрмесі, «Наурыз бейнелері» балалар шығармашылық мектебінің тәрбиеленушілерінің көрнекілік жұмыстары және «Достық алаңы» Қазақстан халқы ассамблеясының ұлттық-мәдени орталықтарының қолөнер бұйымдарының көрмелері өткізілді.

Наурыз қарсаңында Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласының перинаталдық орталығында Алматы облысының екі миллионыншы тұрғыны дүние есігін ашты. Облыс әкімі отбасын баланың өмірге келуімен құттықтап, екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады.
Ақмола облысы

Облыс орталығында мереке «Наурыз сән – салтанат, ұлттық рух» атты театрландырылған қойылымнан бастау алды.

Бұдан өзге, «Экспо-2017» аясында әрі адамның техникалық және технологиялық жетістіктерін көрсету мақсатында робот-трансформерлер шоуы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, көпшілікке танылып үлгерген «Домбра Party», «Қымыз фестивалi», «Бауырсақ Party» шаралары өткізілді.
Оңтүстік Қазақстан облысы

Республикадағы ауқымды мерекелік шаралардың бірі сейсенбі күні, 21 наурызда еліміздің ең көне қалаларының бірінде өтті. Бұл күні Түркістан қаласына 10 мыңнан астам қонақ келді. Себебі, биыл Оңтүстік Қазақстан облысындағы қала түркі әлемінің мәдени астанасына айналды.

Түркістанға Наурыз мейрамын тойлауға барлығы әлемнің 23 елінің делегациялары келді. Мыңдаған қонақты қонақжайлықпен қарсы алды. Наурыз мейрамын тойлау кезінде Түркістан қаласында тоннадан астам палау мен 1500 литр наурыз көже дайындалды.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңынан этноауыл тұрғызылды. Онда түркі халықтарының мәдениеті мен тұрмысы ұсынылды. Аумақ көне стильге ұқсатып жасалды.

Көне қала бойымен отыз түйе мен елу аттан тұратын керуен жүріп өтті, олардың көбісіне әдемі күймелер жегілген.

Шығармашылық ұйымдардың бірқатар тобы да мерекелік көңіл-күйді оятуға септігін тигізді. Түркістанның басты алаңында көптен бері осындай көлемде әртістер өнер көрсетпеген.

Кесенеге, кесене аумағында жерленген даңқты қазақ батырларының пантеонына саяхат жасалды. Қонақтар тарихи музей мен халық қолөнерінің ауылын аралады. Бұдан өзге, қонақтар «Түркістан және Түркология» ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысты. Қазақстан мен алыс шетелдің 100-ден астам ғалымы мен қоғам қайраткерлері түркі халқын біріктіру мәселесін талқылады.
Қызылорда облысы

Қызылорданың орталық қала алаңында 30 киіз үй мен 6 шатырдан тұратын қалашық тұрғызылды, «Экспо-2017» көрме павильоны ұйымдастырылды, онда қонақтарға Астанада өтетін шараға билет сатып алу мүмкіндігі берілді.

Шебер әйелдер басты мерекелік асты әзірлеу өнерінен жарысқан «Наурыз көже» фестивальі өтті. Көрермендер, жаппай сауық-сайран қатысушылары жеңімпазды таңдады.
Жамбыл облысы

«Достық» алаңында «Мәңгілік ел төріндегі – Наурыз» ұранымен Наурыз мейрамына орайластырылған шара өткізілді. Көрермендерге 500 адам қатысқан театрланған қойылым, Қазақстан эстрадасының жұлдыздары Жанболат пен Жазираның концерттік бағдарламасы, ТҮРКІСОЙ халықаралық ұйымының түркі халықтары мәдениеттері мен өнерлері ұжымдарының концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Қарағанды облысы

Қарағандыда Наурызға облыстық өлкетану музейінің қызметкерлері арнайы киіз үйлерде барлық қызығушылық танытушыларға экскурсия жүргізді. Мамандар қала тұрғындарына қазақ халқының әдет-ғұрыптары, дәстүрлері мен ата-бабалардың өмір сүру салты туралы айтып берді.
.
Орталық саябақтың сахнасында «Наурыз аңызы» мюзиклі көрсетілді. Театрланған қойылымға 600-ден астам адам атсалысты. Мюзиклде дүние жаратылысының барлық кезеңдері туралы, табиғат апаттарымен күрес, көктемгі жандану және жердің гүлденуі жайында айтылды. Көл жағасында ұлттық спорт түрлері мен ат және аласа жылқымен жарысу жарыстары өтті.
Атырау облысы

Биыл қала билігі алғаш рет ең үздік киіз үй байқауын өткізді. Ол үшін алдымен арнайы комиссия құрды, оның құрамына танымал мәдениет қайраткерлері, тарихшылар, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері кірді.

Байқау 20 наурызда бастау алды. Комиссия киіз үйлердің тек сыртқы бейнесіне қарап қоймай, сонымен қоса ішіндегі жабдықтарына – тұрмыстың қандай ұлттық элементтері қолданылғанына мән берді. Бірінші кезекте, комиссия киіз үйдің ағаш не құрастырмалы-металл құрылымына баса назар аударды.

Киіз үйлерді тұрғызуға қала колледждерінің білім алушылары қатысқан кезде, ақсақалдар үдерісті бақылап, жетекшілік етуден өзге, жастарға байырғы қазақ тұрағының шығу тарихы, оның түрлері мен құрамдас бөліктері туралы, сонымен қатар киіз үйді жинау, бөлшектеу, орналастыру және өзге жерге көшіру жұмыстары туралы айтып берді.
Павлодар облысы

Мыңдаған павлодарлықтар Наурыз мейрамына орай қаланың орталық алаңына жиналды.

Мереке қаланың орталық алаңында басты кейіпкері Қыдыр ата болған театрланған қойылымнан бастау алды.

Алаңда әрбір қалаушы қазақ халқының мәдениетімен және тұрмысымен таныса алатын киіз үйлер орнатылды. Олардың ішінде халық қолөнершілерінің ағаштан, металлдан және былғарыдан жасаған бұйымдары ұсынылды.
Шығыс Қазақстан облысы

Өскеменге Наурыз мейрамын тойлау күндері Мұрат Мұтұрғановтың цирк шоуы мен Қырғызстаннан келген Рахмановтар әулетінің даршылары келіп, өнер көрсетті.

Семейде басты театрланған қойылым Абай атындағы театр ғимаратына жетелейтін кең сатыларда ұсынылды. Үлкен көркемдік шоуға бірнеше жүздеген мектеп оқушылары және Семейдің ондаған шығармашылық ұжымдары қатысты.
Ақтөбе облысы

Наурыз мейрамына орай Ақтөбе облысында 1000-нан астам шара ұйымдастырылды. Наурызға орайластырылған халық сайрандарына он мыңдаған адам қатысты. Ең ауқымды мерекелік шара Ақтөбе қаласында өтті. Облыс орталығында ұйымдастырылған мерекелік салтанаттар 20 мыңнан астам адамның басын қосты.

Ақтөбеде ұлттық нақыштағы 75 киіз үй тұрғызылды. 30 киіз үйден тұратын ең үлкен киіз үй ауылын кәсіпорындар мен мекеме орындары Тұңғыш Президент атындағы саябақта ұйымдастырды. Қонақтарға арнап 5 тонна бауырсақ, 7 мың литр наурыз көже пісірілді.
Маңғыстау облысы

Ақтау қаласының жағасына 25 ақ киіз үй тұрғызылды, олардың әрқайсысы облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарына ас-шай әзірледі.

Арнайы мереке қонақтары үшін шамамен 2000 литр шұбат, 5 мыңнан астам тонна бауырсақ, 7 тонна палау және 3 мың литр наурыз көже пісірілді.
Солтүстік Қазақстан облысы

Петропавл қаласында Наурыз мейрамын тойлаудың негізгі орны 21 наурызда киіз үй қалашығы тұрғызылған, М. Жұмабаев атындағы көше болды. Этномәдени бірлестіктердің қатысуымен Достық үйінің алдына «Достық дастарқаны» орналастырылды.

Мереке барысында халықтың қатысуымен ойын-сауық байқау бағдарламалары, «Достық хормен жүру» флеш-моб музыкалық ойыны өткізілді. Мереке қонақтарының қатысуымен келіндер арасында қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын білуге байланысты байқау өткізілді.

Бірінші күннің соңына қарай «Көктем әндері» атты қаланың аға буынына арналған мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды.

22 наурызда Орталық алаңда мереке қонақтарына қала домбырашылары «Балбырауын», «Адай» күйлерін жаппай орындап, «Қара жорға» биіне флеш-моб ұйымдастырды.

Бұдан өзге, өңір әкімі Қ. Ақсақаловтың бастамасымен алғаш рет көппәтерлі үйлердің 30-дан астам ауласында мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Қайырымдылық акциялары аясында балаларға «Нептун» аквапаркінде тегін демалу, «Киндер ленд», «Мадагаскар», «Аттракциондар әлемі» ЖШС-нің аттракциондарына бару мүмкіндігі берілді.
Батыс Қазақстан облысы

Оралда «Мейірімді көктем» жобасы аясында қоғамдық ұйымдарға, жастарға, ұжымдарға қолдау көрсеткен көптеген қайырымдылық акциялары өткізілді. Дегенмен, ең ауқымды шара 22 наурызда өтті. Көптен күткен Наурыз мейрамы Орал қаласында биыл жаңа Тәуелсіздік алаңында атап өтілді. Мерекеге орай оралдықтар 300 шырша мен қайың көшетін отырғызды.
Қостанай облысы

Қостанайда ашық аспан астында «Палау әлемі» және «Бауырсақ – Қазақстанның аспаздық бренді» байқаулары өткізілді. Бірнеше сағат бұрын шамамен тонна ұлттық тағамдар даярланды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу