Қалпына келтіру жұмыстары Үкімет белгілеген мерзімде толықтай аяқталды — Батыс Қазақстан облысының әкімі

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысында 2024 жылғы су тасқыны салдарын жою және өңірдегі қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев баяндама жасады. 

Өңір әкімі биыл елімізде орын алған су тасқыны салдарынан 2 мыңға жуық тұрғын үй және Жайық өзені қойнауында орналасқан 15 мыңнан астам саяжай учаскесі су астында қалғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ 11 әлеуметтік, 87 кәсіпкерлік, 6 гидротехникалық нысан, 47 жол учаскесі мен 28 энергетика инфрақұрылымы зақымданып, 2 457 бас мал шығыны орын алған.

«Қазіргі таңда әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдарды қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Күні бүгін 5 әлеуметтік нысанды ағымдағы жөндеу 3 гидротехникалық нысанды күрделі жөндеу және барлық энергетика нысанын қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Су басқан аумақтардан Төтенше жағдайлар және қорғаныс министрліктерінің, сондай-ақ Ұлттық гвардия күштерімен 14 мыңнан астам адам қауіпсіз жерлерге эвакуацияланды», — деді Нариман Төреғалиев.

Оның айтуынша, су тасқынына қарсы шараларға жергілікті құрамалардан, сондай-ақ басқа облыстардан 11 261 адам, 2 417 техника, соның ішінде 1 388 бірлік инженерлік арнайы техника тартылған.

Сондай-ақ тасқын суды тиімді пайдалану мақсатында Жайық-Көшім суландыру жүйесіндегі ірі 4 су қоймасы толтырылып, көктемгі-жазғы мерзімде көлтабандар мен табиғи жайылымдарды, көлдерді толтыруға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда су қоймаларының толтырылуы 60%-дың үстінде.

Облыс бойынша келтірілген залалды анықтау мақсатында қала және аудандарда құрылған арнайы комиссиялармен техникалық тексеру жұмыстары жүргізілді.

«Техникалық тексеру қорытындыларына сәйкес, зардап шеккен 5 927 тұрғын үй мен саяжай анықталып, 1 381 тұрғын үйді жөндеу, 2 790 тұрғын үйдің орнына жаңа тұрғын үй құрылысын салу және сатып алу жөнінде шешім қабылданды. Бүгінгі таңда тұрғындарға су тасқынынан келген шығындары үшін өтемақы төлеу және қалпына келтіру жұмыстары Үкімет белгілеген мерзімде толықтай аяқталды», — деп мәлімдеді спикер. 

Атап айтқанда, 9 994 отбасына 3,6 млрд теңге біржолғы төлемдер және 10 222 отбасына 3,7 млрд теңге материалдық өтемақы төленді.

Тұрғын үйлерді жөндеуге 4,3 млрд теңге көлемінде қаражат төленіп, сонымен қатар 42,3 млрд теңгеге 2015 пәтер сатып алынды, жаңа 775 тұрғын үйдің құрылыстары жүргізілді. Құрылыс жұмыстарына 60-тан астам жергілікті құрылыс компаниясы мен 2 мыңға жуық құрылысшы жұмылдырылды.

Сырым ауданында техникалық тексеру қорытындысымен бастапқыда жөндеуге жатқызылған бірнеше тұрғын үйлерде уақыт өте келе іргетастарының отырып, құзданып жарылуы орын алды.

«Осыған байланысты, тұрғындардың өтініштері негізінде қайтадан техникалық тексеріс жүргізіп, жарамсыз деп танылды. Аталған баспаналардың орнына жаңадан 38 тұрғын үй салу бойынша шешім қабылданды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталды және 15 қазанға дейін пайдалануға берілетін болады», — деді ол. 

Сонымен қатар Орал қаласында екінші нарықтан сатып алуды ұйымдастыру барысында көпбалалы отбасылардан жеке тұрғын үйлер салып беру жөнінде өтініштер түсті. Сол себепті, Орал қаласында Деркөл кентінен қысқамерзімде қосымша 28 тұрғын үй құрылысы басталды, құрылыс жұмыстары 1 қазанда аяқталады деп жоспарланған.

«Жалпы, облыс бойынша су тасқыны зардаптарын қалпына келтіруге барлық қаржы көздерінен 100 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталды. Осылайша, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауы арқасында тиісті жұмыстарды уақтылы аяқтадық», — деп түйіндеді сөзін облыс әкімі. 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу