31 Шілде 2026, 19:15
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысындағы су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Шардара су электр стансасының аумағында вице-премьерге халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жобалардың орындалу барысы таныстырылды. Атап айтқанда, Ислам даму банкімен бірлесіп Мақтаарал және Шардара аудандарында тік дренажға арналған 512 ұңғыманы қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Мақтаарал, Сауран және Шардара аудандарында жалпы суармалы жер көлемі 62,3 мың гектарды құрайтын аумақта ирригация-дренаж жүйелерін реконструкциялау жобалары жүзеге асырылып жатыр.
«Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасының бірінші кезеңі аясында өңірде Ислам даму банкінің қолдауымен 25 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Атап айтқанда, нысанның тұрақтылығын арттыру және оның жобалық көлемін 1,5 млрд текше метрден 3 млрд текше метрге дейін ұлғайту мақсатында Сырдария өзеніндегі Көксарай контрреттегішінің бөгетін реконструкциялау жұмыстары басталды.
Сонымен қатар жалпы ұзындығы 179 шақырым болатын 10 каналды реконструкциялау жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ көлемі 33 млн текше метр болатын Қосқорған су қоймасына және Қазығұрт, Келес, Ордабасы, Сарыағаш және Сауран аудандарындағы жалпы ұзындығы 165 шақырым болатын 13 суару каналына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.
Бұдан кейін «Көкбұлақ» және «Келес» гидробекеттерін жаңғырту жобасы таныстырылды. Жоба аясында нысандарды заманауи автоматты гидрологиялық стансалармен және ең жаңа өлшеу құралдарымен жабдықтау көзделген.
Гидробекеттерді жаңғырту жұмыстарын толық аяқтау биылғы қыркүйек айына жоспарланған. Жұмыстар Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы су қатынастарының барлық бағыты бойынша екіжақты ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу үшін құрылған Бірлескен жұмыс тобының шешіміне сәйкес жүргізіліп жатыр. 2026 жылғы наурыз айынан бастап «Қазгидромет» РМК өзбекстандық әріптестерімен бірлесіп «Көкбұлақ» гидробекетінде су шығынын тұрақты түрде өлшеу жұмыстарын жүргізіп келеді.
Вице-премьер сондай-ақ Түркістан облысындағы су шаруашылығы инфрақұрылымын цифрландыру және автоматтандыру жұмыстарының барысымен танысты. Қазіргі уақытта Шардара су қоймасындағы гидротехникалық құрылыстар автоматтандырылуда. Бүгінде 8 нысан қамтылған. Жоба су деңгейі мен су шығынын өлшейтін датчиктерді орнатып, деректерді онлайн режимде беруді көздейді. Бұл қолмен өлшеу жұмыстарын толықтай алып тастауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар облыста 13 суару каналын жаңғырту және трансшекаралық гидробекеттерді автоматтандыру жобалары жүзеге асырылып жатыр. Өзбекстан Республикасымен бірлесіп 10 гидробекетті автоматтандыру жоспарланған. Оның ішінде 5 гидробекет Қазақстан аумағында, тағы 5 гидробекет Өзбекстан аумағында. Бұл жобаны жүзеге асыру су есебінің ашықтығын қамтамасыз етуге, адам факторын болдырмауға, деректерді онлайн режимде беруге және мемлекетаралық су бөлуді жүргізуге арналған бірыңғай деректер базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.





Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу