Қанат Бозымбаев Батыс Қазақстан облысында «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысын тексерді

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ауыл экономикасын дамытуға және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысымен танысты.

Жобаны табысты жүзеге асырудың бір мысалы ретінде Бәйтерек ауданындағы «Аманат-22» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысы таныстырылды. 2024 жылы агроқұрылым 26,4 млн теңге көлемінде несие және 52,7 млн теңге көлемінде лизинг алған. Бүгінде мұнда сүт бағытындағы мал шаруашылығы, бау-бақша және құс шаруашылығы дамып келеді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында 10 мың басқа арналған құс фабрикасы іске қосылып, алдағы уақытта алма бақтарын дамыту жоспарлануда.

Сондай-ақ вице-премьерге облыс әкімдігі мен «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы арасында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өндірілген өнімдерді өткізу бойынша жасалған меморандум нәтижелері таныстырылды. Зәкірлі ауыл шаруашылығы кооперациялары арқылы мұнай-газ кәсіпорнына ет, сүт өнімдері, май, жұмыртқа және көкөніс өнімдері жеткізіледі.

Жұмыс сапары аясында Қанат Бозымбаев Ұлттық экономика министрлігі, «AMANAT» партиясы және облыс әкімдіктері өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді. Вице-премьер өңірдің адами және шаруашылық әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, Үкімет алдында ауыл экономикасын нығайту және ауыл тұрғындарының тұрақты табысын қамтамасыз ету міндеті тұрғанын айтты. Осы бағыттағы жұмысты іске асырудың негізгі тетіктерінің бірі – «Ауыл аманаты» жобасы.

2025 жылы Батыс Қазақстан облысында «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға 5,5 млрд теңге қарастырылып, аталған қаражат есебінен 179 жоба қаржыландырылды. Өңірдегі ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 60,7%-ды құрайды. Бұл бағыттағы оң динамика «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жалпы сомасы 9 млрд теңгеге 24 әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысанын жаңғырту нәтижесінде қамтамасыз етілді.

Кеңесте сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасын іске асырудағы жаңа тәсілдер мен мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру мәселелері талқыланды.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев Ұлттық экономика, Өнеркәсіп және құрылыс, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне және әкімдіктерге ауылдағы халық пен бизнес үшін инфрақұрылымды жақсарту бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

#Ауыл шаруашылығы #АӨК #Президенттің тапсырмасы #Табысты арттыру #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу