Қанат Бозымбаев Алматыдағы азаматтық қорғау нысандарының жер сілкінісіне дайындығын тексерді

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алматыға жұмыс сапары барысында азаматтық қорғау нысандарын аралап, сейсмологиялық мониторинг және халықты құлақтандыру жүйелерінің жұмысымен танысты. Сондай-ақ сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңес өткізді.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Алатау» жедел мақсаттағы Оңтүстік базасында вице-премьер құтқару бөлімшелері мен №21 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің төтенше жағдайларға дайындығын тексерді.

«Келесі жылы барлық күштер мен құралдарды жұмылдыра отырып, ауқымды командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткізу қажет. Бөлімшелердің нақты жасақталуын және төтенше жағдайларға ден қоюға дайындығын тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде тексеру маңызды», — деді Қанат Бозымбаев.

«Медеу» сейсмологиялық станциясында вице-премьерге жер сілкіністерін бақылауға арналған жабдықтар мен ерте хабарлау жүйесі таныстырылды.

Сонымен қатар Қанат Бозымбаев Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығына барды. Оның базасында ғылыми зерттеулер жүргізу, сейсмологиялық деректер алмасу және ерте ескерту жүйелерін жетілдіру мақсатында бірлескен қазақстандық-қытайлық орталық құру жоспарланып отыр.

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінде азаматтық қорғау күштерінің дайындығы қаралды. Вице-премьер сондай-ақ 103,6 мыңнан астам өтініш қабылдаған 109 бірыңғай байланыс орталығының жұмысымен және №105 мектеп-гимназия базасында орналасқан зардап шеккен халықты қабылдау пунктімен танысты. Қалада барлығы осындай 384 пункт қарастырылған, оның 150-і мобильді қоймалармен жабдықталған.

Нысандарды аралау қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев Алматы қаласының әкімдігінде сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Оған қала әкімі Дархан Сатыбалды мен салалық министрліктердің өкілдері қатысты.

Кеңесте Қазақстан аумағының шамамен 40%-ы сейсмикалық қауіпті аймақтарға жататыны атап өтілді. Жыл басынан бері 1 мыңнан астам жер сілкінісі тіркелген, оның сегізі 2–4 балл деңгейінде сезілген.

«Сейсмикалық қауіпті болжау мәселесінде заманауи тәсілдер қажет. Бұл жұмысқа цифрлық құралдарды белсенді түрде енгізу керек», — деп атап өтті Қанат Бозымбаев.

Вице-премьер ғимараттардың сейсмикалық төзімділігіне бақылауды күшейтуді, сейсмикалық қауіпті өңірлердегі нысандарды тексеруді және қауіп-қатерлердің цифрлық дерекқорын қалыптастыруды тапсырды. Сондай-ақ тектоникалық жарылымдар аймақтары мен тау бөктеріндегі аудандарда құрылыс салуға тыйым салу қажеттігін атап өтті.

ТЖМ-ге мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп сейсмологиялық мониторинг жүйесін жетілдіру, «Mass Alert» жүйесін енгізуді аяқтау және халықтың жер сілкінісіне дайындығын күшейту тапсырылды.

Бұдан бөлек, Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Тараз қаласының сейсмикалық аудандастыру карталарын әзірлеуді қаржыландыру мәселесін пысықтау, сондай-ақ жер сілкіністерін зерттеу жөніндегі қазақстандық-қытайлық орталықты құру жұмысын жандандыру қажет.

#Инфрақұрылымдық даму #ҚР ТЖМ #Қанат Бозымбаев

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу