02 Қазан 2026, 17:38

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Атырау облысына жұмыс сапары аясында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан нысандарды аралап, кәріз тазарту құрылыстарын қайта жаңғырту, сүзгілеу стансасын салу жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ ол азаматтық қорғау жүйесінің дайындығын тексеріп, «Ауыл аманаты» жобасы аясындағы ауыл шаруашылығы нысанына да барды.
Ұлттық жоба шеңберінде Атырау қаласындағы жылу желілері жаңғыртылу үстінде. Желінің жалпы ұзындығы 409,2 шақырым болса, тозу деңгейі — 62,3%. Жобада тозу деңгейі 95%-ға жеткен, ұзындығы 8 шақырымға жуық учаскені реконструкциялау көзделген. Нәтижесінде жылу шығынын 75%-ға азайту жоспарланып отыр. 2030 жылдың соңына дейін қалада 26,6 шақырым жаңа жылу желісін тарту жоспарланған. Бұл жұмыстар инженерлік желілердің жалпы физикалық тозуын 40%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Өңірде электр желілері де жаңартылып жатыр. «Атырау Жарық» ЖШС 110 кВ әуе желілерінің 114,6 шақырымын, 35 кВ желілердің 50,7 шақырымын және 6/10 кВ желілердің 238 шақырымын, сондай-ақ 46 трансформаторлық қосалқы стансаны жаңартуды көздейтін 9 іс-шараны қолға алған. Бұдан бөлек, электр энергиясын автоматты есепке алатын 10,5 мыңнан астам құрал орнатылып, 16 қосалқы стансада SCADA жүйесі енгізіледі. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2027 жылғы ақпанда басталмақ.
«Ұлттық жоба аясындағы қаржыландыру – қала инфрақұрылымын кешенді жаңартуға берілген мүмкіндік. Бұл ресурсты тиімді пайдаланып, алдағы уақытта қаланың инженерлік желілерінің орташа тозу деңгейін 45%-дан асырмау қажет», – деді Қанат Бозымбаев.
Алмалы ауылынан Еркінқала ауылына дейінгі учаскеде газ берудің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін сағатына 120 мың текше метр газ өткізу қабілеті бар автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы аяқталуға жақын. Жоба аясында Еркінқала ауылына дейін ұзындығы 21,7 шақырым жаңа магистральдық болат газ құбыры тартылып, 20 шақырым полиэтилен газ тарату құбыры салынды.
Сондай-ақ су бұру жүйесіне ерекше назар аударылды. Қанат Бозымбаев кәріз тазарту құрылыстарының жағдайымен және булану алаңдарын рекультивациялау барысымен танысты. Экологиялық тұрғыда күрделі нысанның бірі – сол жағалаудағы аумағы 1 336,2 гектарлық «Сасықсай» булану алаңы. 2023 жылы Tazalyq жобасы аясында оның қаладағы бөлігі рекультивацияланды. Зауыт аумағындағы бөлігінде жұмыстар жалғасып жатыр. Төрт сектордың екеуінде жұмыс аяқталған.
Қанат Бозымбаев «АМӨЗ» ЖШС-не технологиялық ағынды суларды басқарудың негізгі тетігін пысықтауды тапсырды. Бұл орайда су ресурстарына түсетін салмақты азайтып, булану алаңдарын одан әрі кеңейтуге жол бермеу қарастырылуы керегін айтты. Шешімдердің бірі ретінде суды қайта пайдаланудың заманауи технологияларын, оның ішінде Жайық өзенінен алынатын суды өндірістік айналымға қайта енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
«Мәселені кейінге қалдыра бермей, ұзақ мерзімге арналған технологиялық шешім табу қажет. Ағынды суларды тазарту мәселесін түбегейлі шешіп, дұрыс технологиялық сызбаны анықтау және қоршаған ортаның одан әрі ластануына жол берілмеуі шарт», – деді Қанат Бозымбаев.
Оң жағалаудағы кәріз тазарту құрылыстарының құрылыс дайындығы шамамен 85% деңгейінде. Жұмыстарды жыл аяғына дейін тәмамдау жоспарланған. Сонымен қатар «Квадрат» булану алаңын рекультивациялау жұмыстары жүріп жатыр. Жойылуы тиіс 1,7 млн текше метр лас тұнбаның 900 мың текше метрден астамы тазартылды. Алдағы уақытта тазартылған суды техникалық мақсаттарға және көгалдандыру жұмыстарына пайдалану жоспарланып отыр.
Технологиялық сызбаны қарау барысында ағынды суларды залалсыздандыру, қосымша тазарту және биологиялық тазарту технологияларына қатысты түзетуді қажет ететін мәселелер анықталды. Қанат Бозымбаев сала мамандарына енгізілуі тиіс өзгерістерді жан-жақты қарастырып, нақты шешімдер ұсынуды тапсырды.
Премьер-министрдің орынбасары Атырау қаласының сумен жабдықтау жүйесінің жағдайымен де танысты.
Су тазарту құрылыстарының жобалық қуаты тәулігіне 120 мың текше метр болса, нақты қуаты – 90 мың текше метр. Төрт сүзгілеу стансасының үшеуі жұмыс істеп тұр. 1968 жылы салынған №2 станса апатты жағдайда болуына байланысты 2024 жылдан бері пайдаланылмайды. Ал ең ескі №1 станса 1939 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Апатты нысандарды бұзып, тәулігіне 30 мың текше метр су өндіретін заманауи блок салу ұсынылып отыр.
Қанат Бозымбаев ауызсудың сапасы мен желілердің жай-күйін ескере отырып, су тазарту инфрақұрылымын жаңғыртуды жеделдетуді тапсырды. Жоспарлау кезінде коммуналдық инфрақұрылымды қаланың бас жоспарымен байланыстырып, тапшылық туындамай тұрып қажетті қуаттарды қалыптастыру жүктелді. Сондай-ақ шетелдік тәжірибені, оның ішінде Қытайда қолданылатын технологиялық шешімдерді зерделеу тапсырылды.
Су шаруашылығы инфрақұрылымының жағдайы да қаралды. «Табиғат» КМК ұзындығы шамамен 1 300 шақырымдық 21 арна мен Ералы гидроторабына қызмет көрсетеді. 2026 жылы қалыпқа келтіру жұмыстарына республикалық бюджеттен 399 млн теңге бөлінді. Қазір «Сборный», «Алға», «Маратши» және «Бақсай» арналарының жекелеген учаскелері тазартылды. Жыл аяғына дейін «Ақсай» және «Бағырлай» арналарын тазарту жоспарланған.
Қанат Бозымбаев ауыл шаруашылығының дамуы мен заманауи суару технологияларын енгізуді ескере отырып, арналарды қалпына келтірудің кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын жоспарын бейінді министрлікпен бірлесіп әзірлеп, бекітуді тапсырды.
«Арналарды қалпына келтіруді тек коммуналдық міндет ретінде қарастыруға болмайды. Бұл – ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізі. Мемлекеттік қолдау мен субсидиялар бар кезде өңірде ауыл шаруашылығы кластерін қалыптастыруға жағдай жасау қажет», – деп атап өтті Қанат Бозымбаев.
Сапар барысында Премьер-министрдің орынбасары Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің су-құтқару стансасының жұмысымен танысып, Махамбет ауданының Бейбарыс ауылында «Ауыл аманаты» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Айдана Агро» жылыжай кешеніне барды.
Қанат Бозымбаев сапарды қортытындылап, жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға коммуналдық инфрақұрылымның проблемалы нысандарына қатысты шешімдерді дер кезінде қабылдауды, жұмыстардың мерзімін созбауды және жаңғыртудың ұзақ мерзімді нәтижесіне басымдық беруді тапсырды.
Сондай-ақ инженерлік желілерді кешенді жаңартуға, тазарту құрылыстарының тиімділігіне, сумен жабдықтаудың сенімділігіне және өңірдің су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударуды жүктеді.





Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу