Қаңтар-тамыз айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,1%-ды құрады

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысында 2022 жылғы қаңтар-тамыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Аталған мәселе бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың мәлімдеуінше, биылғы қаңтар-тамызда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,1%-ды құрады. Нақты сектордағы өсу 3,3% болды. Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 2,3%-ға өсті. Салалар арасында құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік және қоймалау, сауда, өңдеу өнеркәсібі ,ауыл шаруашылығы, тау-кен өндіру өнеркәсібі оң өсу қарқынын көрсетуде. 

«Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқынының 5,7%-ға дейін жеделдеуі байқалады. Инвестициялар мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қамсыздандыруда 2 есеге, білім беруде 59,1%-ға, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсетуде 30,1%-ға, саудада 21,9%-ға, қаржы және сақтандыру қызметінде 20,2%-ға, жылжымайтын мүлікке қатысты жасалатын операцияларда 8,8%-ға, құрылыс саласында 15,7%-ға өсті», — деді министр. 

Оның айтуынша, өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент, Алматы қалаларында, сондай-ақ Алматы, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында байқалуда.

Биылғы қаңтар-шілдеде сыртқы сауда тауар айналымы 36,9%-ға өсіп, $74,3 млрд-ты құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 52,9%-ға өсіп, $48,9 млрд-қа дейін жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 35,7%-ға ұлғайып, $14,3 млрд-ты құрады. Тауарлар импорты $25,3 млрд-ты құрады. Жалпы оң сауда балансы $23,6 млрд-қа тең.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың баяндамасына сай, өңдеу өнеркәсібінде оң өсу қарқыны сақталуда. Осы жылдың қаңтар-тамызында өндіріс көлемі 4,8%-ға өсті. Соның ішінде 16 өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалуда.

Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісі 7,9%-ға, оның ішінде автомобиль жасау 18,2%-ға, электр жабдықтарын жасау 8,3%-ға, азық-түлік тауарлары 3,5%-ға, сусындар 7,5%-ға, пластмасса бұйымдары 5,1%-ға, дайын металл бұйымдары 2,4%-ға, химия өнеркәсібі тауарларының өңрідірісі 11,8%-ға, киім өндірісі 7,1%-ға өсті. 

Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 0,7%-ға ұлғайды. Салалар бөлінісінде өсу тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде 18,5%-ды, газ өндіруде 2,7%-ды, көмір өндіруде 2,2%-ды, металл кендерін өндіруде 0,5%-ды құрады. Бұл ретте өзге де пайдалы қазбаларды өндіруде 8,3%-ға төмендеу тіркелді.

«Аталған кезеңде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 7,5%-ға ұлғайды. Көрсеткіштің оң өсуі 16 өңір бойынша тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Алматы, Ұлытау, және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Шымкент және Алматы қалаларында байқалуда», — деді ұлттық экономика министрі.

Биылғы қаңтар-тамызда 8,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 1,2%-ға төмен. Оң өсу 14 өңір бойынша тіркелді. Ең жоғары көрсеткіштер Түркістан, Алматы, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында байқалуда. Көрсеткіштің төмендеуі жаңадан құрылған Ұлытау және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Маңғыстау, Атырау облыстарында, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында байқалуда.

Ә. Қуантыровтың мәліметінше, ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 4,3%-ға ұлғайды. Саладағы өндірістің оң өсуі 16 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсуді Маңғыстау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ақмола облыстары көрсетті. 

Ұлттық экономика министрі берген мәліметтерге сай, 7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдай мынадай:

Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсу 4 өңірде – Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында тіркелді.

6 көрсеткіш бойынша оң өсуді 8 өңір көрсетті. Олар: Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары,сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары.

5 көрсеткіш бойынша оң өсу 4 өңірде – Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстарында байқалуда.

4 көрсеткіш бойынша оң өсу Маңғыстау, Жетісу және Абай облыстарында тіркелді. 

3 көрсеткіш бойынша – Ұлытау облысында байқалуда.

Осыған орай, орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аудару ұсынылды.

1. Сауда үстемелерін тиімді бақылау және делдалдық схемаларды тексеру арқылы азық-түлік тауарлырының қолжетімділігін қамтамасыз ету;

2. Қажетті логистикалық жағдайларды қамтамасыз ете отырып, егін жинау бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу;

3. Инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру және оларды барлық деңгейлерде жүйелі қолдау;

4. Қазақстан экспортының үздіксіз жеткізілуіне, оның ішінде баламалы көлік бағыттары арқылы жеткізілуіне жәрдемдесу;

5. Туындаған сауалдарға уақытылы ден қоюды қамтамасыз ете отырып, қолданыстағы құралдар аясында бизнеске кешенді қолдау көрсету.

Жоғарыда аталған шараларды толықтай іске асыру еліміздің экономикасының өсуін жеделдетуге мүмкіндік береді.

ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтің айтуынша, биылғы тамыз айында жаһандық нарықтардағы жағдай жоғары инфляция мен дамыған елдердегі рецессия тәуекелдерінің сақталуы аясында құбылмалы күйінде қалды. Ал әлемдегі бағалардың өсуі баяулау жағына қарай өзгеріп келеді. 

Ақша-кредит саясатының күшеюі аясында іскерлік белсенділіктің төмендеуінен баға қысымы біртіндеп қалпына келе бастады.

«Тамыз айында жаһандық іскерлік белсенділік 49,3-ке дейін төмендеді. Әлемдік өндіріс көлемі өңдеуші өнеркәсіпте де, көрсетілетін қызметтер секторында да қысқарды. Өндіріс көлемінің төмендеуі негізінен дамыған нарықтарда орын алды», — деді А. Баймағамбетов.

Оның сөзінше, Қазақстанда шикізат пен материалдарды жеткізу мерзімінің ұзаққа созылуы және жекелеген секторларда жұмыспен қамту деңгейінің төмендеуі нақты сектордағы іскерлік белсенділікті тежей түсті. Іскерлік белсенділік индексі осы жылғы шілде айындағы 48,0 көрсеткішінен тамыз айында 47,8-ге дейін төмендеді. 

Әлемдегі баға қысымы азаю белгісін көрсетіп отыр. Дүниежүзіндегі өндіріс шығындары құнының өсуі үш ай қатарынан баяулап, 2021 жылғы наурыз айынан бастап ең төменгі деңгейге жетті. Қазіргі уақытта бүкіл әлемде байқалып отырған ақша-кредит саясатының ең агрессивті күшеюінен кейін баға қысымы баяулады. 

ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтің айтуынша, қаржы нарықтарында тәуекелден бас тарту жалғасуда. Әлемде ақша-кредит саясатын күшейту аясында осы жылдың басынан бастап дамыған елдердің акциялары, соның ішінде индекстер 19%-ға төмендеді, АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілігі 3,19%-ға дейін 1,68 базистік тармаққа өсті.

АҚШ Федералды резервтік жүйесі шілде айында мөлшерлемені 2,25–2,50%-ға дейін 75 базистік тармаққа тағы көтерді және одан әрі күшейтілетінін айтып, балансты қысқарту жоспары бар екенін растады. Жылдың соңына дейін мөлшерлеменің 3,75%-ға дейін тағы 150 базистік тармаққа көтерілуі күтіледі. Еуропа орталық банкі шілде айында мөлшерлемені 11 жылда алғаш рет 50 базистік тармаққа, ал қыркүйек айында қосымша 75 базистік тармаққа көтерді.

Федералды резервтік жүйе инфляцияның бақылауда болатынына сенімді болмайынша, пайыздық мөлшерлемелерді жоғары деңгейде сақтайтынын мәлімдей келе, агрессивті риториканы сақтауда және Федералды резервтік жүйенің бағамды жақын арада өзгертуін нарықтың күтуіне қарамастан, саясатты мерзімінен бұрын жеңілдетуден сақтану керек екенін ескертеді. 

Геосаяси жағдай мен Федералды резервтік жүйенің инфляцияны төмендету үшін барынша агрессивті әрекет етуге дайын екені жөніндегі риторикасы аясында қорғаныш активтеріне көшу жалғасуда. Доллардың индексі осы жылдың басынан бері 13,6%-ға өсті. Геосаяси тәуекелдердің іске асырылуы және дамыған елдердегі орталық банктердің монетарлық саясатты қатаңдатуы әлемдік қор индекстеріне қысым көрсетуін жалғастыруда.

Ақылжан Баймағамбетовтің айтуынша, айлық инфляция соңғы 5 жылдағы тамыз айының орташа мәні 0,2% болған кезде биылғы тамызда 1,4%-ды құрады. 

Қазақстандағы инфляцияның айлық динамикасы биылғы наурыз айындағы ең жоғары мәнінен кейін шарықтау шегінен 3,7% төмендегеніне қарамастан, орташа жылдық мәнінен асып, әлі де жоғары болып тұр. Жылдық мәнде инфляция 16,1%-ға жетті. Жылдық көрсеткіш бойынша 20,8%-ға жеткен азық-түлік бағасының өсуі инфляцияға ең жоғары үлес қосуын жалғастыруда.

Логистикалық және өндірістік жеткізу тізбектерінің қайта құрылуы жағдайындағы айтарлықтай инфляциялық қысымның сақталуы аясында инфляция қарқын алды. Жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулер баға өсуінің қосымша факторы болып отыр. Импорттық тауарлардың қымбаттай түсуінен азық-түлікке жатпайтын инфляция да 15,5%-ға дейін жеделдеді.

Ақылы қызметтер инфляциясы 10,1%-ға жетті. Монополист-кәсіпорындар көрсететін қызметтердің тарифтері 2022 жылғы 1 шілдеге дейін тарифтерді көтеруге қойылған мароторийдің аяқталуына байланысты барлық өңірде дерлік өзгерді.

Осы жылдың қорытындысы бойынша, жаңартылған болжамдарға сәйкес, инфляция 16-18% деңгейінде күтілуде, бұл біздің алдыңғы болжамдарымыздан жоғары және күтілген нақты инфляциядан, фискалдық серпіннен және инфляцияның тұрақты компоненттерінің жеделдеуінен де жоғары болуына байланысты.

Тәуекелдер балансын ескере отырып, Ұлттық банк биылғы 5 қыркүйекте базалық мөлшерлемені 14,5% деңгейінде сақтады. Орта мерзімді перспективада сыртқы бағалардың төмендеуі, Ресей Федерациясындағы инфляцияның баяулауы ішкі сұранысты фискалдық ынталандырумен теңестірілетін болады. 2023 жылы инфляция базалық сценарий кезінде 7,5-9,5%, 2024 жылы 5,5-7,5% деңгейінде болжанады.

Ұлттық банк басқарма төрағасы орынбасарының мәліметінше, валюта нарығы нарықтық сұраныс пен ұсыныс есебінен балансқа түседі. Осы жылғы тамыз айында теңгенің долларға қатысты бағамы 1 долларға шаққанда 472,29 теңгеге дейін 1%-ға нығайды. Тамыз айында экспорттаушылардың шетел валютасын тоқсандық салық төлемдері үшін сатуы ұлттық валютаны нығайтудың негізгі факторы болды.

Сонымен қатар АҚШ Федералды резервтік жүйесінің ақша-кредит саясатын белсенді түрде қатаңдатуынан және доллар бағамының жаһандық нығаюынан дамушы нарықтардың валюталарына сияқты теңгенің айырбастау бағамына да қысым жасалып отыр.

Қаңтар-тамыз айларында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы, Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валютаны сату және Ұлттық банктің валюталық интервенциялары теңгеге қолдау көрсетті. Еркін өзгермелі бағам экономиканың сыртқы шоктарға бейімделуіне мүмкіндік берді. Осы жылдың сәуір айынан бастап Ұлттық банк шетел валютасын сату бойынша интервенция жүргізбейді.

Биылғы бірінші жартыжылдықтың алдын ала қорытындысы бойынша, төлем балансының ағымдағы шоты шикізат бағасының жоғары болуына байланысты $6,6 млрд көлеміндегі профицитпен қалыптасты. Сауда балансының профициті тауар экспортының импорттан жоғары өсуі есебінен $12,5 млрд-қа ұлғайып, $21,6 млрд-ты құрады. Соған қарамастан, төлем балансының әдіснамасы бойынша, тауар импорты $2,9 млрд-қа немесе $20,7 млрд-қа дейін шамамен 16%-ға өсті.

Шетелдік тікелей инвесторлардың кірісі $13,5 млрд-қа дейін $2,8 млрд-қа ұлғайды. 

2023 жылы мұнай бағасының барреліне $90-ға дейін біртіндеп төмендеу сценарийі кезінде төлем балансының ағымдағы шотының профицит аймағына өтуі күтіледі. Болжамдарға сәйкес, профицит $7,0 млрд-ты құрап, сауда балансының жақсаруымен қамтамасыз етіледі.

Төлем балансының әдіснамасы бойынша тауарлар экспорты 81,6 млрд-қа дейін 35%-ға ұлғаяды. Экспорт әлемдегі мұнай, металл, уран мен дәнді дақылдар бағасының жоғары болуына байланысты өседі.

Төлем балансының әдіснамасы бойынша, тауарлар импорты жоғары деңгейде қалып, $44,2 млрд-ты құрайды. Шетелдік өнімді тұтынудың артуы ішкі сұранысты қанағаттандыру үшін қазақстандық өндірістің жеткіліксіз болуының салдарын білдіреді және фискалдық шығыстар көлемінің өсе түсуімен ынталандырылуын жалғастырады.

Ағымдағы шот профициті тұрақсыз және дайын тауарлар экспортының көлемі айтарлықтай төмен деңгейде сақталған кезде шикізаттың, бірінші кезекте мұнайдың әлемдік бағасының жоғары деңгейінің салдары болып табылады. Төлем балансының сыртқы күтпеген өзгерістерге тұрақтылығын қамтамасыз ету шикізаттық емес экспортты ұлғайтуға және ішкі нарықты отандық өндіріс тауарларымен толықтыруға бағытталған Үкіметтің алға қойған мақсаттарын іске асыру жұмыстарының тиімділігін арттыруды талап етеді.

ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтің айтуынша, жалпы халықаралық резервтер тамыз айында 382 млн долларға өсіп, 86,5 млрд долларды құрады, оның ішінде Ұлттық банктің алтын-валюта активтері $32,7 млрд-ты, Ұлттық қордың активтері $53,8 млрд-ты құрады. 

Республикалық бюджетке 3,3 трлн теңге трансферттер бөлу үшін жыл басынан бастап Ұлттық қордың валюталық активтері $3,3 млрд-қа сатылды. Теңгемен түскен түсімдер де пайдаланылды. Мұнай бағасының едәуір өсуі аясында Ұлттық қорға түсімдер жыл басынан бері шамамен 3,3 есеге ұлғайып, 4,6 трлн теңге болды.

Ұлттық қордың орташа жылдық кірістілігі құрылған кезден бастап осы жылғы тамыздың соңына дейінгі аралықта 3,05%-ды, соңғы 5 және 10 жылда жылдық мәнде тиісінше 1,29% және 1,39%-ды құрады.

Сонымен қатар биылғы тамыз айының қорытындысы бойынша, Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері 13,9 трлн теңгені құрап, осы жылдың басынан бері 919 млрд теңгеге немесе 7,0%-ға ұлғайды. Инвестициялық кіріс көлемі осы жылдың басынан бастап 718,0 млрд теңгені, зейнетақы жарналары 1 097,3 млрд теңгені, зейнетақы төлемдері 175,7 млрд теңгені, мерзімінен бұрын алу сомасы 848,4 млрд теңгені құрады.

«Зейнетақы активтерінің кірістілігі соңғы 12 айда 8,6% болды. Жинақтаушы зейнетақы қорының тұрақтылығы тұрғысынан ұзақ уақыт аралығында кірістілік пен инфляцияның көрсеткіштерін қараған жөн. Мәселен, 5 жыл ішінде жинақталған инфляция 51,4% болған кезде зейнетақы активтерінің жинақталған кірісі 56,8%-ды  құрады», — деді Ақылжан Баймағамбетов.

Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевытың айтуынша, биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері келесідей қалыптасты.

Мемлекеттік бюджетке 10 трлн 85 млрд теңге сомасында  кірістер түсті немесе жоспар 104,9%-ға орындалды. Республикалық бюджетке 6,8 трлн теңге шамасында кірістер түсті немесе жоспар 101,9%-ға орындалды. Кірістер бойынша жоспар 125 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар 69 млрд теңгеге, салықтық емес кірістер 56 млрд теңгеге асыра орындалды. Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы қосылған құн салығына және шикі мұнайға экспорттық кеден бажына тиесілі болды. Қосылған құн салығы бойынша жоспардың асыра орындалу факторлары өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда:

- тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді өткізу бойынша айналымдардың 30%-ға ұлғаюы;

- қосылған құн салығын қайтару сомасының 27 млрд теңгеге төмендеуі;

- үшінші елдерден импорт көлемінің 22%-ға ұлғаюы болып табылады.

Шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы бойынша жоспар шикі мұнайдың орташа әлемдік бағасының өсуі және теңгенің АҚШ долларына бағамының әлсіреуі есебінен асыра орындалды. Жоспар корпоративтік табыс салығы және импорттық кеден бажы бойынша орындалмады.

Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 2022 жылғы 8 айда  629 ірі салық төлеуші  бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының  өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 26%-ға азаюына байланысты. Импорттық кеден баждары бойынша жоспардың орындалмауы геосаяси жағдай мен санкцияларға байланысты болды. 

«Жергілікті бюджеттердің кірістері 111,6%-ға атқарылды және 3,3 трлн теңгені құрады. Жоспар 345 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 323 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар Түркістан және Маңғыстау облыстарынан басқа, барлық өңірлерде асыра орындалды», — деді қаржы министрі.

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,4%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 99,5%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 97,6%-ға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша 11,7 трлн теңге сомасына шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 60 млрд теңгені құрады, оның ішінде 11 млрд теңге үнемделді. Игерілмегені – 49 млрд теңге.

Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары ішкi iстер, қорғаныс, төтенше жағдайлар және оқу-ағарту (ғылым және жоғары білім) министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды уақытылы ұсынбау, шарттарды, қосымша келісімдерді жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу, төлемдердің нақты көрсетілген қызмет көлемі үшін жүргізілуі, есепті айда қаражаттың шығындалуына қажеттіліктің болмауы.

Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, жергілікті бюджеттердің шығыстары 6,3 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны – 155 млрд теңге. Биыл өңірлерге 3,3 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 қыркүйекке 1,9 трлн теңге бөлінген. Оның 95,6%-ы игерілген. Атқарылмағаны – 85 млрд теңге, оның ішінде 7 млрд теңге үнемделден, 78 млрд теңге игерілмеген.

Ең көп игерілмеу Алматы, Маңғыстау, Қарағанды және Түркістан облыстарында қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, орындалған жұмыстар актілерін уақытылы ұсынбау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, қазынашылық органдарына төлеуге берілетін шотты кеш ұсыну.

Осы жылдың 8 айында шамамен 8,7 трлн теңге сомасына дерлік 392 мың  мемлекеттік сатып алу рәсімдері камералдық бақылаумен қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша 26 241 рәсімнің бұзушылықтары анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 93%-ы орындады. 1 645 аудиторлық іс-шара өткізілді.

Аудитпен шамамен 3,3 трлн теңге бюджет қаражаты қамтылды. 249 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу жолымен 236 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 1 442 ұсыным берілді.

Министрдің айтуынша, Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 675 объектіні сату көзделген. Есепті кезеңде сомасы 57 млрд теңгеге 240 объект сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 65 объекті сатылуға қойылды. 36 объекті қайта ұйымдастырылды және таратылды. 334 объекті сату алдындағы дайындықта. Есепті кезеңдегі мемлекеттік қаржының атқарылу нәтижелері осындай.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу