Қасым-Жомарт Тоқаев Катар делегациясын қабылдады

Мемлекет басшысы Катар Орталық банкінің төрағасы Абдалла Әл Тани бастаған ірі қаржы құрылымдарының басшыларымен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Кездесу барысында қаржы саласындағы өзара іс-қимылдар, инвестиция тарту және «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясындағы мәселелер талқыланды.

Қазақстан Президенті Катар делегациясының осы сапары өзара ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беруі тиіс екенін атап өтті.

«Биылғы маусым айында Душанбеде Катар Әмірімен кездестім. Сол кезде біз екі мемлекет арасында дәнекер болатын нақты іс-қимылдарды күшейту жөнінде уағдаластық. Мен оны Қазақстан астанасына ресми сапармен келуге шақырдым. Осыған байланысты сіздердің сапарларыңыздың біз үшін маңызы аса зор деп ойлаймын», – деді Мемлекет басшысы.

Катар Орталық банкінің төрағасы Абдалла Әл Тани өз елінің басшылығының Президентке, Үкіметке және Қазақстан халқына жолдаған сәлемін жеткізді. 

«Екі ел арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын білесіздер. Біздің сапарымыз осы үрдіске қолдау көрсету болып саналады. Елдеріміздің қаржылық құрылымдары арасында терең әрі тығыз байланыстар орнаған. Біз бір-бірімізбен банк, қаржы және инвестиция бағыттары бойынша ықпалдастық жасап келеміз. Кеше «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында Катардағы ірі банктердің бірінің филиалын ашу жөнінде уағдаластық», – деді Катар қаржыгері.

Сонымен қатар ол екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасының тезірек ашылуы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайта түседі деген пікір айтты.

Делегация құрамында Катар Қор биржасының басқарма төрағасы Рашид әл-Мансури, «Masraf Al Rayan» банктер тобының төрағасы Хусейн әл-Абдалла, «Qatar International Islamic Bank» банкінің басқарма төрағасы Абдул Басит әл-Шайби, Qatar National Bank» банкінің басқарма төрағасының міндетін атқарушы Абдулла әл-Халифа, Катар қаржы орталығының Реттеуші ведомствосының басқарма төрағасы Майкл Раян, «Commercial Bank of Qatar» банктер тобының басқарма мүшесі Мохамад Мандани әл-Эмади және Катардың Қазақстандағы елшісі Абдулазиз әл-Румейхи болды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу