Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапарының аясында бірқатар кездесулер өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Германияға жасаған ресми сапарының екінші күнгі бағдарламасының аясында неміс компанияларының басшыларымен бірнеше кездесу өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

«Baumann Gmbh» компаниясының бас директоры Роберт Бауманнмен кездесуде Алматы облысындағы агроөнеркәсіп кешені саласындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу мәселелері талқыланды. Кәсіпкер Қазақстанда қой етін өндіру жұмыстарын қалай жолға қойғанын айтып, өз бизнесін одан әрі дамыту жөніндегі жоспарын ортаға салды.

Қазақстан Президенті бұл жобаға оң бағасын беріп, мемлекеттік құрылымдардың жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтті.

«Қой санын жылына 750 мыңға жеткіземіз деген биік мақсат қойып отырсыздар. Мемлекет басшысы ретінде сіздің Қазақстандағы жобаңызға оң баға беремін. Сіздерді одан әрі өркендей беруге шақырамын. Туындауы мүмкін мәселелерді шешу үшін неміс бизнесімен ынтымақтастық орнату жөнінде жұмыс тобы құрылды. Оны Премьер-Министрдің орынбасары басқарады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы халықаралық бизнесті дамыту жөніндегі «Deutsche Bahn AG» компаниясының директоры Нико Варбаноффпен және инфрақұрылым жөніндегі басқарма мүшесі Рональд Пофаллмен әңгімелесу барысында көлік саласында ынтымақтастық орнату мәселесін талқылады. Атап айтқанда, Қазақстандағы теміржол жолаушылар тасымалының сапасын тиісті деңгейге көтеру, инжинирингтік және консалтингтік қызметтер көрсету мәселелері қарастырылды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев «Volkswagen AG» компаниясының сыртқы байланыстар жөніндегі бас директоры Йенс Ханефельдпен кездесіп, инвестициялық ынтымақтастық мәселесін талқылады.

«Мен Германияға екі ел арасындағы байланыстарға дәнекер болу үшін келдім. Бізге сіздердің инвестицияларыңыз бен бизнеске қатысуларыңыз қажет. Кеше Германия басшылығына біздің экономикамыздағы неміс инвесторларының  санын арттырғымыз келетінін ашық айттым», – Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясының төрағасы Вольфганг Ишингермен кездесті.

Қазақстан Президенті Германия басшылығымен жүргізілген келіссөздердің нәтижелеріне тоқталып, Қазақстан нарығына неміс бизнесін, технологиясы мен инвестициясын тартудың маңыздылығы жөнінде айтты.

Вольфганг Ишингер келесі жылы өтетін кезекті Мюнхен конференциясына дайындық барысы туралы мәлімет беріп, Қазақстан Президентін аталған беделді жиынға қатысуға шақырды.

Сонымен қатар тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Одан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның бұрынғы Федералдық Президенті Хорст Кёлермен кездесті.

Кездесу барысында тараптар келер жылы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Дүниежүзілік сауда ұйымы министрлерінің конференциясына дайындық барысын, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясындағы ықпалдастық шараларын, сондай-ақ, әлемдегі саяси ахуалды талқылады.

Мемлекет басшысы Қазақстанда қолға алынған жаңа стратегиялық бағдарламалар жайында және өзінің Сайлауалды тұғырнамасында айтылған сабақтастық, әділдік, өрлеу қағидаттарының іске асырылуы туралы айтты.

Хорст Кёлер сабақтастық дәстүрі ел дамуына тың серпін беретінін және Қазақстанды Еуразиядағы тұрақтылық орнаған аумақ санайтынын айтты.

Мемлекет басшысы Фраунхофер институтының сыртқы байланыстар бөлімінің директоры Йенс Нойгебауэрмен кездесті.

Тараптар білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.  

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған институттың Қазақстанда кәсіби мамандар даярлау ісін жаңғыртуға және дуальді білім беру жүйесін енгізуге елеулі үлес қосқанын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, біздің ел бұл саладағы Германияның тәжірибесін енгізуге мүдделі. 

Йенс Нойгебауэр Фраунхофер институтының Қазақстанмен арадағы ықпалдастықты дамытуға дайын екенін жеткізді.

Неміс институты 2008 жылдан бері Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Қарағанды және Өскемен қалаларындағы оқу орындарымен, өнеркәсіптермен тығыз байланыс орнатқан.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу