Қазақстан мен Қытай екіжақты ынтымақтастықтың сапасы мен деңгейін арттырады

Бейжіңде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары ‒ қаржы министрі Әлихан Смайылов пен ҚХР Мемлекеттік Кеңесі Төрағасының орынбасары Хань Чжэннің төрағалығымен ҚР ‒ ҚХР Ынтымақтастық комитетінің IX отырысы өтті.

ҚР ‒ ҚХР Ынтымақтастық Комитетінің IX отырысында сауда-экономикалық, энергетикалық, ғылыми-техникалық, қаржылық, көлік, мәдени-гуманитарлық, су және экологиялық, геологиялық және кедендік ынтымақтастық пен қауіпсіздік саласындағы 10 мамандандырылған кіші комитеттердің және екі бірлескен комиссияның жұмыс нәтижелері қаралды.

Тараптардың даму мақсаттары мен тұжырымдамалары ұқсас, тығыз байланыс пен үйлестіру бар, сондай-ақ түрлі салалардағы ынтымақтастықтың сапасы мен деңгейі күн санап жақсарып келе жатқаны айтылды.

Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективаларға бағытталған (2020-2025 жж.) Бірлескен даму жоспарын жүзеге асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

ҚР мен ҚХР арасындағы өзара сауда-саттық аясын кеңейту мақсатында Қытайға қазақстандық экспорттық өнімдерді, оның ішінде энергетика мен ауылшаруашылық өнімдерін жеткізу көлемін арттыру туралы келісім жасалды.

Отырыс қорытындысы бойынша Комитет төрағалары Хаттамаға қол қойды.

Тараптар Комитеттің Х отырысын 2021 жылы Қазақстанда өткізуге келісті.

Айта кету керек, ҚР ‒ ҚХР Ынтымақтастық Комитеті 2004 жылы түрлі салалардағы екіжақты қатынастарды жүйелі және жан-жақты дамыту мақсатында құрылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу