Қазақстан ЕАЭО елдері арасында еңбек өнімділігі бойынша көш басында

2016 жыл қорытындысы бойынша Қазақстандағы еңбек өнімділігінің индексі 131%-ға дейін ұлғайтылды. Бұл туралы ҚР Үкіметі отырысы қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек хабарлады.

2016 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан еңбек өнімділігінің көрсеткіші бойынша Чехия, Венгрия, Словакия елдерінің деңгейіне жетті. Өсім соңғы 5 жыл аралығында байқалған. Оған Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру тікелей ықпал етті. Дегенмен, бүгінгі күні ЭЫДҰ-ның алдыңғы қатарлы елдерінен еңбек өнімділігі деңгейі бойынша артта қалушылық байқалады. Мәселен, 2015 жылы артта қалушылық 66%-ды құраса, 2025 жылға қарай Инвестициялар және даму министрлігі аталған көрсеткішті 32%-ға дейін қысқартуды жоспарлайды.

«Еңбек өнімділігінің өсімі – индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі. Біздің міндет – ЭЫДҰ елдерінің еңбек өнімділігі бойынша талаптары мен деңгейіне сай болу», - деді министр.

Айта кету керек, еңбек өнімділігінің өсімі еліміздің барлық өңірлеріне тән. Бұл туралы селекторлық режимде ҚР Үкіметі отырысы барысында облыстардың әкімдері айтты.

Сонымен қоса, қазіргі таңда барлық еуропалық елдер үшін ортақ тренд байқалуда: 3-4 соңғы, экономика үшін күрделі жылдары долларлық баламада еңбек өнімділігі айтарлықтай қысқарды.

«Бізде де девальвацияны есепке алғанда өзгерістер орын алды, дегенмен, соңғы жыл аталған бағытта тұрақтылықтың байқалғанын көрсетеді, және біз биылғы жылғы тренд те оң нәтиже беретінін көріп тұрмыз», - деп сөзін қорытындылады Ж. Қасымбек.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу