Казақстандық және чех компаниялары 500 млн доллар сомаға келісім жасасады - Н.Назарбаев

Қазақстан мен Чехия жалпы құны 500 млн. долларға келісімшарт жасасады. Бүгiнгi бизнес-форум маңызды нәтижелер беретiнiне және жемiстi боларына үмiттенемiн. Бұл туралы Қазақстан-Чехия бизнес-форумында ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев мәлiм еттi.

«Бүгiнгi бизнес-форум маңызды нәтижелер беретiнiне және жемiстi боларына үмiттенемiн. Жалпы құны 500 млн. долларға келiсiмшарт жасалады деп күтiлуде. Ол қорғаныс өнеркәсiбi, машина жасау, химия, құрылыс индустриясы, ауыл шаруашылығы салалары бойынша. Келiсiмшарттарға қол қою Қазақстанға құйылатын инвестицияның жаңа мүмкiндiктерiн ашады, - дедi Елбасы.

Айта кетейiк, елiмiзге Чехия Республикасының Президенті М. Земан мемлекеттiк сапармен келген болатын. Осыған орай Астанада Қазақстан-Чехия бизнес-форумы өтуде. Бұл шараға энергетика, медицина, машина жасау, химия өнеркәсiбi және басқа салаларда жұмыс жасайтын 70-ке тарта чехиялық компаниялар қатысуда.

Қазақстан мен Чехия арасындағы тауар айналымының көлемi тұрақты өсiп келе жатқандығымен ерекшеленедi. Айталық, 2009-2013 жылдар аралығындағы кезеңде ол 206,6 млн теңгеден 1,022 млрд. долларға дейiн өстi. Қазақстан Чехияға мұнай-газ және химия өнеркәсiбiнiң өнiмдерiн экспорттауда.

Өз кезегiнде Чехиядан Қазақстанға жасалатын импорт құрал-жабдық, фармацевтиканы және халық тұтынатын тауарларды құрайды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу