Қазақстандық компаниялар кедендік тәртіпті бұзғаны үшін жауапқа тартылады - КБК

Екі қазақстандық компания 700 миллион теңгеден астам сомаға кедендік төлемдерді төлеуден жалтарғаны үшін қылмыстық жауапқа тартылды, деп хабарлады ҚР Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті. 

Ведомствоның мәліметінше, 2013 – 2014 жж. кезеңінде Қытай Халық Республикасынан 2 қазақстандық компанияның мекен-жайына тауарлар әкелінген. Кедендік төлемдер мен салықтар (залал) бойынша берешектің жалпы сомасы 701 млн. теңгені құрады, тексеру нәтижесінде ішінара мемлекеттік бюджетке 159 млн. теңге өтелді.

«Кедендік бақылау комитетінің Контрабандаға қарсы күрес басқармасы осы факті бойынша, ҚР ҚК 214-бабының 1-тармағы бойынша екі қылмыстық іс қозғады (Кедендік төлемдер мен алымдарды төлеуден жалтару). Бұдан басқа, тауарларды кедендік тазартудың белгіленген ережелерін бұзуға жол берген кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты ҚР ҚК 307-бабының 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды (лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану)», - делінген хабарламада.

Аталған қылмыстық істерді Алматы облыстық қаржы полициясы органдарымен бірлесе тергеу амалдарын жүргізу жоспарлануда. 

Қазіргі уақытта, жақын арада процессуалдық шешім қабылданатын бірқатар басқа ұқсас фактілер тексерілуде.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу