05 Қараша 2018, 10:00
Бүгін Астанада Қазақстан-Эстония бизнес форумы өтті. Екі ел тарапынан 120-ға жуық бизнес өкілі қатысқан іс-шараның елімізге берер серпіні туралы «Kazakh Invest» ҰК басқарма төрағасының орынбасары Марат Бірімжан айтып берді.
— Қазақстан цифрландыру жұмысын қарқынды бастады. Аз да болса осы уақыт ішінде атқарылған жұмысқа қандай баға бересіз?
— Бүгінде дамуға бет бұрған кез-келген мемлекет үшін цифрландыру — өте қажетті әрі дұрыс қадам. Өйткені цифрландыру көптеген қызметтің бағасын арзандатып, еңбек, уақыт үнемділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл тек E-gov сынды мемлекеттік қызметтер ғана емес, мысалы, коммуналдық төлемді ұзын-сонар кезексіз бірнеше минутта онлайн төлеу сияқты әрқайсымыздың өмірімізге ыңғайлылық пен уақыт үнемделігін әкелген цифрландырудың жемісін көбіміз сезініп жүрміз. Әсіресе, мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыру бойынша еліміздің өңірлерінде жақсы нәтижеге жете алдық. Ал, өнеркәсіптік саладағы цифрландыруға келсек, ұлттық компанияларымыздың бірқатары цифрлық кен орнын анықтау, цифрлық кен ошағы жобаларын сәтті жүзеге асырып жүр.
Жаңа инновациялық даму мен жедел технологиялық жаңғыруды талап ететін бүгінгі жаһандану заманында Қазақстанның цифрландыруға ерекше мән берген қадамын жоғары бағалаймын. Түбінде мұның барлығы әлеуметтің әлеуетін артырып, отандастарымыздың өмір сүру сапасын жақсартады.
— Цифрландыруды дамытуға бүгінгі бизнес форум қандай серпін береді?
— Эстония цифрландыру және мемлекеттік қызметті реформалауда өте сәтті тәжірибесі бар мемлекет. Еуропалық Одаққа кірерде Эстония статистикалық, мемлекеттік басқарудағы, кәсіпорындардың салықтық және қаржылық қырынан мемлекеттік қызметтің ашық болуы мен бағаны төмендетуге бағытталған реформалар қабылдап, дұрыс даму бағытын таңдай алды. Кез келген қарым-қатынас болмаса рәсімнің жеңілдетілуі өнімділікті арттыратыны сөзсіз. Дәл осы тұста бізге эстониялық әріптестердің тәжірибесі өте пайдалы болады. Бүгінгі бизнес форумға мемлекеттік қызметкерлердің ресми өкілдерінен басқа 30-дан аса эстониялық кәсіпорын өкілдері келіп отыр. Цифрландыру саласында қызмет атқарып жүрген бұл компаниялардың тәжірибесі біз үшін өте қызықты әрі пайдалы болмақ. Осы күндері жақсы нәтиже беріп жатқан эстониялықтардың 15-18 жыл бұрын енгізген кейбір жобаларын біз енді ғана жүзеге асырмақпыз. Сондықтан, бұл біз үшін жақсыны түртіп алып, жобаларымыздың сапасын арттырып, тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін алаң болып отыр.
— Екі ел арасындағы сауда қарым-қатынасы қандай?
— Жаһандық дағдарысқа байланысты екіжақты сауда көрсеткіші аса жоғары деңгейде емес. Алайда, бүгінгі форум екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттырып, екі ел арасындағы тауар айналымына жаңа серпін береді деп сенемін. Соңғы мәліметтер бойынша, 2017 жылы Қазақстан мен Эстония арасындағы тауар айналымы $31,6 млн құрады. Оның ішінде экспорт — $11,1 млн, ал импорт $20,534 мың болды. 2018 жылдың бірінші жартысында екі ел арасындағы тауар айналымы $19,1 млн болды. Бүгінгі таңда Қазақстанда эстониялық капиталдың қатысуымен 70 компания жұмыс істейді.
Еліміз Эстонияға негізінен, битуминозды минералдардан алынған мұнай майлары (таза мұнайдан басқа), мыс, өнделмеген алюминий, жарықдиодты шам, темір өнімдері мен зығыр майы, бадам, қауын және тағы басқа тағам өнімдерін экспорттайды.
— Орта Азияда қолайлы инвестициялық ахуал бойынша 1 орында тұрған Қазақстанға эстониялық инвесторлар қызығушылық танытып отыр ма?
Әрине, қызығушылық танытып отыр. Олардың экономикалық құрылымы бізден бөлек. Алайда, бұл айырмашылық екі елге де үлкен мүмкіндік береді. Эстониялық тарап біздің мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен бизнес өкілдеріне еліміздегі қай саланы дамытуға ниетті екенін жеткізіп, жобаларын таныстырып үлгерді. Егер цифрландыруда үздік боп саналатын эстониялықтардың инвестициялық жобалары елімізде жүзеге асырылса, бұл көліктік-логистикалық шығындарды азайтып, еліміздің экспорттық әлеуетін арттырады.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу