Қазақстан әзірлеген лак-бояу материалдарының қауіпсіздігі жөніндегі техникалық регламент ЕАЭО-да қабылданды

13 наурызда Мәскеу қаласында өткен Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің кезекті отырысында Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) «Лак-бояу материалдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті қабылданды. Қазақстан делегациясын Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин басқарды.

Аталған құжатты Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әзірлеген. Техникалық регламент 2028 жылдың  1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Құжат ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер аумағында қолданылатын лак-бояу материалдарының қауіпсіздігіне қойылатын міндетті талаптарды, сондай-ақ оларды таңбалау тәртібін белгілейді.

Регламент талаптары бояулар, лактар, грунтовкалар, грунт-эмальдар, су-дисперсиялы лак-бояу материалдары, олифалар, сәндік сылақтарға және басқа да осы санаттағы өнім түрлеріне қолданылады. Жаңа құжат лак-бояу материалдарының адам денсаулығы қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды күшейтеді.

Атап айтқанда, оларды өндіру барысында сынап, кадмий сияқты ауыр металдарды, жартылай металл болып саналатын мышьякты, сондай-ақ ЕАЭО елдері аумағында тыйым салынған оңай буға айналатын органикалық қосылыстарды пайдалануға жол берілмейді. Сонымен қатар өнім құрамындағы қорғасынның шекті рұқсат етілген мөлшері белгіленеді.

Бұдан бөлек, лак-бояу материалдары нарыққа шығарылар алдында міндетті түрде санитариялық-химиялық, токсикологиялық, одориметриялық және басқа да зертханалық сынақтар мен бағалаудан өтуі тиіс. Бұл талаптар өнімді тұрмыста және құрылыс саласында пайдалану кезінде адам денсаулығына зиян келтірмеуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жиын барысында қаптамадағы жекелеген кондитерлік өнімдерді таңбалау енгізу туралы шешім де қабылданды. Бұл тізімге шоколад және какао өнімдері, имбирь печеньесі, какаосыз қанттан жасалған кондитерлік өнімдер, тәтті құрғақ печенье, вафли, тәтті қоспалары бар ұн және нан-тоқаш өнімдері, қантқа батырылған жемістер, жаңғақтар мен көкөністер және басқа да өнім түрлері енгізілген.

Басқа таңбаланатын тауар санаттарындағыдай, таңбалау жүйесі ЕАЭО-ға мүше барлық елде бір мезгілде енгізілмейді. Әр мемлекет бизнес қауымдастықпен талқылау жүргізіп, инфрақұрылымның дайындық деңгейін талдағаннан кейін енгізу мерзімі мен тетіктерін дербес айқындайды.

Сонымен қатар 2026–2030 жылдарға арналған ЕАЭО-ның статистика саласындағы интеграциясын дамыту бағдарламасы бекітілді. Құжат Одақтың статистикалық жүйесін одан әрі жетілдіруге және мүше мемлекеттерді тауарлар, қызметтер, капитал мен еңбек ресурстарының ортақ нарықтарының жұмыс істеуі мен дамуын талдау үшін сапалы статистикалық деректермен қамтамасыз етуге бағытталған.

Жалпы отырыста тұтынушылардың құқықтарын қорғау, кедендік реттеу, кедендік-тарифтік саясат, техникалық реттеу, сондай-ақ ЕАЭО-ның интеграцияланған ақпараттық жүйесін дамыту бағыттарындағы интеграциялық үдерістерді жетілдіруге қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

#ЕАЭО #Сауда #Серік Жұманғарин #Халықаралық ынтымақтастық

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу