Қазақстан диқандарды егістік суымен қамтамасыз ету бойынша көршілес елдермен жұмыс жүргізіп жатыр

Бүгін Үкімет отырысында вегетациялық кезеңде су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі қаралды. Онда экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова және ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, сондай-ақ Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасады.

Экология министрі З. Сүлейменованың айтуынша, соңғы жылдары суармалы егіншілік дамыған еліміздің оңтүстік өңірлерінде су тапшылығы қатты сезіліп отыр. Осы жылдың вегетациялық кезеңін тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін 2022 жылдың желтоқсанынан бастап дайындық жұмыстары басталды.

«2022-2023 жылдардың вегетацияаралық және вегетациялық кезеңдеріндегі жұмыс жоспары бекітілді, оның шеңберінде қазіргі уақытта келесі бағыттарды қамтитын сыртқы және ішкі іс-шаралар жүзеге асырылып келеді», — деді З. Сүлейменова.

Бұл іс-шаралар келесі бағыттарды қамтиды.

  • диқандарды егіндік сумен және жоғарғы ағыста орналасқан су қоймалардан қосымша су жіберуді қамтамасыз ету бойынша іргелес мемлекеттермен жұмыс;
  • гидротехникалық құрылыстардағы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары;
  • суару жүйесінің магистралдық және шаруашылықаралық каналдарын тазалау;
  • су үнемдеу технологияларын ендіру.

Бірінші бағыт бойынша, 10 мамырда Душанбе қаласында Мемлекетаралық үйлестіруші Су шаруашылығы комиссиясының 84-ші отырысы шеңберінде Нарын-Сырдария су қоймалары каскады жұмысының болжамды режимі келісілді, соған сәйкес Шардара су қоймасына вегетациялық кезеңде келетін су 4,2 млрд м3 құрауы тиіс, «Достық» каналы бойынша 920 млн м3 көлемінде су беру жоспарланған. Қазіргі уақытта жоспарланған су жіберу кестесі толық көлемде орындалмай келеді, осыған байланысты Министрлік бекітілген кестеге сәйкес келетін суды қамтамасыз ету бойынша контр-серіктестермен жұмыс жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар 22 маусымда Қазақстан – Тәжікстан – Өзбекстан үшжақты форматта осы жылдың маусым-тамыз айларына арналған «Бахри-Точик» су қоймасы жұмыс режимінің кестесі бекітілді. Оның шеңберінде вегетация шыңына «Достық» каналының қазақстандық бөлігіне қосымша 490,8 млн м3 су түседі деп күтіліп отыр.

Шу және Талас өзендерінің бассейіндері бойынша мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы нысандарының су беру кестелері бекітілді. Мәселен, 2023 жылдың вегетациялық кезеңінде Шу өзені бойынша жалпы келетін судың көлемі – 153,95 млн м3, Талас өзені бойынша – 178,42 млн м3 құрап отыр.

 Одан әрі Экология және табиғи ресурстар министрі жекелеген өңірлердегі су шаруашылығы жағдайына тоқталды.

«Жамбыл облысы бойынша бүгінгі күні мұздықтардың әлсіз еруі салдарынан Қырғызстан аумағындағы су қоймаларының аз толуына байланысты шиеліністі жағдай байқалады. 2023 жылғы вегетациялық кезеңге арналған Қырғызгидрометтің алдын ала болжамына сәйкес, Шу және Талас өзендерінің су көлемі нормадан 100-ден 120%-ға дейін деп болжанған. Бұл ретте келіп жатқан су мен су қоймаларының толықтығына мониторинг жүргізу болжамның расталмағанын көрсетеді. Қырғызстан Су ресурстары қызметінің мәліметінше, бұл өзендердегі су көлемі нормадан екі есе төмен болып шықты», — деп айтып өтті ол.

Суды ұтымды пайдалану және егінді сақтау мақсатында Жамбыл облысының әкімдігіне су беру кезінде басымдықты айқындау, су айналымын және суару кезектілігін қатаң сақтау ұсынылды. Сонымен қатар Жамбыл облысында өңірдің сумен қамтамасыз етілуіне теріс әсер ететін бірқатар проблемалар анықталды. Мәселен, бүгінде нақты пайдаланылатын суармалы жерлер туралы нақты мәлімет жоқ екені белгілі болды. Әкімдіктің мәліметі бойынша 181 мың га суармалы жер бар, ал осы жылы жасалған шарттар бойынша «Қазсушар» тек 93,6 мың га жерге ғана су береді.

Бұл ретте, богарлы жерлерді қолданыстағы каналдарға қосу арқылы суармалы жерлерге ауыстыру фактілері бар, бұл каналдардың соңғы бөлігін сумен қамтамасыз етуге теріс әсерін тигізуде. Жекелеген шаруа қожалықтары алқаптарға егін егіп, «Қазсушар» РМК-мен су беру туралы шарт жасаспаған, бұл жалпы сумен қамтамасыз ету бойынша жағдайды бұрмалайды.

Магистральдық каналдарға сорғыларды заңсыз қосу фактілері бар. Мысалы, Тасөткел МК бойынша 200-ден астам осындай сорғылар бар. Осындай су пайдаланушылармен шарттар жасасу және су бұруды есепке алу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, дақылдарға су берудің басымдылығын анықтап, су айналымы мен суару ретін қатаң сақтау қажет», — деді Зүлфия Сүлейменова.

Түркістан облысы бойынша сәуір айынан бастап Шардара су қоймасына су аз келуде. Осы жылдың 1 сәуірі мен 30 маусымы аралығында Шардара су қоймасына 2,23 млрд м3 су түседі деп күтілген (МҮСК болжамды кестесіне сәйкес), бірақ іс жүзінде 1,291 млрд м3 (58%) су түсті.

Сондай-ақ, Қазгидромет пен Узгидрометтің болжамы бойынша вегетациялық кезеңге Сырдария бассейні өзендеріндегі су көлемі нормадан төмен және нормаға жуық болады деп күтілді. Осыған байланысты Сырдария өзенінен тұрақты суаруға су пайдалану лимиті Бассейндік инспекция арқылы қысқартылды. Түркістан облысының әкімдігіне ылғал сүйгіш дақылдарды қысқартуды, сондай-ақ Мақтаарал және Жетісай аудандарында күріш екпеу туралы ұсыныстар берілді.

Осыған қарамастан, биыл Түркістан облысы бойынша күріш егу алаңы 2022 жылмен салыстырғанда 2,35 мың гектарға, яғни 1,5 мың гектардан 3,853 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Бұл ретте, Жетісай ауданында күріш алқабы 5,5 есе, Мақтаарал ауданында 15 есеге ұлғайды.

Сонымен қатар мақта егістігі бастапқыда жоспарланғаннан 5,29 мың гектарға, яғни 79,7 мың гектардан 84,990 мың гектарға дейін ұлғайтылды.

Сондай-ақ облыста су шаю және сумен ылғалдау жұмыстары су тасқыны азайғаннан соң бір айдан кейін басталды, бұл наурыз айында Шардара су қоймасынан машиналық су беру каналын қосу қажеттілігіне әкелді. Ылғал сүйгіш дақылдар алқаптарының ұлғаю себебінен суға деген қажеттіліктің артуына байланысты Министрлік мамыр айында егістік суының тапшылығы шиелінісін төмендету мақсатында машиналық каналды қайта қосуға мәжбүр болды.

Сонымен қатар Министрліктің ұсынымын орындамау салдарынан, «Тұран Су» коммуналдық кәсіпорнымен Арыс өзенінің ағын режимін дұрыс реттемеу себебінен Отырар ауданын егістік суымен қамтамасыз ету мәселесі өткір көтерілді. Қазіргі уақытта ЭТРМ судың барынша жетіспеушілігін болдырмау үшін Бадам су қоймасынан санитарлық су жіберуге мәжбүр, әйтсе де тәжірибе бойынша одан су жіберу шілде мен тамыз айларында жүзеге асырылуы керек болатын.

Сондай-ақ Қызылорда облысында да Шардара су қоймасына судың аз түсуіне байланысты шілде айында суармалы жерлерді, әсіресе күріш дақылдарын сумен қамтамасыз ету бойынша шиеленісті жағдайдың туындауы жоққа шығарылмайды. 2023 жылы күріш дақылын 83,9 мың га алқапқа егу жоспарланып, іс жүзінде 88,107 мың га егілді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 9,8 мың га артық. Айта кету керек, Министрлік тарапынан облыста күріш алқабын қысқарту қажеттігі бірнеше рет ескертілген болатын.

Су тапшылығына байланысты Бассейндік инспекциямен тұрақты суару үшін суды пайдалану лимиті қысқартылды.

«Алматы облысы бойынша және Жетісу облысы бойынша су шаруашылығы жағдайы тұрақты. Осы облыстардағы барлық су қоймалар вегетациялық кезеңге бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істеп келеді. Жалпы Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарындағы су шаруашылығы жағдайы шиеленісті болып қала береді. Жағдай тұрақты бақылауда және Министрлік су тапшылығының салдарын жеңілдету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады», — деді ол.

Сонымен қатар облыс әкімдіктері қосымша келесі шараларды қабылдауы қажет:

  1. қалыптасқан жағдай және қабылданып жатқан шаралар бойынша ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет;
  2. «Қазсушар» РМК филиалдарымен бірлесіп, су берудің онкүндік жедел кестелерін құра және сақтай отырып, жоспарлы тәулік бойы су пайдалануды, коллекторлық-дренаждық суларды қайта пайдалануды ұйымдастыру қажет;
  3. «Қазсушар» РМК-мен келісілген гидротехникалық құрылыстардың жұмыс режимін қамтамасыз етуге және Министрліктің ұсынымдарын қатаң сақтау қажет.

Ауыл шаруашылығы министрлігі оңтүстік облыстардың суармалы жерлерінде су үнемдеу технологияларын енгізуді ұлғайту жөніндегі жұмысты жандандыру және суармалы жерлердің мелиоративтік жай-күйіне мониторингті күшейту қажет.

Ары қарай ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев суару және суды тұтыну туралы айтты.

Министр айтып өткендей, биылғы көктемгі егіс жұмыстары барлық өңірлерде оңтайлы агромерзімде сәтті аяқталды. Суармалы егіншілікті дамытуға ерекше назар аударылады, өйткені ол су тапшылығы циклінің жалғасуы және жаһандық климаттың өзгеруі жағдайында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ауыл шаруашылығы өндірісінде маңызды рөл атқарады.

Мәселен, облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша биыл 1,58 млн га суармалы жер өңделеді. Былтырғы алынған су көлеміне сүйенетін болсақ, 1,58 млн га жерді суару үшін 11,4 млрд текше метр су қажет болса, оның негізгі үлесі күріш және азықтық дақылдарды суаруға пайдаланылады. Сондай-ақ 1 млн 126 мың га немесе жерлердің 71%-ы жерүсті әдісімен суарылады, 97,9 мың га – күріш алқаптарын су жаю арқылы, 278,6 мың га алаңда немесе 17,6%-ында заманауи тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері пайдаланылады.

«Суды көп қажет ететін және монодақылдардың алаңдарын әртараптандыру бойынша жоспарлы жұмыс жалғасуда. Мәселен биыл өзге де жоғары рентабельді дақылдарға көшу есебінен мақта алаңы 14,8 мың гектарға азайды. Сонымен қатар күріш егістері бойынша күрт төмендеу әлі байқалған жоқ. Негізгі себеп – дақылдың әлеуметтік маңыздылығы, сондай-ақ Қызылорда облысында топырақтың тұздануы», — деп айтып өтті Е. Қарашөкеев.

Өз кезегінде Қызылорда облысының әкімдігі күріш егістерін 78 мың гектардан 88,1 мың гектарға ұлғайтуға соңғы жылдары республикалық және жергілікті бюджет есебінен каналдарды реконструкциялау, сорғы стансаларын сатып алу, сондай-ақ су дипломатиясы бойынша жұмысты күшейту бойынша жұмыстар жүргізілуі себеп болғандығын мәлімдейді.

Ауыл шаруашылығы министрі су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жұмыстарға тоқталды.

Біріншіден, инвестициялық субсидиялау шеңберінде фермерлердің су үнемдеу технологияларын сатып алуға, сондай-ақ су алу және беру жөніндегі негізгі инфрақұрылымды жүргізуге жұмсаған шығындарының 50%-ы өтеледі.

Екіншіден, ҚР-да жобаларды өз қаражаты есебінен іске асыру мүмкіндігі бар инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, израилдік «METZERPLAS» компаниясы осы күзде тамшылатып суаруға арналған құбырлар шығаратын зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар қытайдың VODAR компаниясы мен түріктің AFKO компаниясы жаңбырлатқыш машиналар шығаратын зауыттар ашуды жоспарлап отыр.

Үшіншіден, су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау жүзеге асырылады, мұнда бір текше метр суға бөлінетін субсидиялардың мөлшері тарифтердің пайыздық қатынасына қарай 50%-дан 85%-ға дейін сараланған түрде белгіленеді.

Мемлекет басшысы өз жолдауларында әрқашан су ресурстарының есебіне ерекше көңіл бөліп келеді. Осыған байланысты және Су кодексінің талаптарына сәйкес Сумен жабдықтауды субсидиялау қағидаларына су көлемін есепке алу аспаптары мен қондырғыларының көрсеткіштері бойынша бөлу нүктесінде диқандарға жеткізілген судың көлемін айқындау бөлігінде өзгеріс енгізілді.

Бұдан басқа, Аудиторлық палатаның нұсқамасына сәйкес суару әдістеріне байланысты су беру бойынша субсидияларды саралау жұмысы жүргізілуде, яғни субсидияларды бұрынғы деңгейде су үнемдеу технологияларын қолданатын фермерлер ғана алатын болады. Бұйрықтың тиісті жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұр.

«Сонымен қатар фермерлердің ұңғымаларды бұрғылау шығындарын өтеу үлесін жергілікті бюджет есебінен 80%-ға дейін ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. Мүдделі тараптармен келісілгеннен кейін аталған өзгерістер заңнамада белгіленген тәртіппен инвестициялық субсидиялау қағидаларына енгізілетін болады. Осыған байланысты, су беру, сондай-ақ суды есепке алу бойынша қызметтер көрсету мәселелері Экология және табиғи ресурстар министрлігіне бекітілгенін ескере отырып, оларға облыс әкімдіктерімен бірлесіп фермерлер арасында есепке алу аспаптарын немесе өлшеу аспаптары мен қондырғыларын таңдау және орнату бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынамыз», — деді Е. Қарашөкеев.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша соңғы 5 жылда орта есеппен 1,2 млн га суарылып келеді. Сумен жабдықтаудың болмауы нәтижесінде жыл сайын шамамен 300 мың га суарусыз пайдаланылады, яғни суды арналар арқылы тасымалдау кезінде нормативтен тыс үлкен шығындар орын алады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес суды ұтымды пайдаланбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Алайда, бүгінгі таңда су шаруашылығы ұйымдарын суды ұтымсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тарту туралы бірде-бір факт жоқ.

Сонымен қатар қазіргі уақытта жекелеген өңірлердегі суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету жағдайы алаңдаушылық туғызып отыр. Бұл негізінен мемлекетаралық бірлескен су шаруашылығы нысандарынан судың тұрақсыз жеткізілуіне байланысты.

Осыған байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі облыстар әкімдіктерімен бірлесіп, желіні жабуға көше отырып шаруашылықаралық және шаруашылық ішіндегі арналарды қайта құру жөніндегі арнайы бюджеттік бағдарламаны әзірлеу жөніндегі жұмысты жеделдету қажет.

Су ресурстарын басқару мәселелері Экология министрлігінің құзыретіне өткеніне қарамастан, Министрліктің атына шаруалардан хаттар мен өтініштер келіп түсіп жатыр. Егістік суын беру бойынша қызметтер көрсету рәсімдерінің қолжетімділігін, ашықтығын және оңайлатылуын қамтамасыз ету мақсатында Министрлік Экология министрлігіне облыстар әкімдіктерімен бірлесіп:

  • диқандарға су беру қағидаларын бекітуді;
  • диқандарға су беру процесін автоматтандыруды;
  • коммуналдық және жеке су шаруашылығы ұйымдарын құру жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды;
  • суару тәсілдері бойынша тарифті бекіту, яғни су үнемдеу технологияларын пайдаланушылар үшін бір тариф, жер үсті суару әдісі үшін басқа тариф қарастыруды ұсынады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі облыстар әкімдіктерімен бірлесіп суару мақсаттары үшін жер асты суларына геологиялық зерттеу жүргізуді қамтамасыз етуі қажет.

Өз кезегінде Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов облыста суармалы жер көлемі 182 мың гектарды құрайтынын, оның ішінде 107 мың гектар тиісті нормативтерге сәйкес сумен қамтамасыз етілетінін, ал 75 мың гектары тәліми алқап ретінде пайдаланылатынын айтты. 

Оның айтуынша, маусым ішінде қажетті судың 85%-ы көрші мемлекеттен келеді. Соңғы жылдары Шу және Талас өзендері арқылы келетін судың белгіленген көлемнен 25-50%-ға дейін азайып кетуі орын алған.

«Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары Қырғызгидрометтің вегетациялық кезеңдегі Шу және Талас өзендері суының көлемі бойынша берген мәліметіне және Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Қырғыз Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары қызметі арасындағы бірлескен хаттамаға сәйкес Талас өзені бойынша 62 мың га, ГМК каналы бойынша 28 мың га орналастырылды. Дегенмен, келіп түсетін судың мониторингі және су қоймаларының толуы Қырғызгидрометтің берген мәліметінің расталмағанын көрсетеді. Нәтижесінде 2023 жылғы 1 шілдеде су тапшылығы Талас өзені бойынша 254 млн м3 және Шу өзені бойынша 217 млн м3 болып отыр. Соның салдарынан егілген алқаптың 30-35%-ына су толық жетіспей келеді», — деп айтып өтті облыс басшысы.

Қазіргі таңда Киров су қоймасындағы судың көлемі 170 млн м3 құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 165 млн м3 аз. Киров су қоймасына түсетін және тасталатын судың көлемі сақталған жағдайда тамыз айының ортасында су тапшылығы орын алуы мүмкін.

Ағын суға тәуелділікті азайту үшін 2019 жылдан бастап, облыстың 6 ауданында Халықаралық қаржы институттарының несиесі есебінен 69 мың га алқапта жалпы құны 40 млрд тг құрайтын 2 жоба жүзеге асырылуда.

Бүгінде жобалар аясында 20,5 млрд тг игеріліп, 34 мың га суармалы алқапқа су жеткізу жақсарды. 

Сонымен қатар су тапшылығы мәселесін шешу үшін республикалық бюджет есебінен жаңа 3 су қоймасын салу, 4 су қойманы және 1 гидрологиялық бекетті қайта жаңғырту көзделген.

Осы жұмыстарды Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан белгіленген мерзімде орындау ұсынылады.

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан су тапшылығын шешу мақсатында 2021 жылы су жүйелерін қалпына келтірудің өңірлік жол картасы әзірленді.

Жол картасы аясында: 

Бірінші: 2023-2025 жылдары 257 су каналдарын жөндеу жоспарлануда. Қазір каналдарды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар жергілікті бюджет есебінен дайындалуда. Оның ішінде 56 канал бойынша 6,4 млрд теңгеге жобалар дайын. Жалпы 257 су каналын қалпына келтіру үшін болжамды 40 млрд теңге қажет. 

Екінші: Жалпы өңірдегі жер асты суының болжамды көлемі 1,7 млрд м3. Оның ішінде тәулігіне қайта қалпына келетін 4,5 млн м3 су қоры бар. Вегетациялық кезеңде 535 млн м3 суды пайдалануға болады. Сондықтан, су тапшылығы бар аудандарда жер асты суын алу үшін 646 ұңғыма қазу жоспарланған. Бүгінге 103 ұңғыма қазылып, 3,8 мың гектар алқапқа су жеткізілді.

Осы жұмыстарды жандандыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігіне инвестициялық субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу барасында егістікке арналған ұңғымаларды бұрғылау және инфрақұрылымдарды субсидиялау мөлшерін 80%-ға дейін ұлғайтуға ұсыныс берілді. Оның ішінде 30%-ы жергілікті бюджет есебінен төленеді.

Үшінші: Жергілікті бюджет есебінен сыйымдылығы 5,6 млн м3 жаңа 11 су қоймасын салу көзделуде. Жалпы 2025 жылға дейін 14 су қойма соғылып, 226 млн м3 су қосымша жиналады. 

Төртінші: Жылдан жылға облыста су үнемдеу технологиялары енгізілген алқаптар ұлғайып келеді. Бұл көрсеткіш 2021 жылы 40 гектар болса, биылғы жылы 57,2 мың гектар болды.

Қорытындылай келе өңір әкімі алдағы 3-4 жыл ішіндегі атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде Қырғыз Республикасынан алынатын су көлемінің қажеттілігін 85%-дан 40%-ға дейін азайтуға болатынын, мәселе тұрақты бақылауда екенін айтты.

Дархан Сатыбалды Түркістан облысындағы қазіргі жағдайды баяндады. Онда биыл 860 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, оның 489 мың гектары суармалы жер. Облыстың басым бөлігінде вегетациялық маусым қалыпты деңгейде жүргізіліп келеді.

Қазіргі таңда шаруаларды ағын сумен қамтамасыз ететін Бөгенсу қоймасында 173 млн текше метр су бар. Ал, Өзбекстаннан бастау алатын «Зах», «Ханым», «Үлкен Келес» магистралды каналдары арқылы секундына 65 текше метр ағын су жоспарға сәйкес жеткізіліп отыр.

Бұл ретте, облыстың оңтүстік аймақтарын ағын сумен қамтамасыз ететін «Достық» мемлекетаралық магистралды каналынан ағын су жыл сайын бекітілген лимиттен кем алынып келеді. Нәтижесінде, Мақтаарал, Жетісай аудандарында суармалы жерлерде ағын су тапшылығы орын алып отыр. Аталған аудандар «Достық» каналына тікелей тәуелді.

Жыл басынан бері 603 млн текше метр ағын су алу жоспарланса, нақты алынғаны 434 млн текше метрді құрайды немесе 28%-ға аз босатылған.

Осы мәселені шешу үшін Шардара су қоймасынан Машиналық канал арқылы «Достық» магистралды каналына қосымша 40 млн текше метр ағын су тасталынды.

Сондай-ақ биыл 22 маусымда Қазақстан-Өзбекстан-Тәжікстан арасында үкіметаралық келісөздердің нәтижесінде, «Бахри-Точик» («Қайрақұм») су қоймасынан «Достық»магистралды каналына вегетациялық кезеңде 491 млн текше метр су босату жөнінде үш жақты келісім жасалып, кесте бекітілді.

«Облыстың оңтүстік аймақтарын ағын сумен қамтамасыз ету бойынша бірқатар өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, облыстағы су нысандарының 75%-ының тозығы жетіп, су шығыны 40%-ды құрап отыр. Бұл мәселені шешу үшін су нысандарын кезең-кезеңмен бетонмен қаптап, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет», — деді Д. Сатыбалды.

Оның мәліметінше, Машиналық каналды күтіп ұстау шығыстарына осы жылға 464 млн теңге қаржы қаралған, дегенмен, бұл қаржы вегетациялық маусымды оңтайлы өткізу үшін жеткіліксіз болып тұр.

Ол өз кезегінде облыстағы су нысандарының басым бөлігі республикалық меншікте екенін ескере отырып, салалық Министрлікке аталған мәселелерді бақылауға алу бойынша тиісті тапсырма беруді сұрады. 

Сонымен қатар облыстағы вегетациялық маусымды қалыпты деңгейде өткізу үшін әкімдік тарапынан барлық қажетті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

Қызылдорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өз кезегінде өңір топырағының тұздылығы әсерінен күріш пен жоңышқадан басқа дақылдар үшін қолайлы еместігін айтып өтті. Оның айтуынша, облыс халқының 60%-ы ауылдық жерде тұратындықтан, олардың негізгі табыс көзі – күріш егу. 

Табиғи климат жағдайына қарай күріш өсіру бағыты таңдалған Сыр өңірінде Кеңес үкіметі кезінде 178 мың гектар инженерлік тегістелген ауыспалы егістікте 110-120 мың гектар көлемінде күріш егілген, яғни күріштің үлесі 67% көлемінде болған.

«Бүгінгі таңда су тапшылығына қарай ауыспалы егістегі күріштің орташа үлесі 50% немесе күріш алқабын 89 мың гектардан асырмауға мәжбүрміз. Сырдария өзені бассейндегі су тапшылығын ескере отырып соңғы 2 жылда суды аз қажет ететін мал азығы және бақша өнімдерінің егіс көлемін ұлғайтып күріш көлемін 11 мың гектарға қысқартық», — деді өңір басшысы.

Осының салдарынан өңірдегі өндірілетін өнім көлемі мен халықтың табысы біршама төмендеп, шаруашылықтардың берешек қарыздарының өсуі және тұзданған егістік жер көлемінің ұлғаюуы орын алды. 

Бүгінде республикада күріштің бағасы 25,8%-ға өсті. Сарапшылар Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде және Ресейдің Краснодар өлкесіндегі күріш егісі көлемі қысқарып, өнім тапшылығы 8,7 млн тоннаны құрайтынын, сондай-ақ Бүкіләлемдік банк сарапшылары 2024 жылы күрішке сұраныс артып, бағасының өсетінін мәлімдеп отыр. 

Биыл облыста белгіленген су лимитіне сәйкес 195 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Жыл басында Шардара мен Көксарайда су көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 2,3 млрд текше метрге артық жиналуы және Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында Шардараға вегетациялық кезеңде 4,2 млрд текше метр судың түсуі болжанды. 

Жыл басында 84 мың гектар шамасында күріш көлемін жоспарлағанмен жоғарыда атап өтілген себептерге байланысты 88 мың гектар шамасында егілді.

Өкінішке қарай, бүгінде түрлі себептермен Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының болжамы орындалмай келеді.

1 сәуірден 1 шілдеге дейін 2 млрд 230 млн текше метр судың түсуі болжанса, нақты 59% немесе 1 млрд 325 млн текше метр түсті.

Жағдай күрделі, бірақ жауапты министірліктермен және шаруалармен бірлесіп егінді судан қалдырмау шаралары қабылдануда. Облыста арнайы жұмыс тобы құрылып шаруашылықтарға судың кезекпен берілуі бақылауға алынған. Жоғары орналасқан жерлерге су жеткізу және қашыртқыдағы суды екінші мәрте қолдану үшін 351 сорғы пайдаланылып отыр. 

«Су тапшылығы жағдайында суды тиімді пайдаланудың жолы – су бөлу мен оны есепке алуды автоматтандыру қажет. Сондықтан, біз Аустралияның «Рубикон» компаниясының суды бөлу және есептеуді автоматтандыру тәжіриебесін қолға алудамыз. Биыл 35 гектар күріштікке «Рубикон» компаниясының су бөлу және есептеу қондырғыларын орнатып, жерді лазермен тегістеу арқылы суды артық пайдаланудың 30%-ға дейін азайғанын байқатты. Бұл тәжірибе алдағы уақытта барлық шаруашылықта қолданысқа енгізу жұмыстарын қолға алуға мүдделіміз. Үкіметтің күріш бағасын тұрақтандыру саясатына сәйкес, біз былтыр да, биыл да еліміздің өзге өңірлеріне арзандатылған бағамен күрішті сатудамыз», — деді ол.

Биыл Азық-түлік корпорациясы арқылы 6,1 мың тонна және 24 маусымда өткізілген күріш жәрмеңкесі кезінде өңірлердің Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларына 10 мың тоннаның үстінде форварддық тәсілмен өнім сатуға келісім жасалды.

«Қиындықтарға қарамастан Үкімет басшылығының жоғары ағыста орналасқан мемлекеттермен келіссөздер жүргізіп және министрліктермен, шаруалармен бірлесіп қабылданып жатқан шаралардың арқасында егінді суымен қамтамасыз етіп, азық-түлік бағасын тұрақтандыруға өз үлесімізді қосамыз», — деп түйіндеді сөзін Н. Нәлібаев.

#су ресурстары #ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі #ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу