«Қазақстан халқына» қорын құру орфандық аурулармен ауыратын науқастар үшін қымбат тұратын медициналық қызметтер мен дәрілердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді — ҚР ДСМ

Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният тапсырмаларды іске асыру шаралары туралы айтып берді.

Бірінші. КВИ бар пациенттерге тиімді медициналық көмек көрсету мақсатында уақытылы диагностикалауды және амбулаториялық емдеуді қамтамасыз ете отырып, МСАК ұйымдарының жұмысы жалғастырылатын болады.

Екінші. Бүгінгі таңда 14 мыңнан астам инфекциялық төсек-орын қолданыста, елімізде қосымша 50 мыңға дейін инфекциялық төсек-орын ашуға дайындық бар.

Үшінші. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, КВИ диагностикасы мен емдеудің клиникалық хаттамаларына одан әрі енгізу үшін жаңа препараттардың тиімділігі зерделенетін болады.

Төртінші. Халықты вакцинациялау және қайта вакцинациялау жалғасады. Ол үшін шамамен 6,5 млн доза вакцинаны қосымша сатып алу бойынша шаралар қабылдануда.

Бесінші. Қалыптасып отырған эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, ел ішінде де, мемлекеттік шекарада да қосымша шектеу шаралары жедел енгізілетін болады.

Министр Мемлекет басшысының «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құру жөніндегі тапсырмасын орындау барысы туралы баяндады.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қоғамдық қор – жеке тұлғалар немесе заңды тұлғалар – қоғамдық бірлестіктер құрған қор. Қор қызметінің саласы әлеуметтік және мәдени қызметтің әртүрлі аспектілерін (денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, әлеуметтік инфрақұрылым, болған жойқын-қирату салдарын қалпына келтіру және қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасын қолдау) қамтитын болады. Қорды қаржыландыру жеке және мемлекеттік көздерден жүзеге асырылады. Халықаралық қайырымдылық ұйымдарының көмегін, лотерея қызметі операторының, ставкаларды есепке алу орталығының және басқа да монополистердің міндетті аударымдарын және ірі бизнес субъектілері тарапынан Қорға тұрақты аударымдарды тарту жоспарлануда», — деді денсаулық сақтау министрі.

Осыған байланысты Қордың құрылтайшысы ретінде әрекет ететін қоғамдық бірлестікті айқындау, сондай-ақ іске асыру тетіктерін әзірлеу үшін азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен Үкімет жанынан жұмыс тобын құру ұсынылады.

Денсаулық сақтау министрлігі «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының қаражатынан орфандық аурулары бар балаларды емдеуге арналған болжамды шығындардың есебі мен дәрілік заттардың тізбесі бойынша ұсыныстар енгізеді.

Балалардың денсаулығын сақтау саласында сирек (орфандық) және ауыр аурулары бар балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету неғұрлым өзекті болып табылады. 

«Әлемдегі ешбір ел өте жоғары шығындарды ескере отырып, барлық орфандық ауруларды толық қаржыландырмайды. Сондықтан да, Қорды құру орфандық аурулармен ауыратын науқастар үшін қымбат тұратын медициналық қызметтер мен дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді», — деді А. Ғиният.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу