08 Шілде 2026, 19:55
Серік Жұманғарин Ghazanfar Bank төрағасы Мұхаммед Исмаил Газанфармен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы қаржылық-банктік ынтымақтастықты дамыту мәселесін талқылады.
Серік Жұманғарин атап өткендей, Қазақстан Ауғанстанмен сауда-экономикалық байланысты нығайтуға зор мән береді. Өзара сауданың одан әрі өсуінің негізгі шартының бірі екі елдің шаруашылық жүргізуші субъектілері арасында есеп айырысудың үздіксіз жүргізілуін қамтамасыз ететін сенімді және ашық банк инфрақұрылымын дамыту.
Қазіргі уақытта 23 қазақстандық банктің екеуі ауған банктерімен корреспонденттік қатынастарды қолдайды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы трансшекаралық төлемдер мен ақша қаражатын аудару көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 26%-ға ұлғайып, 140 млрд теңгеге жетті. Бұл ретте көрсетілген кезеңде тауарлар мен қызметтер үшін төлемдер көлемі бес есеге өскен.
Тараптар банктер арасындағы корреспонденттік қатынасты кеңейту, тікелей банк арналарын құру, трансшекаралық төлемдер тетігін жетілдіру және сыртқы сауда операцияларын қаржылық сүйемелдеу перспективаларын талқылады. Қазіргі уақытта тағы бір қазақстандық банк Ghazanfar Bank-пен корреспонденттік шоттар ашу рәсімінен өтіп жатқаны атап өтілді.
Оң динамика өзара саудада да сақталады. 2026 жылғы қаңтар-сәуірдің қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы $342,4 млн-ға жетті, бұл 2025 жылғы ұқсас кезеңнің көрсеткішінен 2,3 есе ($150,6 млн) артық. Негізгі салым экспортпен қамтамасыз етіліп, оның көлемі $338,5 млн-ға жетіп, 2,3 есеге ұлғайды. Жеткізілімдердің өсуі, ең алдымен, бидай және бидай-қара бидай ұны, күнбағыс майы және басқа да өнімдер экспортының ұлғаюына байланысты.
Анықтама:
Ghazanfar Bank – Ауғанстандағы ең көне коммерциялық банктің бірі және 2009 жылдан бастап елдің Орталық Банкінің лицензиясы бойынша жұмыс істейді. Банк корпоративті және бөлшек клиенттерге дәстүрлі және исламдық банктік қызметтердің толық спектрін ұсынады. Соңғы төрт жыл ішінде Ghazanfar Bank Ауғанстан реттеушісі тарапынан банктердің қаржылық тұрақтылығын, басқару сапасын, өтімділігі мен сенімділігін бағалаудың ең жоғары көрсеткішінің бірі – CAMEL 2 рейтингін алды.
Банк Қазақстан, Түркия, БАӘ, Қытай, Үндістан, Өзбекстан, Бахрейн және тағы да басқа бірқатар елдегі қаржы институттарымен корреспонденттік қатынастарды қолдайды. Қазақстанда Ghazanfar Bank серіктесі Zaman bank болып табылады. 2025 жылы банк арқылы халықаралық төлемдер мен аударымдар, соның ішінде халықаралық ұйымдар мен бизнес үшін шамамен $1,3 млрд өтті.
Ghazanfar Bank кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл саласындағы (AML/CFT) халықаралық стандарттардың сақталуына ерекше назар аударады, қаржылық мониторингтің заманауи жүйелерін пайдаланады және қаржылық операциялардың ашықтығын қамтамасыз ету бойынша халықаралық ұйымдармен ынтымақтасады.



Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу